Аймақтар • 30 Қыркүйек, 2017

Өскемендегі Достық үйі жаңа ғимаратқа көшеді

646 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Осыдан 25 жыл бұрын Өскеменде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен еліміздегі тұңғыш Достық үйі ашылған болатын. 

Өскемендегі Достық үйі жаңа ғимаратқа көшеді

Өңірдегі түрлі ұлт пен ұлысты бір мақсат, бір тілекке ұйытқан осынау мекен жақында 25 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтті. Екі күнге созылған мерейтойлық шараларға Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир Божко, Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Сергей Прокопенко бастаған, Сенат және Парламент Мәжілісінің депуттары Сергей Плотников, Ирина Унжакова, Светлана Ферхо қостаған мәртебелі қонақтар қатысты.

Достық үйі - қоғамдық келісім орталығының ширек ғасырлық мерейтойына арналған шаралар Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Қазақстандағы және шекаралас аумақтардағы этнодемографиялық үрдістер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциядан басталды. Конференцияның ашылу салтанатында сөз алған Владимир Божко республикадағы алғашқы Достық үйі елдің жағдайы әрі-сәрі болып, ұлтаралық қарым-қатынастар ушығып тұрған елең-алаң шақта Елбасының бастамасымен құрылғанын еске алып, бүгінде татулық пен тұрақтылықтың, ынтымақ пен ырыстың ордасына айналып отырғанын ерекше атап өтті. «Тоқсаныншы жылдардың басында Өскеменде ҰҚК департаментін басқардым. Сол кездегі облыстағы қоғамдық-саяси ахуал өте күрделі еді. «Енді бізді қазақ тілін үйренуге мәжбүрлейді, балаларымыздың бұл елде болашағы жоқ» деп менің алдыма келген адамдар да болды. Достық үйі осындай аса ауыр тұста ашылып, ұлтаралық қарым-қатынастарды ушықтырмауға үлкен үлес қосты. Кейін Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Сондықтан Өскемендегі Достық үйінің маңызы, алар орны айырықша», - деді ол.

Жиында баяндама жасаған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нелли Краснобаева қоғамдық келісім орталығының мерейлі мерейтойы Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аталып өтіп отырғанына тоқталып, татулық мекені ширек ғасыр мұғдарында көптеген игі істерге мұрындық болғанын тілге тиек етті. Облысты мекен еткен ұлттар мен ұлыстардың мәдениеті мен салт-дәстүрін таныстыратын этноауыл, қоғамдағы саяси-әлеуметтік мәселелерді талқылайтын Қоғамдық келісім кеңестері және өзге де бастамалар Өскемендегі Достық үйінен бастау алғанын айтты.

Екінші күнгі мерейтойлық шаралардың шымылдығы Достық үйі – қоғамдық келісім орталығының 25 жылдығына арналған форуммен түріліп, еліміздің әр аймағынан келген Достық үйінің директорлары Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы міндеттерді жүзеге асыру жайын жан-жақты талқылады. Семейдегі Достық үйінің директоры Берік Көпбаев Президенттің пәрменімен қоғамдық келісім орталығы деп атауы өзгертілген Достық үйлері шын мәнінде елді татулыққа шақырып, береке-бірлікке үндейтін тағылымды орталыққа айналғанын атап өтті.

Еліміздегі ең алғашқы Достық үйінің 25 жылдығына арналған мерейтойлық шаралар облыс орталығындағы драма театрда аймақ басшысы Даниал Ахметов, Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир Божко, Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Сергей Прокопенко, Сенат және Парламент Мәжілісінің депуттары Сергей Плотников, Ирина Унжакова мен Светлана Ферхоның қатысуымен өткен мерекелік гала-концертпен түйінделді. Салтанатты рәсімде сөз алған облыс әкімі жұртшылықты қоғамдық келісім орталығының ширек ғасырлық мерейтойымен құттықтап, бірқатар этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен мүшелеріне Достық үйінің 25 жылдығына арналған мерекелік медалдарды табыс етті. Сонымен қатар бұған дейін ескі ғимаратта отырған Достық үйі қызметкерлері жақын күндері Металлургтердің Мәдениет сарайына көшетіндігін жеткізіп, мерейтой иелерін бір қуантты.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН