Қазақстан • 25 Қыркүйек, 2017

Цифрландыруға бағдар: сөзден іске

429 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Таяуда Астанада аталған бағ­дарламаға орай Мемлекет бас­шысының қатысуымен үлкен жиын өтті. Сонда Президент «Біз тәуелсіздік жылдары ішінде әлем­нің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына қосылдық. 

Цифрландыруға бағдар: сөзден іске

­­

Қазір озық дамыған 30 елдің қатарына ену міндеті тұр. Ол Қазақстаннан жаңа инновациялық дамуды және жедел технологиялық жаңғыруды талап етеді. Сондықтан мен осы жылдың басында Қазақстан халқына арнаған Жолдауымда үшінші жаңғыру жөнінде жарияладым. Оның негізі цифрландыру болып табылады», деген еді. Нақты тапсырма бар. Бағыт-бағдар белгілі. Ендігі мәселе соны іске асыру болса керек.

Жақында осы цифр­ландыру мәселесіне орай Қызылорда облысында келелі бір жиын өтті. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жиында жаңа технологиялардың маңызына тоқталып, өңір экономикасын дамыту үшін де олардың ерекше рөл атқаратынын атап өтті. «Технология атаулыға тіл бі­­тір­­гендер ғана алға озады, ал оған ілесе алмағандар шаң жұтып арт­­та қалады. Сол себепті цифр­лы жүйенің сиқырына жүгінуіміз қажет. Ол қалаларды ақылды етеді әрі ауылдарды онлайн байланысқа шы­ғарады. Қазақстан цифрлы ел болуды көздейді. Көш соңында қалмас үшін, сонымен қатар экономиканы сандық ету үшін алдымен халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру қажет. Түсініп ал демей, түсіндіру керек», деді аймақ басшысы. Жиын барысында осы сындарлы мәселелерді көтерген Қырымбек Елеуұлы ұйымдастырылып отыр­ған бүгінгі активтің маңызы айрық­ша екеніне тоқталды.

– Ресейдің жетекші техникалық оқу орындарында білім алып жат­қан 500-ге тарта қызылордалық түлек­теріміз ­­­қазір жаңа технология бойынша білім алуда. Алдағы уақытта олар мамандығын алып келгеннен кейін облыс экономикасына сандық технологияны енгізуде алғы шепте болатынына сенім мол. Демек, біздің цифрландыру мәселесінде кадрларымыз бар, – деді ол.

Еліміз 2025 жылы сандық технология бойынша бәсекеге қабі­леттілікті анықтайтын әлемдік рейтингте 30-шы орыннан көрінуді көздейді. Қазір бұл көрсеткіш бо­йын­ша Қазақстан 38-ші сатыда тұр. Бұл межеге «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру барысында қол жеткізуге болады. Үкімет 4 негізгі бағытқа басымдық берген. Олар экономиканың базалық салаларын цифрландыру, мобильді мемлекетті дамыту, креативті қо­ғамды жетілдіру, елдің цифрлы транс­формациясына қажетті жаңа ин­фрақұрылымды құру.

Елбасының үшінші жаңғыруға негіз болатын Жолдауында «Біз цифрлы технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индус­трияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды, кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлы қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек», – деп ай­тылған. Шынында да жаһандық бәсекеге қабілетті болу үшін мем­лекетімізді жан-жақты дамытуымыз қажет.

Жалпы елімізде цифрлы тех­нологияның болашағы зор сала ретінде қарастырылғанына біршама уақыт болды. Өйткені жаңа дәуірдің табалдырығын аттасымен ХХІ ғасырдың ғылым мен технология үстемдік құратын заман болатынын жұртшылық білді. Соның ішінде цифрлы технологияларды дамыту үшін Қазақстанда да бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Ин­тер­нет желісі қолжетімді болу үшін облыс, аудан орталықтарынан бө­лек, шалғайдағы ауылдарға да қо­лайлы жағдай жасалуда. Мұның барлығы цифрлы технологияны ендіру үшін жасалған қадамдар деу­ге болады.
Еліміздегі жаңа техно­ло­гия­лардың даму үдерістерін одан әрі қарай жетілдіру мақсатында 4 негізгі бағытты құрайтын «Цифрлы Қазақстан» атты бағдарлама қа­был­данды. Бағдарлама аясында ауыл-аймақты кең жолақты интернетпен қамту, көлік және логистика, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы және электронды сау­дада цифрлы технологияны енгізу көзделген.

Жиын барысында облыс әкі­мінің орынбасары Евгений Ким сөз сөйлеп, аймақты цифрландыру мәселесіне егжей-тегжейлі тоқ­­талып, бұл бағытта сала-сала бойынша атқарылатын шараларды жеткізді. Ол 2025 жылға қарай еліміз цифрлы технология­ны меңгеру бойынша әлемде 30 елдің қатарына қосылу міндеті тұрғанын тілге тиек етті. Сонан соң мінберге көтерілген «Microsoft» компаниясының менеджері Дархан Қашқынбаев жаңа технологияның артықшылықтарын кеңінен әң­гімеледі.

