Жекпе-жек • 10 Қазан, 2017

«Grand Prix» кезеңінде қазақстандық дзюдошылар төрт медаль иеленді

297 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында дзюдодан кезекті әлемдік «Grand Prix» кезеңі аяқталды. Турнирге әлемнің 30-ға жуық елінен 200-ден аса дзюдошылар қатысты. Ташкент татамиінде ел намысын Қазақстан құрамасынан 24 дзюдошы қорғады. 

 

«Grand Prix» кезеңінде қазақстандық дзюдошылар төрт медаль иеленді

«Grand Prix» кезеңінің алғашқы жарыс күнінде қазақ­стандық дзюдошы Абылайхан Шаратов пен Севара Нышанбаева құрама қоржынына қола жүлде салды. 60 кило салмақ дәрежесінде белдескен Абылайхан Шаратов қола жүлде үшін өткен кездесуде жергілікті өзбек балуаны Достан Рузиевті иппон ұпаймен жеңсе, 57 кило салмақтағы бұрымды балуанымыз Севара Нышанбаева австриялық Саб­рина Филзмосерден басым түсіп, Қазақстан қоржынына екінші қола медальды салды.

Ал Гран-при турнирінің екінші күнінде қазақстандық дзюдошы Жансай Смағұлов жарыс жеңімпазы атанды. 73 килода сынға түскен отандасымыз финалда өзбек балуаны Гиесжан Бобоевты уақытынан бұрын иппонмен жеңіп, ел қоржынына алтын жүлдені салды. Жарыстың соңғы күнінде +78 кило салмақ дəрежесінде татамиге шыққан Гүлжан Исанова ширек финалда өзбекстандық Нодира Жума­ниязованы, жартылай финалда Рахима Ёлдашованы иппонмен жеңіп, финалға жолдама алған болатын. Өкінішке қарай, финалда словениялық Анамари Веленсекке есе жіберді.

Үш күнге жалғасқан жарыс­та Қазақстан құрамасының балуандары бір алтын, бір күміс және екі қола медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте бе­сінші орынға тұрақтады.