02 Қазан, 2017

Жаңа жазуға жанашырлық керек

500 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бір нәрсе анық, қазір ұлт мүд­десі үшін кеудесін «оққа» тос­қан, жарғақ құлағы жастық көрмей жүр­гендер – менің әріптестерім, әсі­ре­се қазақ журналистері. 

Жаңа жазуға жанашырлық керек

Рухани жаң­ғыруды, ондағы латын жазуына көшу қозғалысында да алдыңғы қа­тарда келеміз. Латын әліпбиі сөз жоқ қазаққа керек. Оны ең көп пайдаланатын біздер үшін ма­ңызы тіпті ерекше. Себебі осы жа­ңа жазудың барлық ыстығы мен су­ығын бастан кешетін, әліпбидің ұлтқа қызметіндегі тағдыр-талай­ын­да жауапкершіліктің нар жү­гін арқалайтындардың біріміз. Ен­де­ше, ел болып Елбасы бастамасын қызу қолдап отырған тарихи кезеңдегі қоғамға керегі сарабдал сабыр. Президентіміз қайта-қайта ескертіп отырғандай асықпай, жан-жақты талқылап, саралап барып, түпкілікті шешім қабылдау ләзім. 

Осы жерде жаңа әліпби қа­был­данбай жатып-ақ жекелеген БАҚ латынша жазуды бастап кеп жі­берді. Ол-ол ма, кейбір жерлер­де маңдайшалар, бильбордтар латын­ша бой көрсетіп жатыр. Әліп­биі, ережелері қабылданбаған мұн­дай асығыстық көрерменді, оқыр­ман­ды адастыру болып шықпай ма? Түркия, Өзбекстан және Әзер­бай­жан­да дәл осындай ойсыз әрекеттің сал­дарынан шатасуға, адасуға, бас қатыруға ұшырап, әлі күнге дей­ін соның салдарынан айыға ал­ма­ғанын көзімен көріп, өз аузы­нан ес­ті­гендермен жүздестік. Сон­дықтан ла­тынша жазудың мән-жай­ын ғы­лыми ұйғарым жасал­май жатып, асы­ғыс аттандауға үн қоспайық.

Алдымен әріптестеріме, кісі­ге кеңес бермес бұрын өзіміз тере­ңі­нен зерттеп, анық-қанығына көз жет­кізіп алайық дегім келеді. 

Қазір қоғамдағы пікірлер әр-алу­ан, сан қилы көзқарас айтылу­да. Бәріне де төзімділік танытып, дұ­рыс қабылдауымыз керек. Осы орай­да солтүстік өңірде орыс тіл­ділер басым ортада тұтастай ал­ғанда қазақ тілінің латын жазуына көшуін түсіністікпен қабылдағаны қуантты. Талай орыс және орыс тілді тұрғындармен жүзбе-жүз тілдестім. Мәселенің терең, маңыз­ды, ұлттық оң жаңғыру екенін атап көрсетті. Айталық, облыстық ар­хив­тің басшысы В.Вишниченко, «Тэрра» шаруа қожалығының же­те­кшісі В.Семейкин, әріптесім «Кос­танайские новости» газетінің бас редакторы С.Харченко ағынан жа­ры­ла шынайы қолдайтындығын де­рек-дәйекпен айтқанда сүй­сі­несің. Бір­ге өмір сүріп отырған түрлі за­ма­ндастардың осындайдағы ішкі бірлігіне тәнті боласың. Әйт­се де тек тыз етпе эмоция­дан ғана тұратын, астарында қисынды ой жоқ, жұрттың бірлігі мен ынтымағына сы­зат түсіретін пікірсымақтар, әлеу­меттік желіні айтпағанда, үш-тө­рт кісі бас қосқан жерде жылт ете қа­лады. Мұндайда байсалды жау­абың болуы керек. Өйткені көбі жу­рналист ағайындардың аузын аң­дитыны анық.

Сұрақ көп. Бір мұғалім қа­зақ мектебін латынша бітіргендер ел­дегі жоғары оқу орындарында орысша кирилицада оқытатын ма­мандықтарға түсе ала ма? Се­бебі, елдегі, Ресейдегі ЖОО дені ұлт­ара­лық тілде екені анық қой дейді. Не­ге түспесін, түсе алады, себебі үш тіл де мектепте оқытылады. Бола­шағын айқындаған жасөспірім оқи­тын тілін тереңірек игеруге ұм­тылады дейміз. 

Менің айтайын дегенім, біз ел үшін керек озық ой-пікір,құнды ұсыныстарды жұртқа алдымен жеткізуге ұмтыламыз. Ендеше ұлт тағдырына тікелей қатысты бұл мәселеге жіті қарап, шынайы жана­­шыр болайық. 

Жанұзақ АЯЗБЕКОВ,

Қостанай облыстық  «Қостанай таңы»
газетінің директор-бас редакторы

Қостанай

Соңғы жаңалықтар