Аймақтар • 30 Қыркүйек, 2017

Шымкенттіктер қала күні мерекесін атап өтуде

431 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкентте қала күні мерекесін атап өту басталып кетті, деп хабарлайды ОҚО əкімінің баспасөз қызметі.

Шымкенттіктер қала күні мерекесін атап өтуде

Іс-шара алдымен оқушылардың шеруімен басталды. Әл Фараби алаңында өткен ерекше шеруді Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев, Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдіраxымов және елағалары мен шаһар тұрғындары тамашалады.

Алаңға жинаған өнер мектебінің шәкірттері, музыка және хореография ұжымдары мен жас спортшылар мерекелік шерумен жүріп өтті. 1500-ден астам оқушы қатысып, сап түзеген іс-шараны қала және өңіріміздің тұрғындары тамашалады.

Айта кету керек, мерекелік әр шеру әр тақырыпқа арналды. Бұдан кейінгі іс-шара атшабарда өтті. Мұнда аламан бәйгесі ұйымдастырылды. Облыстық ұлттық спорт түрлері мектебінің мұрындық болуымен өткен бәйгеге осы мектептің өңіріміздің аудан-қалаларынан келген жас шәкірттері қатысты. 16 шақырымға созылған бәйге жеңімпаздарын облыс әкімі Жансейін Түймебаев марапаттап, жүлделерін табыс етті. Айта кетейік, аламан бәйгенің жеңімпазы атанған шабандоз Смайл Жеңіске бас жүлдеге тігілген "Нива" автокөлігі тарту етілсе, екінші орын алған Жасұлан Тұрғанбаевқа – 450 мың теңге, ал үшінші орын иегері Алик Нұрмаханбетовқа 300 мың теңге ақшалай жүлденің сертификаты табыс етілді.

Тағы бір айта қаларлықтай іс-шара Наурыз алаңында өтті. Мұнда бауырсақ пісіруден абсолюттік рекорд жасалды. Қала күнін атап өту барысында Қазақстанның «КИнЭС» рекордтар кітабының (Гиннестің рекордттар кітабының қазақстандық нұсқасы) жаңа рекорды тіркелді. «Алтын дән» компаниясының қолдауымен жергілікті үздік 20 аспаз 1139 келі бауырсақ пісірді. Жаңа рекорд жасалып, арнайы комиссияда тіркелгені жайлы сертификат рекорд орнатушыларға табысталды.

Айта кетейік, бұған дейінгі рекорд Алматыда тіркеліп, онда 856 келі бауырсақ пісірілген еді. Ал өңіріміздегі рекордты орнату үшін 750 келі ұн, 400 литр май, 60 келі қант пен 150 литр сүт жұмсалды. Бір тоннадан астам бауырсақ 10 қазанда пісірілді. Ал салмағы арнайы таразыда өлшенді. Рекорд тіркелген соң бауырсақ арнайы қағаз қалталарға салынып, қонақтарға таратылды. Айта кетейік, қала күні мерекесіне 30 мыңнан астам адам қатысуда. Мереке кешкілік гала-концертпен жалғасатын болады. .