Әлем • 12 Қазан, 2017

Н.Назарбаев Сочиде өткен ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты

1261 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының кеңесінде бірқатар маңызды шешімдер қабылданды

 

Н.Назарбаев Сочиде өткен ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты

Қара теңіздің жағасындағы бас­қо­суға Қазақстан Республикасының Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Феде­ра­циясының Президенті Владимир Путин, Беларусь Республикасының Прези­денті Александр Лукашенко, Армения Рес­публикасының Президенті Серж Саргсян, Әзербайжан Республикасының Президенті Илхам Әлиев, Молдова Республикасының Президенті Игорь Додон, Тәжікстан Рес­публикасының Президенті Эмомали Рах­мон, Өзбекстан Республикасының Пре­­зиденті Шавкат Мирзиёев, Тү­рік­мен­стан Республикасының Прези­денті Гурбангулы Бердымұхамедов, Қырғыз Республикасының Премьер-Ми­нис­трі Сапар Исақов, сондай-ақ ТМД Ат­қа­ру комитетінің төрағасы – Ат­қа­рушы хатшысы Сергей Лебедев  келді. 
Молдова мен Өзбекстан елдерінің пре­зиденттері ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының кеңесіне алғаш рет қатыс­қанын айта кетейік. Мемлекеттер лидер­лерін Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин қарсы алды. 

Сәлемдесу және жалпы суретке түсу рәсімінен кейін мемлекеттер басшылары шағын құрамда кездесу өткізді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев шағын құрамда өткен отырыста:

– Құрметті әріптестер! Өткен жылы біз сіздермен бірге Тәуелсіз Мемлекеттер Дос­тастығының 25 жылдығын атап өт­тік. Бұл бізге Достастықтың атқарған жұ­мыс­­­тарының қорытындысын сара­лауға мүмкіндік берді. ТМД-ның арқасын­да біздің сауда-экономикалық қатынас­тары­мыз ілгерілеп келеді, соның ішінде еркін сауда аймағын құру туралы келісім басты алғышарт болғанымен келісемін. Осы уа­қыт аралығында біздің қол жеткізген жетіс­тіктеріміз аз емес. Алдағы уақытта осы­мен шектеліп қалмауымыз керек деп санаймын. Ұйымның қызметін жетіл­діріп, бүгінгі күн талаптарына бейім­деуді одан әрі жалғастыруымыз қажет. Осыған байланысты, келесі мәселелерге назар аударғым келеді. Біріншіден, бү­гінгі таңда Достастықты дамытудағы бас­ты стратегиялық құжат 2007 жылы қа­был­данған ТМД-ны одан әрі дамыту тұжырымдамасы мен оны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары болып табылады. Аталған құжат ТМД қызметінің саяси, экономикалық, гуманитарлық сала­лардағы өзара іс-қимылы мен мәсе­ле­лердің қауіпсіздік саласындағы ынты­мақ­тастық секілді кең ауқымын қамтиды. Ал осы салаларда нақты жұмыстар атқа­ры­луға тиіс. Сол себепті қазіргі тұжырым­даманың ережелерін бүгінгі күн талаптарына бейімдеуіміз керек, сонымен қатар атқарылатын жұмыстардың жоспарын әзірлеуіміз керек деп санаймын, – деді. 

Елбасы, сондай-ақ әлемдік эконо­ми­кадағы құбылмалықтың әлі де сақталып отырғанын айта келіп, ТМД мемлекеттері өзара сауда-экономикалық қатынастарын тереңдете түсуі қажеттігін, экономикалық өсімді қамтамасыз ететін жаңа ресурстарды іздестіру керектігін жеткізді.

– ТМД аумағында қызмет көрсетудің еркін саудасы бизнесмендеріміз үшін зор мүмкіндіктер туғызып, елдеріміздің сауда-экономикалық кооперациясын жаңа деңгейге шығарады. Үкіметтер басшыларының кеңесі мен Атқару комитетіне Қызмет көрсетудің еркін сау­дасы туралы келісім жобасы бойынша жұмысты жандандырып, оны жуық арада қабылдауды тапсыруды ұсынамын, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Феде­ра­циясының осы ұйымға төрағалығының нәтижелі болғанын айтып, келесі жылы ТМД-ға төрағалық ететін Тәжікстан Рес­публикасына табыс тіледі.

Осыдан кейін ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кеңейтілген құрамда өткен отырысына кезек келді. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өт­­кен кеңейтілген отырыс барысында ТМД аясында өзара іс-қимылды одан әрі нығайту жолдары талқыланды. Дос­тас­­тық жұмысының тиімділігін арттыру, мү­ше мемлекеттер арасында сауда және ин­вес­тициялық байланыстарды тереңдету мәселелері бойынша өзара пікір алмасылды. 

