Қазақстан • 25 Қыркүйек, 2017

Әлеуметтік сала қызметкерлерінің тұңғыш форумы өтті

369 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстанның әлеуметтік сала еңбеккерлерінің форумына қатысты. Форумның мақсаты – халықты әлеуметтік қорғау саласында жинақталған тәжірибені талдап қорыту, негізгі бағдарларды анықтау, әлеуметтік сала еңбеккерлерінің рөлі мен олардың еңбегін қайта сараптау.

 

Әлеуметтік сала қызметкерлерінің тұңғыш форумы өтті

Форумға жиналғандарды құт­тықтаған Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Елба­сы Нұрсұлтан Назарбаев­тың «Қа­зақстан-2050» Стра­те­гиясында әлеу­меттік қауіпсіздік пен аза­мат­тардың әл-ауқатын артты­ру мәсе­лелеріне баса назар ау­да­рыл­ғанын атап өтті. Осы орай­да ол Қазақстанда әлеумет­тік дамы­ту­дың 2030 жылға дейінгі тұжырым­дамасы қабылданғанын, соған сәй­кес әлеуметтік салаларды да­мыту мақсатында мемлекет та­рапынан көмек көрсетіліп, жүйелі жұмыс жүргізілетінін мәлімдеді. 

Мемлекеттік хатшы заманауи жаһандық сын-қатерлер мемлекеттер алдына әлеуметтік саясатқа қатысты жаңа талаптарды көлденең тартып отырғанын атап көрсетті. Оның айтуынша, БҰҰ-ға мүше елдер 2030 жылға дейінгі орнықты даму мақсаттарын қабылдады. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, мемлекеттер азаматтардың өз мүмкіндіктерін кедергісіз, ал әлеуеттерін кеңінен пайдала­нуына, еңбек нарығында мейлінше ұзағырақ қалуына жағдай жасауы тиіс. Бұл үшін түрлі әдістер мен тетіктер қолданылады: қайта оқыту, оңалту бағдарламалары, жұмыс күшінің жинақылығын ынталандыру, еңбек жағдайын жақсарту және т.б. 

«Бүгінде Қазақстан үшінші жаңғыруды жүзеге асырып жа­тыр. Ел алдына адами капитал­дың сапасын және бәсекеге қабі­лет­тілігін арттыруға жағдай жасау, сондай-ақ барлық қазақ­стан­дық­тардың тұрмыс сапасының жоға­ры стандарттарына қол жеткі­зуін қамтамасыз ету жөніндегі мін­деттер қойылды», – деді Г.Әб­ді­қалықова.

Мемлекеттік хатшы 2009 жылы арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы заң қабылданған соң елі­мізде әлеуметтік қызметтер көр­сету жүйесін жаңғырту қолға алын­­ғанын сөз етті. Оның негізгі бағы­­тының бірі – әлеуметтік сала еңбек­керлері институтын қа­лып­­тас­тыру және дамыту. Мем­ле­­кет­тік хатшының пікірінше, атал­­­ған мамандықтың маңызы мен қо­­ғам­дағы орны ерекше. Сон­дық­тан, әлеуметтік қызметкерді қара­па­йым күтуші секілді жұмыс­шы деген түсініктен арылу күн тәрті­бін­де тұр. 

Г.Әбдіқалықованың сөзіне сүйен­сек, қазіргі жағдайға бейім ма­ман­­дар әзірлеу де маңызды мін­дет саналады. Мемлекеттік хатшы әлеуметтік қызмет саласындағы за­манауи жаңалықтарды енгізген сапалы бағдарлама керектігіне тоқталды. Сондай-ақ форумның күн тәртібіне әлеуметтік сала­дағы менеджмент, әлеуметтік қыз­меткерлерді даярлау және олар­дың біліктілігін арттыру, коммер­циялық емес ұйымдардың арнаулы әлеуметтік көмек көрсету ісіне атсалысу аясын кеңейту, еріктілік пен қайырымдылықты қолдау тәрізді өзекті мәселелер енген.

