Парламент • 29 Қыркүйек, 2017

Шешімін күткен мәселелер көп

306 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жуырда Парламент Сенатында палата Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Орта білім беру жүйесінің жай-күйі, проблемалары және заңнамалық реттеу перспективала­ры» де­ген тақырыпта парламенттік тыңдау өткендігі туралы бұрын жаз­ған болатынбыз. 

(«ЕҚ», 25.09.2017 ж.).

Осы жиында сенаторлар өз­де­рін толғандырған сан түрлі сұ­­рақ­тарды Білім және ғылым ми­ни­стрі Ерлан Сағадиевке қой­ып, жауап алды. Соның бір­­қа­тар­ын оқырман назарына ұсы­ну­д­ы жөн деп санадық. 

Ерболат Мұқаев: Ел болған соң, еліміздің аумағы кең болған соң, шағын комплектілі мектеп­тер болады, біреулері өседі, бі­реу­лері өше­ді, сөйтіп алдағы 15-20 жылға дейін оның проб­­ле­м­а­сы біт­пейтін сияқты. Сон­дық­тан, мини­стрлік осы проблем­аны қа­лай шешуді көздеп отырғанын біл­­гім келеді? 

Ерлан Сағадиев: Шағын ком­п­лек­тілі мектеп­тер­дегі білім сапасын көтеру мақсатында цифр­лы тех­нологияның жетістіктерін пай­даланып, ком­пьютерлендіру, бей­неэкран курстарын енгізу си­­яқт­ы сабақтар енгізіп жатыр­мыз. Осындай мек­тептерге екі жылдың ішінде кем дегенде екі бе­й­неэкран орнатылатын болады. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады. Мұғалімдерді дайындау сапасына да көңіл бөлініп, оларды өзінің ба­залық білімінен басқа сабақтарды өткізуге дай­­ындау жұмыстары да қолға алынатын шы­ғар. Ең­бекақысы туралы айтатын болсақ, бұл мек­теп­тердің мұ­ғалімдеріне 25 пайыздық кө­лем­де қосымша ақы төленуде. 

Сергей Плотников: Кейбір арнайы пәндерді ағыл­шын тілін­де оқы­туға дайындық қалай жүр­гі­зі­луде? 

Ерлан Сағадиев: Бұл іс бойынша қанатқақты бағдарлама қолға алынып, биылдың өзінде 1500-дей мұғалім арнайы пәндерді ағыл­шын тілінде оқытуға дайын­далды. Мысалы, Атырау облы­сын­да 40-тай мұғалім арнайы пән­дер­ді ағылшын тілінде өткізуді бас­тап кетті. Жалпы, пәндерді ағыл­шын тілінде жүргізу бірден бол­майды, алдымен 30 пайызын оқытудан бастайды. Әрі қа­рай ағылшын тілінің үлесін арттыра бе­реді. Біз бұл технологияны Қа­зақ-түрік лицейлерінің үл­гісінен ал­дық. Онда бұл мәселе жақсы та­быстарға жетті.

Сергей Ершов: Өкінішке қа­рай, террористік және басқа да жат пиғылды адамдардың кө­бейіп бара жатқандығына бай­ланысты мектептер мен ба­ла­бақшаларда балалардың қау­іпсіздігін қамтамасыз ету мә­се­лесі алдағы уақытта қиындай тү­сетін сияқты, осы проблема қа­лай шешілмек?
Ерлан Сағадиев: Біздің ми­ни­стрлікке мұн­дай­ды шешу өкі­леттігі берілмеген. Әрине, бұл алаң­датарлық мәселе, сондықтан біз оны ішкі іс­тер органдарымен және әкімдіктермен бірлесе оты­рып шешуді қарастыратын боламыз. 

Бұл сұраққа жауапты парла­ме­нт­тік тыңдауға қатысып отыр­ған Ішкі істер министрінің орын­ба­сары Рашид Жақыпов то­лық­тырды.

Рашид Жақыпов: Әрине, Үкі­мет мек­теп­тер­ді күзету тура­лы қаулы қабылдаса біз оны орын­­даймыз. Әзірге ондай ше­шім бол­мағандықтан бұл жө­нін­де ай­ту қиын. Бірақ мұндай про­бле­ма­ның бар екендігін өмір көр­се­тіп отыр.

Нұрлан Қылышбаев: Осы жер­де отыр­ғандар­дың негізгі бө­лігі Кеңес Одағы мектептерінде оқы­­ған­дар, сондықтан бәріміз де оқу­шыларды ең­бек­ке баулудың не екенін жақсы білеміз. Оның нә­тижесі зор екендігі туралы да бәріміз айта ала­мыз. Қазір бала­ларды еңбекке баулуға қалай кө­ңіл бөлінеді?

Ерлан Сағадиев: Бізде арнайы еңбек сабағы бар. Осы сабақты өткізуге және оқушыларды серу­енге шығару сияқты жұмыстарға Қамқоршылар ке­ңесін тартып, ата-аналарды да қатыстырып оты­рамыз. Министрлік барлық жұмыстарды өз­дері атқара алмайтын болғандықтан осы – Қам­қор­шылар кеңесіне бұл бағыттағы жұмыстар бой­ынша үлкен құқық беріп отыр. 

Сәрсенбай Еңсегенов: Білім беру­ді 12 жыл­дық­қа ауыстырамыз деп отырсыздар, ал бізде мек­­­тептердің бәрі дерлік екі ауы­сымды, пән ка­бинеттері жетіс­пей­ді, ал шетелдік 12 жылдық мек­­тептердің бәрі бір ауысымды. Сондықтан 12 жылдыққа кө­шу қаншалықты дұрыс болар екен? Екінші сұрағым, білім беру­де тәр­бие ісі­не қаншалықты кө­ңіл бө­лінеді? Ұлдар мен қыз­­дар­ды бө­ліп оқыту мәселесі қа­рас­ты­ры­луы мүм­кін бе? 

Ерлан Сағадиев: 12 жыл­дық­қа өтудің мәні – 0-інші сы­нып­тың енгізілуінде. 0-інші сы­нып дәрістерін бес жастан бас­тап мектептерде ғана емес, ба­лабақшаларда да жүргізу ұйым­дас­тыры­ла­ды. Қазірдің өзін­де бұл іс қолға алынған. Он­да «Әліппе» және т.б. пәндер оқы­тылады.

Екінші сұрақ бойынша айта­рым, бізде ұлдар мен қыз­дар­ды бөліп оқыту мәселесі қа­рас­ты­рыл­маған, өйткені ол қо­ғам­дық дау тудыруы мүмкін. 
Нариман Төреғалиев: Ор­та білімді жан басына қар­жы­лан­дыру бойынша қа­нат­қақ­ты жоба аяқталғаннан кей­ін Қа­­зақстанның солтүстік жә­не оң­­түс­тік өңірлері үшін ком­му­нал­дық қызметтер көлемінің ай­ыр­ма­шылығы бола ма? 

Ерлан Сағадиев: Жан басына қар­жыландыру жарық, газ, жылу, ғи­мараттың амортизациясына бай­ланысты. Ал мұғалімдердің оқу процестеріне байланысты шы­ғындарының өзіндік құны әр облыста әртүрлі. 

Сенаторлар бұдан басқа да ха­лықты алаң­да­­та­тын көптеген сұ­рақтар берді. Министр­лік­тің на­зар аударуға тиісті мәселелері көп екені көрініп тұр, оларды түбегейлі шешпесе де шешуге талапта­нар деген үміт бар. 

Дайындаған
 Жақсыбай САМРАТ,
 «Егемен Қазақстан»