Әлем • 25 Қыркүйек, 2017

«Жібек жолындағы» әдеби керуен

660 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жуырда Қытайдың Шэньси провин­ция­­сындағы Сиань қаласында «Жі­бек жолы» IV халықаралық мәдени фес­­тивалі өтті. Фестиваль аясын­да тұң­­­ғыш рет Қазақстан мен Қытай жа­­­зушыларының симпозиумы ұйым­дас­­тырылды. 

«Жібек жолындағы» әдеби керуен

Солтүстік-Батыс университеті өткізген шараға 130-дан астам қалам­гер қатысты. Қазақстандық делегацияны белгілі жазушы, Қа­зақстан ұлттық кітап палатасының директоры Әлібек Асқар бас­тап барды. Қытай тарапынан Жа­зушылар одағының вице-пре­зиденті, Шаньси жазушылар қо­ғамының төрағасы Хан Кэ, Жа­­зу­шылар одағына қарасты «Әлем әдебиеті» журналының бас редакторы Му Дао, Қытайдың Қа­зақстандағы бұрынғы елшісі Яо Пэйшэн және Ван Сяоюй, Ван Фэньлин, Ду Вэньцзюань, Хун Кэ, Ма Юйчэнь, Ян Чанцзюнь, Сянь Лэмоу сияқты көрнекті жазушылары, Литен Шау сияқты тарлан тарихшылары және Солтүстік-Батыс университетінің басшылығы мен профессорлары, студенттері қатысты. Қытайдағы көне оқу орындарының бірі саналатын Солтүстік-Батыс университетінің ректоры Го Лихун мен «Жібек жолы» институтының жетекшісі Лу Шаньбин қазақстандық делегацияны жылы қабылдады.

Шэньси провинциясы білім бас­қармасы бастығының орынбасары Ван Цзыгуй Қытайдың «Жібек жолы» экономикалық белдеуі» бас-
тамасы мен Қазақстандағы «Нұр­лы жол» бағдарламасының екі­ ел арасындағы мәдени байла­ныс­тарды арттырудағы рөлін ерек­ше атап өтті. «Бұл Қытай мен­ ­Қазақстан халқының арман-мүд­­делерін мейлінше жақсырақ түсі­ну­ге мүмкіндік береді деп сенемін», деді ол.

Симпозиум барысында қазіргі әдебиеттің хал-ахуалы мен өзекті мәсе­лелері сөз болды. Төрт күн бойы жазушылар өз туындыларымен бөлісіп, заманауи әдебиеттің рө­лі, оның халықтар арасындағы байланысқа әсері жайында сөз қозғап, ой-пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ қазақ әдебиеті мен қытай әдебиетінің арасындағы байланыс пен ықпалдастық туралы әңгімелесіп, алдағы жоспарымен бөлісті. Симпозиум нәтижесінде екі ел жазушыларының арасында жаңа мәдени байланыс орнады, алдағы әріптестікке жол ашылды. Айталық, еліміздің Ұлттық мем­лекеттік кітап палатасы мен Солтүстік-Батыс Жібек жолы уни­­верситеті өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойды. Меморандумда екі жақтың жазушылары үшін де маңызды әрі пайдалы болған симпозиумды тұрақты түрде өткізіп отыру туралы шешім қабылданды. Аталған шараны ал­дағы жылда да жалғастыру туралы ұсыныстар қызу қолдау та­­­уып, екі ел жазушыларының әдеби шығармалары жарық көріп отыратын веб-сайт ашылатын болды. Сондай-ақ аударма мәселесін қолға алу да маңызды болмақ. Өйткені осы уақытқа дейін қа­зақ жазушыларының арасынан қытай тіліне аударылғаны аз. Ертеректе Абайдың қара сөздері, М.Әуезовтің «Абай жо­лы» эпопеясы, С.Мұқановтың «Бо­та­гөз» романы, кейінгі кезде М.Мақатаевтың өлеңдері, Р.Отарбаевтың әңгімелер мен повестер жинағы, Н.Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» атты шығармасы, Мұхтар Шаханов пен Шыңғыс Айтматовтың «Құз басындағы аңшының зары» атты сұх­баты аударылған. Ал қытай жазушыларынан қазақ тіліне Конфуций, Лу Синь, Ба Цзинь сынды үлкен жазушылардың туын­дылары тәржімаланды. Алайда бұл кітаптардың барлығы орыс ті­лі арқылы аударылғаны белгілі. Түп­нұсқадан аударылғаны – Нобель сыйлығының лауреаты Мо Янның шығармалары ғана. Қазіргі кезде қытай жазушыларының шығармаларын қазақ тіліне түп­нұсқадан тікелей аударуға мүм­кіндік туды. Сол сияқты қазақ жа­зушыларының шығармалары да миллиардтан асқан оқырманы бар қытай тіліне аударылып жатса, әдебиеттегі жаңа көкжиектер ашылар еді. 

Екі елдің жазушылары осы сияқты мәселелер төңірегінде кеңінен әңгімелесті. Сапалы аудармашылар дайындау мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Қазір заманауи Қытай жазушыларынан бірді-екілі аударма жасап жүргендер бар. Олардың кейбірі оқырман тарапынан жылы пікірге ие болып та жатыр. Алайда бұл аудармалар сыншылардың тезінен өтіп, әдеби ортада толық мойындалған аудармалар емес. Қуанарлығы, елімізде қытай тілін жетік меңгерген, Қытайдың жоғары оқу орындарында оқыған қаламгерлер баршылық. Аударма мәселесінде Қытайдағы қазақ диаспорасында тұрып жат­қан қаламгерлердің, атамекенге оралған қазақ жазушыларының көмегіне жүгіну де орынды болмақ. Аударылған шығармалардың таралымы да басты мәселелер қатарында қарастырылды. «Жібек жолы әдебиеті» тақырыбында жаңа, кесек туындыларды шығару мақсатында екі елдің де жазушыларын «Нұрлы жол» экономикалық саясатын «Бір белдеу – бір жол» ұранымен ұштастырып жаза білген жазушыларды ынталандыру туралы шешім қабылданды. Қытай-қазақ жазушылары шығар­маларының жыл сайынғы жинағын шығару қолға алынбақ. 

Ежелден үздіксіз қарым-қаты­наста болған Қытай мен Қазақстан арасындағы мәдени байланыс­тар ежелгі «Жібек жолын» қайта жаң­ғыртып жатқан екі елдің арасындағы алтын көпір болары анық. Демек «Жібек жолында» әдеби шығармалар керуені көш түзейді деген сөз. 

Бану ДӘУЛЕТБАЕВА

АЛМАТЫ