Мемлекеттік хатшының айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда 20 мыңға жуық әлеуметтік қыз­мет­кер бар. Елбасының «Бола­шақ­­қа бағдар: рухани жаңғыру» ат­ты мақаласында «Мақсатқа же­ту үшін біздің санамыз ісіміз­ден озып жүруі, яғни одан бұ­рын жаң­­ғы­рып отыруы тиіс. Бұл саяси жә­не экономикалық жаңғыру­лар­ды толықтырып қана қоймай, олар­дың өзегіне айналады», деп жаз­ғанын атап өтті Г.Әбдіқа­лықова.

Жиынға қатысқан Премьер-Министрдің орынбасары Ер­бо­лат Досаев форумның маңыз­ды­лығына тоқталып, Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың құттықтау хатын оқып берді. «Әрбір төртінші қазақстандық әлеуметтік қамсыздандыру жүйесімен қамтылған. Атаулы жұмыстың тиімді нысандары мен әдістері енгізілді. Әлеу­меттік мекемелердің жаңа түр­лері құрылып, әлеуметтік қыз­мет көрсету түрлері кеңейтіліп отыр. Бұл жұмыс әлеуметтік қыз­мет­керлердің, олардың жоғары кә­сібилігі және керемет ада­ми қасиеттерінің арқа­сын­да жа­са­лып келеді. Қазіргі таңда әлеу­меттік қорғау саласы бел­сенді жаң­ғыртылды» делін­ген Премьер-Министрдің құттық­тауында. 

Сонымен қатар, Үкімет бас­шы­сы өз құттықтауында әлеумет­тік және кәсіпкерлік идеяларын, қайырымдылық және еріктілік институттарын ілгерілетуге, ха­лықты әлеуметтік қорғау саласына инновациялық техноло­гияларды белсенді енгізуге және бизнесті тартуға жағдай жасау­ға ниетті екенін жеткізген. Пре­мьер-Министр бұл әдістер тұр­ғын­дардың, көмекке, ерекше күтім мен қамқорлыққа зәру адам­дардың өмір сүру сапасын жақсар­татынын атап өткен. 

Еңбек және халықты әлеумет­тік қорғау министрі Тамара Дүй­се­нованың айтуынша, жергілікті басқарушы мекемелердегі әлеу­меттік қызмет саласында қайта жаңғырту жүргізу қажет. Т.Дүй­сенова аға буынның әлеуметтік қызметке қатысты қатып қалған тү­сінігі жастармен және жас отбасы­лармен бірлесе жұмыс істеуге кедергі келтіріп отыр. Сондықтан, осы саланың деңгейін көтерудің ма­ңызы ерекше. Сонымен бірге әлеу­­меттік қызмет осы сала­да­ғы бүкіл бағдарламалар мен жер­­гілік­ті жердегі жұмыспен қам­ту бағ­дар­ламаларына мұрындық бол­мақ. 

Алқалы жиынға алыстан ат терлетіп келген Халықаралық әлеу­­меттік қамсыздандыру қауым­­дас­тығының бас хатшысы Ханс-Хорст Конколевски Қазақ­стан­ның осы салада атқарып жат­қан жұмыстарына оң бағасын берді. БҰҰ-ның Қазақстандағы тұ­рақты үйлестірушісі Норимаса Ши­момура еліміздегі әлеуметтік бағ­дар­малардың сапасы жоғары екенін мәлімдеді. 

Форум аясында «Қазақ­стан­да жүзеге асып жатқан үздік әлеуметтік жобалар» рес­пуб­ликалық көрмесі ұйымдасты­рылды. Оған еліміздің барлық ай­мағынан 155 өтініш келіп түсіп, соның 20-сы үздік шыққан. Бұл көрменің мақсаты – қиындыққа тап болған азаматтардың мәсе­лесіне қоғам назарын аударту. Жиын соңында өзгелерден оқ бойы озып шыққан үш жоба ең үздік деп танылып, бағалы сый­лықтармен марапатталды.

Абай Асанкелдіұлы,
«Егемен Қазақстан»