Президент • 05 Қазан, 2017

Ақтөбе елдегі ірі қалалардың біріне айналады

599 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Елбасының ел өңірлеріне сапары белгілі бір аймақ тұрғындарына, республикамыздың әр қиырында тұтастай жас мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосып жүрген еңбеккер азаматтарға жаңаша бір серпін мен тың күш-жігер береді десек, шындықтан ауытқи қоймаспыз. 

Ақтөбе елдегі ірі қалалардың біріне айналады

Өңірлердің өркені өсіп, өрісі кеңейген сайын ел экономикасының әлеуеті де соғұрлым тұғырлана түсетіні де ешқандай талас туғызбайды. Осындай жетістіктерге куә болу Елбасы үшін де, ел үшін де үлкен мерей екені анық. Осы тұрғыда республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздегі өндірісі өркен жайған өңірлердің бірі – Ақтөбеге арнайы келуі арайлы аймақтың жұртшылығын бір серпілтіп тастады.

Мемлекет басшысы мұнда ең алдымен «Казхром» трансұлттық компаниясы» АҚ-тың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты. «Каз­хром» дегенде осы іргелі кәсіп­орынның құрамындағы Ақтөбе ферроқорытпа зауы­ты­ның № 4 цехы қоса аталады. Аталған компанияның бас ди­ректоры Мемлекет басшысына бұдан үш жыл бұрын пай­далануға берілген еліміздегі ірі кәсіпорынның қазіргі жай-күйі туралы баяндап берді. Бұдан соң Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбе аймағында орналасқан «Казхром» трансұлттық компа­ни­я­сының алдағы даму перспек­тиваларына қатысты өз ой-пікірін ортаға сала келіп, нақты тапсырмалар жүктеді.

Жалпы құны 126,4 миллиард теңгені құрайтын елімізде ба­ла­масы жоқ өндірістік құрылым аталған трансұлттық компа­ния­­ның іс-жоспарына сәйкес жү­зеге асырылған. Осы жобаға сәй­кес елімізде жоғары сутегілік өнді­рістің көлемін одан әрі ұлғайту шаралары көзделген. Осыған орай №4 цехтағы балқыту үдерісінің көлемі өсіп, тағы да қосымша 4 пеш орнатылған. Өндірістегі мұндай өзгерістер өлшемі жаңаша сипаттағы ток тартылысы жылына 440 мың жоғары сутегілік феррохром өндірісін қамтамасыз етуге мүмкіндік бере алады. Алайда мұның өзі табыс шегі болмауға тиіс. Сондықтан кәсіпорынның негізгі тұтынушылары мен экспорт көлемін одан әрі көбейту жолдарын қарастырған жөн деп шегелей тапсырды Мемлекет басшысы. Ендеше бұған дейінгі Қытай Халық Республикасы, Еуропа елдері мен АҚШ мем­ле­кетіне шығарылып келген экспорт көлемі мен географиясы кеңейе түседі деген сөз. Бұдан кейінгі кезекте Президент кортежі Ақтөбе рельс-арқалық зауытына қарай бағыт алды. Мұнда кәсіпорын басшысы Андрей Кузьмин Президентті республиканың индустрияландыру картасындағы ең ірі жобалардың бірімен таныстырды. Кәсіпорын қазіргі күні ТМД мен Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігінде ұзындығы 120 метрлік «Р-65» стандартындағы табиғаттың қатаң жағдайларына төзімді термоберік темір жол рельстерін шығарады. Мұнда за­уыт­тың толық жобалық қуатына көшу уақыты алдағы 2018 жыл­дың аяғына белгіленген. Сол кезде жылына 430 мың тонна прокат шығаруға мүмкіндік туады. Жүрдек темір жол көліктеріне арналып шығарылған темір жол рельстері өзі тектес өнімдермен салыстырғанда термоберіктік қуатымен ерекшеленеді. Биыл­ғы жылдың 9 айында зауыт кон­вейерінен 116,4 мың тонна рельс өнімдері өндірілді. Оның жалпы құны 31,2 млрд теңгені құрайды. Бүгінгі күні «Ақтөбе рельс-арқалық зауыты» ЖШС-нің басты тұтынушылары Орталық Азия рес­публикалары болып табылады. Ең соңғы үл­гі­дегі заманауи технологиямен жарақтандырылған зауыт Ел­басының оң бағасын алды. Зауыттағы жаңашылдық көрі­ніс­тері бәсекелестікке қабілетті өнім­дер өндіруге мүмкіндік бере­тіні де Президент назарына ілікті. Аталған зауыт индус­трия­ландырудың ал­ғаш­қы бес­жылдығы аясында елі­мізде жүзеге асырылған біре­гей жоба. Бүгінгі күні зауыт өнім­дері экс­портқа жол тарта баста­ды. Бұған қатысты алынған арнайы серти­фикаттар Ақтөбе рельс­тері ұлттық және әлемдік стан­дарт­тарға сәйкес келетінін көрсетеді.

