Хоккей • 25 Қыркүйек, 2017

«Барыс» бір жеңіп, бір жеңілді

304 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елорданың «Барыс» хоккей клубы өткен аптада Құрлықтық хоккей лигасында екі ойын өткізді. Астанадағы «Барыс Арена» мұз сарайында алғашқы матчты

Минскінің «Динамосына» қарсы ойнап жеңіске жетсе, екінші ойында Мәскеудің «Динамо» хоккей клубынан жеңіліп қалды. 

«Барыс» бір жеңіп, бір жеңілді

Алғашқы матч қыркүйектің 21-і күні өтіп, «Барыс» 4:1 есебімен жеңіске жетті. Матч­тың бірінші және екінші кезеңінде командалар қорғаныста сәтті ойнап, бір-бірінің қақпасына шайба соға алмады. Ойынның ең тартысты кезеңі үшінші бөліктің соңғы 11-минутында өтіп, шайбалар да осы уақыт аралығында соғылды. 

«Барыстың» канадалық шабуылшысы Мэтт Фрэттин ойынның 41-ші минутында шайба соғып, командамызды алға шығарған болса, Константин Пушкарев 52-ші минутта есепті 2:0-ге жеткізді. Арада небәрі 40 секунд өткенде Владимир Маркелов «Барыс» клубының үшінші шайбасын салды. Үш шайба соққан соң астананың клубы аздап босаңсып кетті. Мұндай сәтті қарсылас команда кешірмейтіні анық. Шабуылдарын үдете түскен «Динамо» клубы матчтың 57-ші минутында есепті 3:1-ге қысқартты. Шай­ба авторы – Джастин Фонтэйн. Де­ге­нмен ойын аяқталуға 42 секунд қал­ған­да «Барыс» ойыншысы Константин Пушкарев матчтағы екінші шайбасын соғып, ойынның нүктесін қойды.

Араға екі күн салып «Барыс» хоккей клу­бы Мәскеудің «Динамо» хоккей клубымен сынға түсіп, тартысты өткен матч-
та жерлестеріміз 3:5 есебімен қонақтарға есе жіберіп қойды. Айта кетейік, қарсылас ко­манда сапында «Барыстың» бұрынғы ойын­шысы және ұлттық құрама ша­буылшысы Дастин Бойд ойнап, бір шай­ба соқты. 

Ойындағы «Барыс» клубынан Конс­тан­тин Пушкарев (25-минут), Найджел Доус (35-ші және 47-ші минут) шайба соқса, ал қонақтар сапынан Никита Комаров (4-минут), Мартиньш Карсумс (30-минут), Дастин Бойд (40-минут), Андрей Алексеев (55-минут) және Даниил Тарасов (59-минут) гол салды.
Құрлықтық хоккей лигасының «Шы­ғыс» аймағындағы турнир кестесінде «Ба­рыс» командасы бір жеңіс және бір же­ңі-
л­іс­тен соң 22 ұпаймен бесінші орында келе жатыр. 

Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»