02 Қазан, 2017

Жазықсыз жапа шеккен Шынасылов

957 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Осыдан сексен жыл бұрын НКВД «Үштігіне» «ермек» болып, қазақ­тың Шамай Шынасылов есімді қабылан азаматы жазықсыз оққа ұшқан болатын. Тәуелсіздік алғаннан бері еліміз еңсесін нықтап, жарқын болашаққа нық қадам басып, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың саясатымен рухани жаңғырып, сталиндік қанқұйлы кезеңде нақақтан-нақақ өлгенін, өткенін, өшкенін түгендеп отыр. 

Жазықсыз жапа шеккен Шынасылов

Осы орайда Шамайдай ердің есімін айрықша атауымыз ләзім. Бүгіндері есімі көпке белгісіз, өнегесі ұмыт қалған Шынасылдың Шамайы – ұлт жолында құрбан болған ардақты азаматтарымыздың бірі. Ол 1897 жылы қазіргі Алматы облысының Ақсу ауданына қарасты №4 (Қазіргі – Ойтоған) ауылында дүниеге келген. Биыл ағартушы, қоғам қайраткерінің туғанына 120 жыл толып отыр. 

Шамай – бақ дарып, құт қонған оразды әу­леттен тарайтын текті азамат. Түп ата­сы Темей (Тынды), бабасы Төлебай, Есір­кеп те, өз атасы Досан, әкесі Шынасыл да ­өз заманының аты шыққан азаматтары болған. Бабасы Төлебай жоңғар, қалмақ соғысында «Абылайлап!» атқа қонған қазақ батырларының бірі. Аласапыран заманда жанқиярлық ерлігімен көзге түсіп, аты мұқым қазаққа мәшһүр бол­ған батыр­дың ерлігі І.Жансүгіровтің еңбек­терін­де айтылған-ды. Құтты бесіктен өсіп-өнген бала Шамай Біләл Сүлеев, Ораз Жандосов, Ілияс Жансүгіров сынды ел ағаларымен қатарласып, ұлт қызметіне жегіледі. 

Ақ пен қызыл өзара бақталасқан шақ­та, ел іргесі сөгіліп, халық жерін, мал-мүл­­кін тастап, Ақсудан Алтай өтіп, босып көше бастайды. Бұл уақытта қара халық­­ты біресе ағы, біресе қызылы шауып, бе­рекесін қашырады. Осындай қиын-қыс­тау зұлматты жылдары Шамай Біләл, Ораз ағаларымен бірігіп, елдің қорғаны болып, атаман Анненковтың езгісінен құ­тылу және ашаршылықтың алдын алу үшін «Матай-Садыр» ұйымын құрады. Бұл ұйым – әлсіздің қорғаны, жоқтың тіреуі, жәбір көргеннің панасы, жетімнің жебеушісі болды. Нәтижесінде Матай атасынан тараған бір қауым елді Бөрлі құмына тығып, аштықтан, Анненковтың қырғынынан аман-есен алып қалады. 

Кеңес үкіметі орнаған кезеңде, «Жер­ жү­зінің еңбеккерлері, бірігіңдер!» деген шақыруды қолдап, халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету жұмы­сына белсене араласады. Ақсу ауданы­ ау­мағынан «Қосшы» одағының бөлім­шелерін құруға көмек көрсеткен екен. Ол кезде бұл одақтың аудандық басшысы Б.Сүлеев, облыстағы басшысы О.Жандосов болатын. 1921 жылғы қолдан жасалған алғашқы аштықтан соң, Алматы облысының бірқатар аудандарында панасыз балаларға арналған мектептер ашыла бастайды. 1927 жылы Шамайдың қамқор­лығының, қайраткерлігінің арқасында Қарағаштағы бұрынғы «Мамания» мектебі жанынан 200 орынды «Балалар коммунасы» құрылады. Бұл Қарағаштағы мектеп – бай-бағландардың мүлкін тәркі­леу кезінде өртеніп кеткен еді. Міне, Ша­майдай ағартушының көрегенділігімен бұл мектептің ордасы қайта көтеріліп, ха­лықтың панасына айналады. Алматы облысы бойынша оқу-ағарту ісімен айналысып, қоғамдық-саяси қызметтері арқылы са­уат ашу ісін қолдаған қайраткердің үстінен заһарлы жылдары жөнсіз шағым­дар түсе бастайды. Жала жапқыш белсенді тың­шылардың көрсетуімен қыран текті азаматтың аяғына тұсау түсіп, 1937 жыл­дың 12 шілдесінде қамауға алынады. Оған тағылған айыпта: «Кеңес үкіметіне қар­сы қазақтардан құрылған ұлттық ұйы­м­­ның жетекшілерінің бірі болып, Алматы облысы атқару комитетінің төра­ғасы О.Жандосовтың басшылық тапсырмасымен Ақсу ауданында кеңес үкіметіне қарсы контрреволюциялық топ құрып, оны басқарды», – деп жазылыпты. НКВД үштігінің отырыс хаттамасында оның 1937 жылдың 28 қыркүйегінде тергеуде болып, өзінің қателігін толық мойындап, О.Жандосовтың тапсырмасын орындағаны айтылды делініпті. Ақырында НКВД Үштігінің шешімімен 1937 жылдың 15 қазанында ату жазасына кесіліп, мерт болады. Шамай неліктен атылды? Оның бар кінәсі – ұлтшылдығы, ұлтқа деген махаббаты, ағартушылық-қайраткерлік қызметі екен! 

Қайран, арысым-ай, қанатың қай­рыл­ғанша, еліңе, жеріңе адал болдың ау...Кей­де ойлаймын, осы Шамайды мұз мұрт Сталин де, қу жақ Голощекин де, тіпті «лимитшіл» Мирзоян да көрмеген болар. Шамайды құртқан «өз ауылының иттері» еді. Расымен, солай ғой. Әйтпесе, Сталин қайта тіріліп келсе де, ұлан-ғайыр мына даланың түкпір-түкпірінен «халық жауы» болып атылып кеткен боздақтарды түгел танып болмас еді! 

Шамайдай ердің ұрпақтары, ағайын-туысы өсіп, жетілген өркенді әулетке ай­нал­ды. «Орнында бар дүние оңалып», оның құрметіне көше аты берілді. «Халық жауы» деген жаласы – «халық перзенті» деген шынайы құрмет-ықыласты сөзге айналды. Ендігі үміт-тілек: аумалы-төкпелі заманда қазақ жастарын оқуға шақырып, ағарту ісімен айналысқан Шамайдай қай­раткердің есімін 120 жылдық айтулы мерейтойы қарсаңында Ақсу ауданындағы бір мектепке беріп жатса, нұр үстіне нұр болар еді. 

Жалпыхалықтық аза тұту күнінде жер басып жүрген адамның қолынан келері – шейіт кеткен құрбандардың рухына құран бағыштап, дұға ету ғана емес пе!Ендеше, біздің Шамайдай қайраткердің рухына бағыштар дұғамыз осы болсын.

Елдос ТОҚТАРБАЙ, 
әдебиеттанушы