Аталған отандық кәсіпорын Ресейдің мемлекеттік стандарт­тарына сәйкес келетінін дә­лел­дейтін сертификаттарға да қол жеткізген. Мұның өзі зауыт өнім­­дерінің ауқымын әжептәуір көтеруге сеп­тігін тигізген.

Негізінен алғанда Ақтөбе рельс-арқалық зауытының өнімдері «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы инвестициялық жобасының қатарына кіреді. Сондықтан да Ақтөбе рельстері еліміздің аумағындағы магистральды темір жолдарға күрделі жөндеулер жүргізуге пайдаланылады. «Жұбановтар әлемі» мұражай-үйінде облыстың зиялы қауым өкілдерімен кездесу сәтінде Елбасы Ақтөбе рельс-арқалық зауыты еліміздегі ең ірі жұмыс беруші кәсіпорын ретінде ерекшеленетінін атап көрсетті.

Қазіргі кезде зауыттың инженер-конструкторлары толық автоматтандыру жүйесін құруға қол жеткізген. Біз мұны бірінші кезекте ақауларды көп болдырмау және күтпеген, кездейсоқ, оқыс жағдайлардың алдын алу үшін құрдық. Қазіргі коэффициенттік жүйе ойдағыдай жұмыс жасап тұр, деді зауыт директоры Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевқа.

Іргелі кәсіпорындағы емен-жар­­қын жүздесулер ке­зін­де Ақтөбе облысының әкімі Б.Сапар­баев Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа өңірде индус­­­трия­­лан­дырудың қазіргі екінші бесжыл­дығы тұсында қанат қаға бастаған өн­дірістік жоба­лар жөнінде айтып берді. Өңір бас­шысының мәлім­деуінше, бүгінгі күні Индус­трия­ландыру картасына енгі­зілген 94 жобаның 84-і пайдалануға беріліп үлгерген. Оның жалпы құны 565 мил­лиард теңгені құрайды. Өңірде жаңа өнді­ріс орындарының іске қосылуы 7,4 мың тұрақты жұмыс орнының ашылуы­на септігін тигізді, деді облыс әкімі.

Мемлекет басшысы биылғы жылдың басындағы «Қазақ­станның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жол­дауында орталық және жергілікті атқарушы органдарға «Нұрлы жер» бағдар­ламасын іске асыруды тапсырғаны белгілі. Нұрсұлтан Әбішұлы өңірге жұмыс сапары кезінде аталған бағдарламаның ойдағыдай орындалып келе жат­қа­нына көзін жеткізді.

Маңызды жоба бірінші кезекте құ­рылыс сапасына айрықша мән бері­луімен ерекшеленуі тиіс. Осы орайда Елбасы өңірдегі бұл бағдарламаның жай-күйі өзге өңірлерге үлгі-өнеге бола алар­­лықтай деңгейде екеніне риза­­шы­­лық танытты. Тұтастай алғанда, облыс орталығының шағын аудандарында 2017-2018 жыл­дары 423 аз қабатты жаңа тұр­­ғын үйлер бой көтермек. Сол кезде бұл араға кем дегенде 100 мың тұрғын қоныс тебе­тін болады.  Оның негізгі бөлігі биыл­ғы жылдың еншісіне тиеді. Сон­дай-ақ биыл «Нұрлы жер» бағ­дар­ламасына сәйкес мың­нан астам отбасы тұрғын үйлерін жақ­сарта алатыны да жақ­сы жетіс­тік. «Нұрлы жер» бағдар­ла­масының өңірлік ерекшелігінің басты бір сипаты әлемдік тұтыну үлгілеріне сәйкес келетін «таун­хаус» үл­гісіндегі 3-4 қабатты үйлер еке­нін өңір басшысы Бердібек Са­парбаевтың аузынан естігенде әрі бұл көрініске тікелей өзі куә бол­ған сәтте бұл қолдауға әбден тұ­рарлық бастама. Еліміздің қара­пайым тұрғындарының өмір сүру деңгейін жоғары сатыға көтеруге көмегін тигізе алатын ерекше фактор. Осындай үрдіс еліміздің өзге өңірлеріне де сіңісті болғанын қалаймын, деп өзінің шынайы тілегін білдірді Елбасы.

