Қазақстан • 10 Қазан, 2017

Елбасы «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысымен кездесті

231 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетовпен кездесті, деп хабарлайды Akorda.kz.

Елбасы «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысымен кездесті

Сурет Akorda.kz сайтынан алынды

Хабарламаға сәйкес, Қайрат Келімбетов Мемлекет басшысына халықаралық қаржы орталығын іске қосуға дайындық жұмыстары жөнінде баяндаған. Жаңа қаржылық орталық әлемнің үздік тәжірибесін ескере отырып жүзеге асырылмақ.

Сондай-ақ, Қаржы орталығының басқарушысы Президентке АХҚО Тәуелсіз сотының және Халықаралық арбитражды орталығының нормативтік құжаттары дайын болғанын мәлімдеді. Аталған екі сот билігінің институттары 2018 жылы қаңтар айында ашылады деп жоспарланып отыр.

Қайрат Келімбетов Нұрсұлтан Назарбаевты орталықты дамыту бағыттарымен таныстырып, АХҚО-ның жоғары технологиялы биржасын құру жөнінде баяндады.

АХҚО басқарушысы атап өткендей, бүгіннің өзінде Шанхай қаржы биржасымен және Nasdaq Inc. компаниясымен келісім жасалған. Бұл келісімдер  қаржы орталығының одан әрі дамуына әсер етпек.

Келімбетовтың есебін тыңдаған соң, Н.Назарбаев бірқатар нақты тапсырмалар берді.