Аймақтар • 22 Қыркүйек, 2017

БҚО-да екі тұрғын 47 шақырымды төрт сағатта жүгіріп өтті

806 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданына қарасты Бостандық ауылында тұратын Еділжан Қосболов пен Мержан Серіков Қараөзен мен Сарыөзен арасын (47 шақырым) 4 сағат ішінде жүгіріп өтіп, ауылдастарының қошеметіне бөленді.

 

БҚО-да екі тұрғын 47 шақырымды төрт сағатта жүгіріп өтті

Еділжан мен Мержан – сыныптас достар, Бостандық орта мектебінде бірге оқып, бастауыш кластан-ақ бокс үйірмесіне, футболға қатысқан. Еділжан 9 сыныптан кейін Орал қаласында Ж.Досмұхамедұлы атындағы педагогикалық колледжінің денешынықтыру факультетінде оқыды. Жүгірумен де кәсіби түрде айналыса бастағаны сол кез. Мержан Құрманғазы атындағы саз колледжінің актерлік шеберлік факультетін тәмамдаса да спорттан қол үзбеген.

- Жігіттер таңғы сағат 6-да Жалпақтал ауылының тұсынан жолға түсті. Сөйтіп, төрт сағат бойы бір ырғақпен жүгіріп отырып, дәл таңертеңгі 10-да Бостандық ауылына келіп жетті. Біз марафоншылардың алдынан оқушыларды жиып, сән-салтанатпен күтіп алдық, - дейді ауылдағы орта мектепте тарих пәнінен сабақ беретін Нұрбек Мақсотов.

Бір сүйсінерлігі, Бостандық ауылында бұқаралық спорт жақсы дамыған. Оған орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болған Нұрбек Мақсотовтың үлкен үлесі бар екен. Бес жыл бұрын ауылда футбол үйірмесі ашылған, биыл қыздарды да қабылдай бастапты. «Бостандық биатлоны» да Нұрбек ұйымдастырған мықты сайыстың бірі болды. Жеңістің 70 жылдығына «9 мамырға – 9 шақырым» атты жарыс өткізіп, оның жүлдесіне арнайы күміс жүзік жасатыпты.

- Күмісін өзіміз тауып, шеберге 20 мың теңге беріп жасаттық ол жүзікті. Сол бәйгеден Еділжан озып келді. Мержан да мықты. Өзінің туған күнінде аудан орталығынан - 30 шақырым жерден жаяу жүгіріп келді ғой. Өздеріне мотивация беріп, үнемі алға ұмтылып жүреді, - дейді Нұрбек шәкірттеріне сүйсініп.

Айтпақшы, «денешынықтыру пәнінің мұғалімі» дипломы болса да Еділжанға ауыл мектебінде жұмыс жоқ. Жеке көлігімен қалаға адам тасып, күнін көріп жүр. Актерлық мамандығын игерген Мержан Оралда жастар театрында бірер ай жалақысыз қызмет етіп, ақыры тастап кетіпті. Қазір бос. Ара-тұра вагон түсіреді екен. Алайда спорттан қол үзбей, ұзақ қашықтыққа жүгіруге машықтанып жүр. «Келер жылы Оралдан Бостандыққа дейін жүгіріп барсақ» дейді желаяқ жігіттер. Ал ол дегеніңіз – 340 шақырымдық жол.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»