Қазақстан • 25 Қыркүйек, 2017

Ғылым мен технологияның төл таңбасы

360 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақ қоғамын жаң­­ғыртуға бастаған бі­рін­ші, екінші жаңғыру еліміздің эко­но­ми­калық әлеуеті мен хал­қы­мыздың жа­сам­паз­дығын әлемге паш етті. Елбасының «Болашақ­қа бағдар: рухани жаң­ғы­ру» атты еңбегінде атап көрсетілгендей эко­но­микалық және саяси реформаны қоғамды рухани жаңғырту арқылы ғана баянды етуге болады. Сондықтан да қоғамдық сананы өзгерту – қазақстандық үшінші жаңғырудың қуатты қайнар көзі болып табылады. 

Ғылым мен технологияның төл таңбасы

Тұңғыш Президентіміздің көреген саяса­тының арқасында еліміздегі аса зор өмірлік мәні бар тіл саясатының күрделі де, нәзік мәселелері, әрқашанда мемлекеттік тұрғыдан үйле­сімді шешімін тауып келеді. Қазақ қоға­мының саналық жаңғыру кезеңінде қазақ тілін іштей түлетіп, жаңа деңгейге көтеру мақсатында, қазақ жазуының латын графикасына негізделген жаңа нұсқасын жасау жөніндегі ба­стаманы қоғамдық орта, әсіресе жастар қауымы дер кезінде көтерілген, маңызды мем­лекеттік деңгейдегі мәселе деп қабылдап отыр. 

Сөз жоқ, ғаламдық дамудың жаңа дәуірінде латын әліпбиіне көшу мәселесі тарихи қажеттілік болып табылады және тіл саясатында халықаралық ақпараттық-коммуникациялық құралдарды пайдалану бүкіләлемдік трендтер талабына толық сәйкес келеді. Қазір дүние жүзіндегі аса өзекті ақпараттар ағынының 70 пайызы латын графикасымен беріледі. Әлемдегі барлық IT сала өздерінің бағдарламалар базасы мен техникалық шешімдерін латын таңбасында жасайды. Біздің жастардың латыншаға әлдеқашан бауыр басып алғанын атап айтқан жөн, қазір Қазақстан жастары гаджеттерді белсенді қолданады, еліміздің басым бөлігі латын әліпбиін жақсы меңгерген. Демек, қазақ тілін латын қарпіне көшіру бүгінгі өмірдің шынайы талабы болып табылады. Ол, ана тіліміздің әлемдік өркениет кеңістігіне сәтті қосылуына, оның жаңа геосаяси әлемдегі қарым-қатынастық мәртебесінің артуы мен ғылыми-техникалық прогрестің қалың ортасында болуына мүмкіндік туғызады.

Латын әліпбиіндегі қазақ жазуын қалып­тастыру – ұлттық сананы азат етіп, жаңғыртуға аса үлкен қозғау салатын, қазақстандық бірегейлік пен ұлттық бірлікті одан әрі нығай­туға ықпал ететін маңызды қадам.

Біз латын графикасына негізделген жаңа әліпбидің ұлтымыздың ғаламдық бәсекелес­тіктегі әлеуетін арттырып, Қазақстанның жаңа тарихында Елбасы бастамаларының әлденеше рет өз шешімін тапқанындай толық іске асатынына сенімдіміз.


Бұл – мәні зор реформа

Бүгінде Қазақ­стан даңғыл жолдың ба­сын­­да, анығырақ айт­қан­да, біздер оқи­ғаның нақ ор­тасында тұр­­мыз. ЭКСПО-2017 халық­ара­лық көрмесі аяқталды. Ислам Ынтымақ­тастығы Ұйымы­ның Ғылым мен технология бойын­ша саммиті өтті. Мұның бәрі Қазақ­стан­ның әлем алаңында беделі зор ойыншы екенін көрсетті.

Үстіміздегі жылдың басты оқиғасы ретінде Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы болды. Мұнда қозғалған мәселелердің маңыз­дылығын бір ауыз сөзбен жеткізу қиын. Бір ғана «Туған жер» бағдарламасының өзі көп нәрсені аңғартады. 
Осындай маңызды мәселелердің бірі болып қазақ тілінің латын қарпіне біртіндеп ауысу жолы дер едік. Әрине, бүгінгі таңда әлемде латын әліпбиі кеңінен қолданылады. Бұл – өмір  шындығы.

Ал егер біз әлеуметтік желілерге назар аударсақ, онда жастардың қазақ тілін жет­кізу үшін әлдеқашан латын әріптерін пайдаланатынын көреміз. Сонымен қатар Елба­сы атап өткендей, латын графикасына ауысу кириллицадан түпкілікті арылу болып табылмайды. Ол тек қазақ тіліне ғана қатысты болмақ.

Бұл мәні зор реформа елдің қауіпсіздігін арттырып, бәсекелестігін күшейтуге, Қазақ­станға әлемдік ақпараттық кеңістіктен лайықты орын алуға даңғыл жол ашады.

Белла ГАЗДИЕВА,
«Родина» ауылдық округінің әкімі
(Ақмола облысы)