Қазақстан • 25 Қыркүйек, 2017

Шыңғыс төренің тостағаны

1056 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шыңғыс Уәлиханов – Абы­­лай ханның немересі, саяхатшы-ғалым Шоқан Уәли­хановтың әкесі. Патшалық Ресейдің кезінде Аманқарағай, Құсмұрын, Көкшетау округтерінің аға сұл­таны болған та­рихи тұлға. Бас­қасын айтпағанда баласы Шо­қанды кадет корпусында оқытып, оның бола­шақта әлемдік деңгейде үл­кен оқымысты болуына жол аш­қаны неге тұрады. 

Шыңғыс төренің тостағаны

Шілде айында Астана қаласын­дағы Қарулы Күштер әскери-тари­хи музейін­де ұйымдастырылған Алматы облысы өлкетану көрмесінің сөресіне қойылған заттар арасында жоғарыдағы Шыңғыс төреге қатысты экспонаттар да жеткізіліпті. 

Соның бірі – төренің күміс тостаған-табағы. Бұл затты кезінде белгілі архитектор Арыстан Қайнар­баев Ал­ма­тыдағы Орталық музей қорына тапсырған көрінеді. Ал жәдігердің құжатында тостағанның ақы-иесі ретінде Шота Ыдырысұлының есімі аталған. Елімізге еңбек сіңірген сәулетші Шота ағамыз болса, Шоқан­ның туған інісі Мақының баласы Ыдырыстың ұлы. Мақы (Мақажан) өте шебер суретші болған.

Мына суретте тұрған тостағанның қасындағы күміс қасық пен тұз ұнтақтайтын құрал да Шыңғыс тө­ре қолданған бұйымдар екен. Бұл жәдігерлер 1960 жылы Шота Ыды­рыс­ұлынан алынған. Құжатта күміс қасық пен тұз ұнтақтайтын құралды сақтаған адам Макин Едрис (Мақин Ыдырыс) делінген. Қысқасы бұл заттарды музейге тапсырған төренің өз ұрпақтары. 

Шыңғыс төренің өзі де Омбы әскери училищесінде білім алған көзі қарақты адам. Ол өз заманында ре­сейлік ғалым-саяхатшылармен жақын қарым-қатынас орнатып, Орыс географиялық қоғамына қазақ халқы жөнінде көп мәлімет берген және ел ішіндегі құнды жәдігерлерді жинап-сақтаған. Тіпті кейбір бағалы бұйымдарды Петерборда өткен шығыстанушылардың ІІІ кон­гресіне жолдап, көрмеге қой­дырған. Осы заттардың жұрнағы қазір Санкт-Петербург, Мәскеу, Омбы және Гам­бург музейлерінде сақтаулы. Ал жо­ғарыдағы жәдігер болса Шоқан Уә­­лихановтың «Алтынемел» мемле­кет­тік мемориалды музейі қорында тұр. 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, 

«Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген 

Орынбай БАЛМҰРАТ

«Егемен Қазақстан»