– «Microsoft» компания­сы еліміздің цифрландыру сала­сын­дағы бастамаларға қолдау көрсетуде. Елбасы төрағалығымен Үкіметте осы мәселе қаралғаннан кейін Денсаулық сақтау минис­трлігімен меморандумға қол қойыл­ды. Ал нақты Қызылорда облысына келетін болсақ, төрт бағыт бойынша жұмыс істейміз. Олардың ішінде денсаулық, білім және ақылды қала жобалары бар. Білім саласында, біз осында ресурстық орталық ашуды жос­парлап отырмыз. Орталық қажетті құрал-жаб­дықтармен қамтылады. Оқыту тегін жүргізіледі. Білім басқармасы қазірден бастап оқу кестесін түзіп, семинар-тренингтер өткізуге ша­қыруына болады. Оқығандар сертификат алады немесе базалық деңгейде сауаттарын ашады. Бұл қашықтықтан оқыту емес, мектепте немесе оқу кабинетінің базасында жүргізіледі.

Қазір «Microsoft» компаниясы серіктестерімен бірлесіп «Ақылды қала» жобасы бойынша халықты жұмыспен қамту жүйесін жүзеге асыра бастады. Алдымен мектептер мен жоғары оқу орындарын бітіргендер қанша, олардың қаншасы мамандықтары бойынша жұмыс істеп жатқанына сараптама жүргізіп, анықтап алуымыз керек. Осыдан кейін барып компания нақты шешім қабылдайды. Осындай жұмыс облыстық бюджет бойынша да атқарылады. Мысалға, экономикалық өсімді 9 пайызға жеткізетін болсақ, ол қандай ба­ғыттарда қолға алынуы тиістігі зерделенеді. Бұл деректердің бар­лығы онлайн режімде бір орында жинақталуы тиіс. Мұның бәрі жедел шешім қабылдауға және басты мәселелерге жауап табуға көмектеседі.
Жобаның қандай мақсатта жа­салатынына келсек, мәселен, Қы­зылорда облысында су тасқыны жиі қайталанып тұрады. Су деңгейі бойынша барлық деректер бір базаға жинақталып, әр жылғысы салыстырмалы түрде зерделеніп, су тасқыны болуының алдын алуға болады. Сонымен бірге ақыл­ды ба­ғана деген жоба бар. Айталық, көше жарық болса, ол жанбайды. Ал көше қараңғы болса жа­рық қосылады. Сөйтіп электрді үнемдеуге болады. Сонымен қатар мұнда жедел жәрдем қызметтерін шақыратын тетіктері болады. Бұған қоса көшедегі шуды, қоршаған ортада ауаға бөлінетін зиянды қал­дықтарды сараптап беретін құ­рыл­ғылар болады. Мұның бәрі біз­ді «Ақылды қалаға» жеткізеді, – деді Д.Қашқынбаев.

Қазіргі таңда әлемдегі халықтың елу пайызы ғаламторға қосылған. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, елімізде 18 млн адам болса, соның 53 пайызы қалада тұрады. Қазақстандықтардың қолында 25 миллионға жуық ұялы телефон бар, олардың 70 пайыздан астамы интернетпен қамтылған. Мәселен, Facebook әлеуметтік желісі арқылы 4 миллионан аса пост жазылады, Skype арқылы сағатына 100 мың адам сөйлеседі. Актив отырысында сөз сөйлеген облыс әкімінің кеңесшісі Рауан Кенжеханұлы осы сынды деректерді алға тартып, цифрлы заманның адам өмірінің жаңа кезеңі екенін атап өтті. Ол әлемдегі бірде-бір газеті немесе те­левидениесі жоқ Facebook-тің әлемдегі басты медиа тобы еке­ні, бірде-бір дүкені немесе сау­­да орны жоқ Alibaba әлемдегі басты сауда жүйесі екені цифрлы за­манның нақты дәлелі бола алатыны жөнінде қызықты да бірегей деректер келтірді.
Жиын соңында аймақ басшысы барлық аудан, қала әкімдіктері облыс тұрғындарының компьютерлік сауаттылығы көтерілуіне қатыс­ты арнайы іс-шараларды қар­жы­ландыру көздерімен қоса ше­шуді тапсырды. Өйткені халық неғұрлым компьютерді жақсы білсе, жаңа технологияларды да тез меңгереді.

«Microsoft» және «Білім медиа групп» компанияларымен бірлесе отырып, «жасанды интеллект» қосымшаларын ахуалдық орталықта денсаулық, ауыл шаруа­шылығы, бюджет және әлеуметтік салалар бойынша болжамдау және тәуекелдерді енгізу шешімдерін де қарастыру негізге алынды. Жаңа цифрлы экономика талаптарына қажет болатын ІТ мамандарды заманауи технологиялармен даярлау және қайта даярлау мәселесін жергілікті жоғары және орта арнаулы оқу орындары мен білім ұйымдары тиянақты зерделеп, нақты ұсыныстар әзірлеу қажеттігі де айтылды.

Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы