Қазақстан • 03 Қазан, 2017

Сақ болыңыз, «сергек»!

552 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бірнеше күн болып қалды, Астанада жолда жүру тәртібін бұзып, алақұйындатып жүр­ген көлікті кездестіру қиын. Қай көшеге қарасаңыз да жылдамдықты асырмай­тын тәртіпті жүргізушілер... Қоғамдық көліктерге арналған жолақ бойынан тек ав­то­бустар мен таксилерді байқайсыз, басқа көліктер көрінбейді. Жол қоз­ға­лы­сы ережесін өрескел бұзатындар да көзге түсе қоймайды. Қазір екінің бірінің ау­зын­дағы әңгіме осы жайында – «Сергектен» сақ болыңыз» деп құлаққағыс жасап жа­тады.

 

Сақ болыңыз, «сергек»!

Бақсақ, астаналық жүргізушілердің әп-сәтте жолда жүру ережелеріне ерекше мән бе­руінің сыры бар болып шықты. Елордада 15 қыркүйектен бас­тап жолда жүру ережесін бұзғандарды сер­тификатталған суретке және бейнежазу құрыл­ғы­сы арқылы тас­паға түсіру басталды. Енді Ас­тана көше­ле­рін­де жылдамдықты асырғандар мен жол қозғалысы тәртібін бұзғандарға зама­на­уи құрал-жабдықтардың көмегімен әкім­ші­лік жазалау шаралары қолданылады. Әсі­ресе жүр­гізу­ші­лер көше қиылыстары мен бұ­рыш­тарында өте сақ болғаны жөн. Өйткені жан-жағыңыздың бәрі фотобейнебақылау. Жол ережесін бұзсаңыз, әп-сәтте таспаға түсіп қалу қиын емес. Бұл «Сер­гек» іс-шарасы бойынша тәулік бойы жүзеге асып жат­­қан жұмыс. Мамандардың айтуына қара­ған­да, «Сергек» жүйесі іске қосылғалы Ас­та­на көшелерінде құқық бұзушылық мүлде азай­ған.

 Жалпы, осы жылдың соңына дейін Астана қаласының аумағындағы 13 000 сурет және бейнежазу камералары біртұтас жүйеге біріктірілетін болады. Астананың сауда-ойын-сауық орталықтары мен театрларында, спорт ареналары мен мұражай­ла­рында және басқа да жұртшылық көп жиналатын орындарда орнатылған 3 000 бейнекамера да осы жүйеге енеді. Сондай-ақ жыл соңына дейін адамдар көп шоғырланатын орындарда – 4 000, жол бойлары мен қиылыстарында 6 000 «Сергектің» фотобейнекамералары қойылмақ. Демек қаланың қай бұрышы болсын бақылауда болады деген сөз. Ал қазіргі уақытта жаңа жүйеге қосылған 3 000 бейнекамера тәулік бойы жұмыс істеп, түсірілген фотобейнежазбалар арнайы құрылған тиісті орталықтарға жіберіле бастады.

Арнаулы жазба камералары орнатылатын орындар Астана қаласы ішкі істер департаментінің әкімшілік полициясы басқармасы және жергілікті полиция қызметі мамандарының қатысуымен алдын ала кеңінен талқыланған. Сондай-ақ Қазақстан Рес­публикасы Бас прокуратурасының Құ­қық­тық статистика және арнаулы есеп ко­ми­тетінің жол-көлік оқиғасы мен қылмысқа бай­ланысты электронды картасындағы мә­ліметтер де ескерілген.

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында жасалып жатқан кешенді жұмыс арқылы Астана «ақылды қалаға» айналады. Елорданың көшелері қала тұрғындары мен қонақтары үшін қауіпсіз болады деген үлкен үміт бар. Жасыратыны жоқ, «Сергек» іс-шарасы қолға алынғанға дейін Астана көшелерінде жол-көлік оқиғалары жиілеп кеткен болатын. Әсіресе жаяу жүргіншілердің көлік жүргізушілерінің кінәсінен жапа шегіп, тіпті мерт болғандары да аз емес. Балалардың да жол-көлік оқиғаларының салдарынан зардап шегуі көбейген еді. Қа­зір Астанадағы оқу-білім орындарының ма­ңын­да жылдамдықты са­ға­тына 40 шақы­ры­м­нан асыр­мау керектігін ай­ғақ­тайтын белгілер жа­салды. Сонымен бір­­ге бейнебақылау ка­ме­ра­ларының да қа­та­ры артты. Осының бәрі Ас­тана көше­ле­рінде құ­қық бұзушылықты азайтуға сеп болмақ.

Қала көшелерін жарық­тан­ды­ру­ды жақ­сар­­ту мақсатындағы жұмыс та осы «Цифрлы Аста­на» бағдарламасының аясында, «CISCO», «PHILIPS» және «LEDSolutions» ком­па­нияларының қаты­суы­мен жүзеге асып отыр. Бұл бағытта екі қанатқақты жо­ба қолға алынды. Бұл «Ақылды көше жа­рық­­тандыру» жобасы. Осы жоба арқылы қала көшелерін жарықтандыруға жұмсалатын электр энергиясының мөлшерін 60 пайызға дейін азайтуға, шамдарды ұстауға кететін шығынды 30 пайызға дейін кемітуге, оның қызмет көрсету мерзімін алты айдан 15 жылға дейін ұзартуға мүмкіндік болады. Жоспарға сәйкес шамамен 25000 нысандағы шамдар ауыстырылады.

«Цифрлы Астананың» әлеуетін арттыру бойынша қарастырылған тұжырымдама «Ақылды қалалардың» еуропалық үлгісі бойынша жасалған. Қазіргі уақытта қалада инфрақұрылым мен басқару әдістерін жетілдіру бағытында жүзеге асып жатқан жұмыстар Астананы «ақылды қалаға» айналдыратын болады. Бұл ретте «ақылды экономика», «ақылды қоғам», «ақылды басқару», «ақыл­ды өмір салты», «ақылды көлік», «ақыл­ды қоршаған орта» секілді жобаны іс­ке асырудың негізгі бағыттары белгіленді. Кешенді бағдарлама осы бағыттардың бар­лығын қамтып, Астана қаласының әкім­ді­гімен бірлесе отырып, кезең-кезең бойынша жүзеге аса бастайды. Қазір алғашқы нәтижелері де көріне бастады.

Астанадағы ең көкейкесті мәселенің бірі пәтер иелері кооперативтерінің жұмысы бола­тын. Бұл жөнінде тұрғындардың тара­пынан талай арыз-шағым айтылып, қала би­лігі бел шеше араласқанымен, жағдай айтарлықтай жақсара қоймаған еді. Енді бұл сала да «Цифрлы Астана» бағдарламасына енді. Негізі елордада 436 пәтер иелері кооперативі бар. Соның 250-і «е-КСК» жобасына қамтылып отыр. Бұл шамамен 1200-дей көп қабатты үй. Енді осы үйлерге қызмет көрсететін кооперативтердің жұмысы автоматтандыру жүйесіне қосылды. Келешекте Астанадағы басқа үйлер де осы қанатқақты жобаға қосылатын болады.

Ғалым ОМАРХАН,

«Егемен Қазақстан»