Тұрғын үй құрылысын салу үшін өңірде қанша адам кезекте тұрғаны да Президент назарынан тыс қалған жоқ. Өңірде олардың саны 130 мың болып шықты. Бұл санаттағы азаматтардың басым бөлігі Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде қажетті қаражаттарын қамдастырған. Оның дені өз­дері­нің төлем қабілеттілігін дәлел­деп үлгерген. «Нұрлы жер» – елі­мізде тұрғын үй кезегінде тұр­ған азаматтардың санын азай­ту­дың басты баламалы жолы. Осы орайда бұл бағдарламаның мүм­кіндіктерін толық пайдалану үшін бүгінгі күні 130-дан ас­там құрылыс компаниялары мен құрылыс индустриясы кә­сіп­орындары біркісідей жұмылған. Материал­дардың сексен пайызы жергілікті жерде өндірілетіні де «Нұрлы жер» бағдарламасы аясына кіретін тұрғын үйлердің өзіндік құ­нын тө­мендете түскені Ел­басының қана­ға­ттанушылық сезімін туғызды.

Облыста тұрғын үй құрылысын салу­мен қатар, ел-жұртқа қажетті инфра­құрылымдық жүйелер де бір мезгілде қатар орнығып келе­ді. Қазіргі күні «Нұр­лы жер» бағ­дарламасы аясында тұр­ғызылған жеке тұрғын үйлер аума­ғында 1200 орындық орта мектеп пен 300 адамды қамти алатын емхана құры­лыстарын мемлекет-жеке­мен­шік әріптестігі аясында салу бел­гіленген. Республика Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаев атал­ған бағдарлама аясындағы құры­лыс жобаларымен танысып, оның сапасына, сыртқы көрінісі мен ішкі интерьерінің өзара үйле­сім­ді­лігіне қанағаттанғандық танытты.

Инфрақұрылым дегенде жа­ңа тұрғын үйлерге тартылған «кө­гіл­дір отынның» тұрғындарға тигі­зетін әлеуметтік-тұр­мыстық жеңілдіктерінің орны айрықша. Мұндай жағдайда өмір сүру сапасы одан әрі арта бермек. Мұндай игі мақсатқа қол жеткізу үшін Ақтөбе аймағында газбен жабдықтау ісінің кешенді шаралары іске асып келеді. Облыс орталығының іргесінде тұрғызылған «АГРС 300» автоматтандырылған газ тарату стансасына жүктелетін әлеуметтік-тұрмыстық салмақ пен жауапкершілік осындай. Аталған станса Елбасының осы сапарында іске қосылды. Жалпы соңғы екі жылда өңірді газ­бен қамту деңгейі 60-тан 80 пайызға дейін өскен.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бо­ла­шаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты мақаласы еліміз­дің тұтастай рухани жаң­ғы­руы жөніндегі кең ауқымды бағ­дарламасын белгілеп берген қабырғалы құжатқа айналғаны белгілі. Президент өңірге жұмыс сапарының екінші бөлігін облыста осы мәселелерге байланысты белгіленген іс-шаралар кешенімен танысудан бастады. Атап айтқанда, бұл бағыттағы болашаққа бағ­дар деген басты тармақ келешек ұрпақ­тың рухани тұрғыдан жан-жақты үйлесімді дамуы деген ұғымды білдіре алады. Осы тұрғыда Ақтөбе ай­ма­­ғында қазір­дің өзінде іргелі қа­­дамдар жасалып үлгер­гені бо­­лашаққа белгіленген бағдар байып­ты екенін білдіреді.

Айталық, еркін елдің ер­тең­гі қамын көздей отырып тұрғы­зылған өңірдегі арнайы нысандар өскелең рухани сұра­ныс­тарды толықтай өтеу деңгейіне көте­ріле білген. Сонымен бірге сәні мен сал­танаты келіскен ғима­рат­тар Ақтөбе қала­сының архи­тек­туралық ажарын аша түскені атар таңдай ақи­қат. Солар­­дың қатарында өнер орталығы және шығар­ма­шы­лық ака­де­мия ғимараттары бар. Егер шығар­ма­шылық акаде­мия ғи­мараты туралы айтсақ, бұл ай­рықша ны­санның жобалық қуаты бір мезгіл­де 1000 адамды қабылдауға лайықталған. Академияның іске қосылуы 6-18 жас аралығындағы жеткін­шек­терді қосымша тәрбие беру тетіктерімен қамти алады.

Ғимараттағы күмбезді аспаны бар планетарий республика өңірлерінің бірде-бірінде кез­деспейді. Оған келушілер күн жү­йесіндегі барлық планеталарды тамашалай алады. Академия төбесінде орнатылған телескоп пен обсерваторияның да орны айрықша. Мұндай жоба келешек ұрпақ өкілдерінің жан-жақты өсіп-дамуына айта қаларлықтай алғышарт қалай алатыны жә­не Пре­зиденттің болашаққа бағ­дар беретін кең ауқымды бағдар­лама­сымен үндестік таба алғаны Ел­басының Ақтөбе облысына сапарының басты бір құндылығы іспеттес.

