Қазақстан • 25 Қыркүйек, 2017

«Әкемтеатр» Атырауда өнер көрсетті

411 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театры кезекті маусымын Атырауда ашты. «Абай» спектаклімен өнер сапарын бастаған театр ұжымы екі апта бойы Жайық жағасындағы жұртшылыққа рухани мереке сыйлады. 

«Әкемтеатр» Атырауда өнер көрсетті

Театрдың көркемдік жетекшісі, халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімовтің шығармашылық кеші де атыраулық көрермен айта жүрер айтулы оқиғаның бірі болды.

Театр әртістері сахналаған «Таңсұлу», «Ақтастағы Ахико», «Жүз жылдық махаббат», «Бақыт кілті», «Қоштасқым келмейді», «Қыз Жібек», «Мөлдір махаббат», «Тендерге түскен келіншек» қойылымдарының қай-қайсысының да шоқтығы биік. Атап өтерлігі, бұл спектакльдерді тек облыс орталығындағы ғана емес, алыс аудандардағы тұрғындар да тамашалады. Алматыдан келген әртістер ауылдарға арнайы барып, елмен жүздесті, спектакль қойды. Атыраудағы білім ордаларында, мәдениет мекемелерінде кездесу, шеберлік сабақтарын өткізді.

Өнер сапары белгілі жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың «Бейбарыс сұлтан» тарихи драмасымен қорытындыланды. Жайығын сағынып, бір түп жусанды аңсап өткен Бейбарыстың тағдыры суреттелген қойылым көрерменге ерекше әсер сыйлады.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Алатаудан Атырауға сапар шегіп, қазақ өнерінің қара шаңырағы М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театры екі апта бойы Жайық жұртына өнерін көрсетті. Елдің рухына рух қосатын, айтулы шығармаларымызды алып келдік. Атырау елімен киелі сахна арқылы тілдестік. Осындай мүмкіндік сыйлаған облыс басшылығына алғысымыз шексіз, - дейді театр басшысы Ерлан Біләл.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