Спорт • 26 Қыркүйек, 2017

Ашхабад-2017: Қазақстан төртінші орынға көтерілді

302 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түрікменстан астанасы Ашхабад қаласында жауынгерлік өнер түрлері бойынша жабық ғимаратта өтіп жатқан V Азия ойындарында бүгін Қазақстан спортшылары өзбектерді басып озып, командалық есепте төртінші орынға көтерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Ашхабад-2017: Қазақстан төртінші орынға көтерілді

«Естеріңізге сала кетейік, осыдан бірер сағат бұрын Өзбекстан мен Қазақстан спортшылары алтын медальдар саны жағынан теңескенін хабарлаған болатынбыз.

Міне, көп ұзамай қазақстандық спортшылар ел қоржынына екі алтын медаль салып, өзбек қарсыластарын бесінші орынға сырғытты», дейді Халықаралық ақпарат агенттігінің тілшісі Күнсұлтан Отарбай.

«Қазір Қазақстан қоржынында 25 алтын, 26 күміс, 33 қола медаль болса, Өзбекстанда 23 алтын, 30 күміс, 67 қола медаль бар. Ал көш басында Түрікменстан спортшылары тұр. Олар жалпы медальдар санын 236-ға жеткізді, оның 87 - алтын, 67 - күміс, 82-сі қола медаль. Екінші орынды екі күннен бері Қытай спортшылары уысында ұстап келеді. Олардың еншісінде 38 алтын, 28 күміс, 23 қола, жалпы 89 медаль бар. Үшінші орынға 26 алтын, 18 күміс, 59 қола, барлығы 103 медаль иеленген Иран құрамасы жайғасып отыр.

Айта кетейік, аталмыш байрақты дода ертең, яғни 27 қыркүйек күні өз мәресіне жетеді. Бұл додада ел намысын қорғауға Қазақстанның 150 спортшысы аттанған болатын. Олар жарыстың 17 түрінен сынға түсуде», деп түйінделіпті аталған ақпараттық мақала.