Рухани жаңғыру ісінің тағы бір тұғыры – ұлттық өнеріміз бен мәдениетімізге деген мем­ле­кет­тік тұрғыдағы шынайы жана­шыр­лық. Республика өңірлерінде тұтастай ұлт өнерінің өрістеуіне сүбелі үлес қосқан халқымыздың небір таңдаулы да талантты ұлда­ры мен қыздары дүниеге келген. Осы орайда Ақтөбе аймағы қазақ музыка өнерінің қайталанбас тұлғалары әкелі-балалы Ахмет Жұбанов пен Ғазиза Жұбанова туып-өскен текті топырақ екені де көпшілікке жақсы мәлім.

Өзінің мақтан тұтар ұл-қыз­дарының өшпес рухтарын ас­қақтату мақсатында Ақтөбеде биыл «Жұ­бановтар әлемі»
атауын ие­ленген тамаша мұра­жай-үй бой көтерді. Ақтөбе облы­сына жұ­мыс сапары барысын­да рес­пуб­лика Президенті Нұрсұлтан Назарбаев­тың осынау қас­тер тұ­тар ғимаратқа арнайы барып бас сұғуы тұтастай ұлт өне­рі мен мә­дениетіне деген құр­­мет пен тағзым белгісіндей әсер қал­дырды.

«Сылдырап өңкей келісім, тас бұлақтың суындай» деп данышпан Абай айтқандай, мұражай-үйде түр мен мазмұнның өзара ке­лісім таба білуі жоба жетек­ші­­лерінің терең пайымы мен пара­сатын танытқандай. Мұнда аталған тұлғалардың мәдени мұ­раларын келешек ұрпақтың бойлары мен сана-сезімдеріне сіңіруге басымдық берілген. Сон­дай-ақ «бұлақ көрсең – көзін аш» дегендей, өнерді пір тұтқан бұл мекенде дарынды балалар мен жет­кіншектердің тұла бойында тығылып жатқан талант ұшқы­нының шоғын үрлеу жолдары да қоса қарастырылған. Со­ны­мен бірге халықтық шығар­ма­шылық ұжымдар қызметі­нің өрістеуіне де жан-жақты жағ­дайлар жасалған. Әрі мұражай-үйі шығармашылық бағыттағы әр­түрлі авторлық кештер мен кездесулер және концерттер өткізуге де өте ыңғайлы. 

Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өнер ор­талығы мен шығармашылық ака­д­е­мия ғимараттарында өңір­дегі шығармашылық иелерімен, зия­лы қауым өкілдерімен кез­десті. Мысалы, өнер орталығында өткі­зілген кездесу кезінде өнердің өз өкілі Света Айтбаева облыс ор­та­лығында 1200 адамдық зәу­лім де еңселі өнер ордасының бой көте­руіне шапағатын тигізгені үшін Елбасына шынайы алғыс сезімін білдірді. Өйткені бұған дейін Ақтөбе қаласындағы концерт залдары – 400, әрі кеткенде 500 адамға ғана есептеліп келіпті.

Сондай-ақ Елбасы «Жұба­нов­тар әлемі» мұражай-үйінде болған кездесуде заманның бүгінгі биік тала­бы мен талғамына және өлшеусіз биік өзгерістеріне сай өмір сүре білу жөнінде орамды ой са­бақтады. Бұл ретте адам фак­­торы­ның елеулі рөл атқара ала­ты­ны туралы жүректерге жет­кізе айтты.

Елімізде жүзеге асып жат­қан игілікті істердің бәрі қазақ­стан­­дықтардың өмір сапасын одан әрі көтеру үшін жасалу­да. Мемлекетіміздегі ортақ табыс­­тардың тасқындай түсуіне ақтө­беліктердің қосып отырған үлес­тері де қомақты. Мен бұған бү­гінгі сапар барысында көз жет­кізе түстім. Ақтөбенің ер­теңі еңселі, болашағы асқақ. Ке­ле­шекте Ақтөбе қаласы елордамыз – Астана, мегаполис қала – Ал­маты және республикамыздың оңтүстігіндегі Шымкент секілді еліміздегі ірі шаһарлардың қатарынан орын алатын болады. Бүгінгі іргелі істердің бәрі осы мақсатқа жұмылдырылған өңірде ел ырысын еселей түсетіндей ілкімді істер мен өрелі өзгерістер мол бола берсін, деп түйін жасады облысқа сапарының қорытын­дысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.

 

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

Ақтөбе облысы

Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды