Қаржы • 26 Қыркүйек, 2017

Дүниежүзілік банк өкілдерімен кездесті

440 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінде еліміздің сот жүйесіне жаңа ақпараттық технологияларды енгізу және оны дамыту жолдары кеңінен жүргізілуде. Өйткені мемлекеттің қызметін құқықтық қамтамасыз ету, қоғамның құқықтық мәдениеті мен құқықтық санасын қалыптастыру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын іске асыру, заң жобаларының ашықтығын қамтамасыз ету секілді жұмыстардың тиімділігі зор. Әсіресе бұл орайда соттарды әкімшілендіру мәселесі айрықша назарда тұр. 

Дүниежүзілік банк өкілдерімен кездесті

Міне, осыған орай маңызды мәселе – сот төрелігінің тиімділігін, ашықтығын және қолжетімділігін арттыруға бағытталған «Сот төрелігі секторын институттық нығайту» жобасын одан әрі іске асыру, соттарға жаңа ақпараттық технологияларды енгізу және Сот төрелігі академиясын дамыту жайы Жоғарғы соттың жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Нұрсерік Шәріпов пен Дүниежүзілік банктің жоба жетекшісі, мемлекеттік сектор бойынша жетекші маман Валид Маликпен кездесуінде жан-жақты талқыланды. 

Жоба шеңберінде, жоғарыда айтқанымыздай, сотты әкімшілендіру мәселелеріне айрықша назар аударылып отыр. Мәселен, Дүниежүзілік банк бөліп отырған қаражат есебінен соттарда қанатқақты жоба ретінде жеке кеңесшілер бірліктері (кеңесші, судья көмекшісі, үйлестіруші) енгізілді. Енді бұдан шығатын нәтижелерді ескере келе, еліміздің соттарында аталған лауазымдарды енгізудің қажеттілігі туралы шешім қабылданатын болады. Қазіргі таңда жобаға Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты мен Сарыарқа аудандық соты қатысуда. 

Кездесуден кейін Дүниежүзілік банктің делегациясына Жоғарғы соттың Ахуалдық орталығының жұмысы таныстырылды. Ол тікелей режімде істі қараудың процестік мерзім көрсеткіштерін мониторингілеуге, сот отырыстарында аудиобейнетіркеу құрылғыларының жұмысын бақылауға, сот статистикасын қолдануға, сотты құрметтемеу жағдайы мен сот процестеріне қатысушыларға төнген қауіпті тез анықтауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Дүниежүзілік банк делегация өкілдерінің аталған жоба жүзеге асырылатын соттарға баруы жоспарлануда. Кездесуге Дүниежүзілік банк жобасын іске асыратын мамандар, Жоғарғы соттың жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары және сот төрағалары мен судьялар қатысты.