Кино • 09 Қазан, 2017

Алматыда «Көкжалдар» фильмінің жабық көрсетілімі өтті

1983 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әлмисақтан жеткен аңыз-әпсаналарға сенсек, бүгінгі түркі тектес халықтар Көкбөріден тараған. 

Алматыда «Көкжалдар» фильмінің жабық көрсетілімі өтті

Жаугершілік замандарда көне түркілерді түп-тұқиянымен жоғалудан қасқырдың көкшұланы аман алып қалған деседі. Тарихта адам баласын арланның құртқасы емізіп тұрған суреттер де бар. Ол неден қалған? Ақиқатында «Көкбөрінің ұрпағымыз» деген сөздің төркіні қайда? 

Жұма күні Алма­ты­дағы «Це­зарь» кино­театрын­да режиссер Еркін Рақы­шевтың кезекті картинасы – «Көкжалдар» фильмінің жабық көрсетілімі болып өтті. Фильм көкжалдың да иесі мен­ киесі бар екенін ұмытқан бір­­ аңшының құртқасымен бір­ге ­ұйығып, алаңсыз жүрген ар­­ланды атып алуынан бастала­ды. Тірі қалған көкшұлан ұли-­ұли адамзаттың баласына­ қар­ғыс айтып тауға қарай безе­ді. Сертіне берік қасқырдың қан­­­­­шығы себепсіз сыңарынан айы­­рылғанда сөзсіз кек алуды­ ой­лайды. Киноның шым-шы­тырық оқи­ғалары да осы сәттен бас­тал­мақ.

Көп ұзамай-ақ аңшының үйін­де ат ұстар ұл бала дүниеге ке­леді. Тірі қалған көкжалдың ұрғашысы аңдып жүріп, үш айлық баланы әке-шешесі көзін ала бере, ала қашады. 

Айтқандай, ешқандай «дрес­си­ровкаға» көнбейтін, цирк­те қолбала болып көрмеген көк­жалдардан актер шығаруға бола ма­ деген сұрақ туса, режиссер­ бұл мәселені де шешкен. Кинодағы «қасқырлар» сөзсіз жақсы ойна­ды. Оқиғаны өз тараптарынан соңы­на дейін алып шықты. 
Әдетте, режиссер кинематографияда қандай дилетант болса, оның дарындары да кинода экранға кез­дейсоқ жолдама алады. Үш жасында көкжалдың ем­шегін еміп, бауырына түскен нәресте Мұратжан шуылдаған бөлтіріктерімен бірге құртқаны та­ласа еміп жатқаны да тамаша сюжет екенін сөзсіз мойындау ке­­рек. 

Жаңа кино туралы пікір ай­ту­ға құқығы бар кәсіпқой кө­рерменнің бәрі бір ауыздан Түл­кібастан шыққан Мауглиді ойнаған спортшы Жандос Исаев­тың актерлік талантын мо­йын­дады. Төбеден аңдыған тік­ұшақ, жерден қуған джип, атпен артынан қалмаған адамға күн демей, түн демей алдырмай, көкжолдармен қоса желдей жүйт­кіген көкжал-адам болу үшін актерға ерекше дайындық, үл­кен күш-қуат керек. Көздері жа­байы мысықтың көзіндей от ша­шып, қасқыр да болып ұлыған, адам да болып қасірет шеккен Жан­дос Исаев жұлдызды рөлін тауыпты. 

Осы арада көркем фильмнің идея­лық авторы танымал ел ағасы, саяси қайраткер Амалбек Тшанов екендігін айту керек. Сценарийін режиссермен бірге Рамазан Құрманбаев жазған.

Сонымен, жылдар өтіп, әке­ алған аңның қарғысымен арлан­дардың арасында жігіт өлмей ер жеткенде, маңайдағы ауылдар­дан қорықта қасқырлармен бірге адам жүр екен деген сыбыс шы­ғады. Сыбыстың арты шынға айна­лып, ғалымдар шақырылып, адамдардан жасақ құрылып, көкжал-адамды қолға түсірмек болады. Картинада қапыда із-түс­сіз жоғалған ұлдың әке-ше­шесінің де қасіреті бар. 

Дегенмен, далада өскен, аң­шы­­лық құрып көрген, өлігін де көр­сетпес көкжалдардың қасиетін білетін, ауылдың тіршілігіне етене таныс көрерменнің әттең-ай, десіп отырған сәттері де бол­ды. Бір қайнауы ішіндегі кем­шілікті режиссердің әлі де толық­тыруға мүмкіндігі бар. Жабық көрсетілім, оңаша талқылаудың да пайдасы осы болмақ.

Елжандылық тұрғысынан ал­ған­да, жаңа фильмнің ұтар тағы бір тұсы – Оңтүстік Қазақ­стандағы Түлкібас ауданының ең көрікті жері Ақсу-Жабағылы қорығында түсі­рілген картинадан ғажайып шатқалдарды, аспанмен таласқан тауларды, көз талатын терең шатқалдарды, ертегідей сұлу ормандарды табасыз. Апырым-ай, дәл іргемізде осындай сұлу мекен бар екен-ау деп тамсанып, таңдай қағарсыз, көрермен. 

Ой кештірген көркем фильм соңына жеткенде сахнаға түсіру тобы көтерілді. Аз болса да саз көрермен сөз алды. Серікболсын Әбділдин, Амалбек Тшанов, Ора­залы сынды аузының дуасы ел ағалары бүкпесіз, шынайы пікірлерін білдірді. Ұлттық рух,­ рухани жаңғырудың нышандары ұшқындаған жаңа туын­дының түсірілуі ауыр болса да кө­рермені жеңіл болсын деп тіледі.

Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Суретте: «Көкжалдар» фильмі­­­­­­­­­­­­­­­­нен көрініс