Сонымен қатар, Тәжікстан Респуб­ли­касының 2018 жылы ТМД-ға төрағалық ету кезеңінде атқаратын жұмыс жоспары, Түрікменстан тарапының Достастықты одан әрі дамытуға қатысты ұстанымы және ТМД-ның Парламентаралық Ассам­блеясы аясында  атқарылған жұмыс­тардың қорытындысы ортаға салынды. Қауіпсіздік, қорғаныс, сыбайлас жем­қорлыққа қарсы бірлескен іс-қимыл, ғарышты бейбіт мақсатта зерттеу және пайдалану, мәдени-гуманитарлық ынты­мақ­тастық мәселелеріне жан-жақты көңіл бөлінді. Мемлекеттер басшылары От­басы институтын және дәстүрлі отба­сылық құндылықтарды қолдау туралы мәлімдеме қабылдады. 

Мемлекет басшыларының кеңесі тиісті өкілеттіктерді үкімет басшыларының, сыртқы істер министрлерінің, қорғаныс министрлерінің, шекара әскерлері қол­бас­шыларының кеңестеріне, сонымен қатар Экономикалық кеңеске беру арқылы Достастықты дамытудың негізгі стратегияларына баса назар аударылды. 

Кеңейтілген отырыс нәтижесінде мем­лекеттер басшылары бірқатар халық­аралық құжаттарға қол қойды. Олардың  арасында Қылмыстық істер бойынша заттай айғақ болып табылатын есірткі заттарын, психотропты заттар мен оларды жасайтын заттарды, отты қару, оның негізгі бөлшектерін, оқ-дәрі, жарылғыш заттар және жарылғыш құрылғыларды беру тәртібі туралы хаттама бар. 

Сонымен қатар ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының кеңесі:

 - Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына төрағалық жасау туралы; 
- Тәуелсіз Мемлекеттер Дос­тас­ты­ғына қатысушы мемлекеттердің Пар­ла­ментаралық Ассамблеясының қызметін жетілдіру және оны бүгінгі күнге бейімдеу туралы; 
- Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығында 2019 жылды – Кітап жылы, 2020 жылды – 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығы жы­лы деп жариялау туралы;
- Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер басшыларының От­басы институтын және дәстүрлі отба­сылық құндылықтарды қолдауы жөніндегі мәлімдемесі туралы;
- «Достастықтың мәдени астаналары» мемлекетаралық бағдарламасын 2018 жылы – Армения Республикасында, 2019 жылы – Беларусь Республикасында, 2020 жылы – Қазақстан Республикасында іске асыру туралы;
- Мемлекеттер басшылары кеңесінің, Үкімет басшылары кеңесінің, Сыртқы істер министрлері кеңесінің және ТМД Экономикалық кеңесінің арасындағы өкілеттіктерді ажырату туралы;
- Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Ішкі істер министрлерінің кеңесі туралы ережеге өзгеріс енгізу туралы;
- Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің қылмыстық жол­мен тапқан табыстарды заңдастыруға, терро­ризмді қаржыландыру мен жаппай қырып-жою қаруын таратуды қар­­жы­лан­дыруға қарсы іс-қимыл саласын­дағы ын­тымақтастығы тұжы­рым­дамасы туралы;
- Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл ынтымақ­тас­тығының тұжырымдамасы туралы шешімдер шығарды. 

Осыдан екі жыл бұрын Бурабайда ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының кеңесі өткені мәлім. Аталған саммитте Қазақ­стан  Президенті Н.Назарбаев ТМД-ны трансформациялауға бағытталған бір­­­қа­тар бастама көтерген болатын. Ара­­­ға бір жыл салып қыркүйек айында Біш­­­кек қаласында өткен ТМД-ға мүше мем­­лекеттер басшыларының кеңесінде Н.Назарбаев ұсынған бастамалар­дың негі­­зінде Достастықты бүгінгі шын­дықтар­ға бейімдеу туралы шешім қабыл­дан­ған-ды. Ал Сочидегі саммит барысында да Қа­зақ­стан Президенті көтерген мәсе­лелер то­лықтай қолдау тапты деуіміз керек. 

ТМД-ға мүше мемлекеттер бас­шы­ларының кеңесіне арқау болған ұйым туралы аз-кем мәлімет келтіре кетейік. Ең алғаш 1991 жылы Беларусь Республикасы, Ресей Федерациясы және Украина елдерінің басшылары Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру туралы келісім жасасқан-ды. Сол жылдың желтоқсан айында Алматыда 11 егемен ел тиісті Хаттамаға қол қойып, барлық рес­публикалар тең құқықты негізде ТМД-ны құру туралы шешім қабылдады. 

Қазақстан тарапы ТМД-ға 2015 жылы төрағалық етті. Төрағалық тұсында, яғни сол жылдың 29 мамырында Бурабайда мүше елдер үкіметтер басшыларының отырысы, 15 қазанда елордада Сыртқы істер министрлерінің кеңесі, 16 қазан күні ТМД-ға мүше мемлекеттер бас­шы­ларының кеңесі өтті. 

Былтыр ТМД-ның құрылғанына 25 жыл толуына орай, Қырғызстан тара­пы­ның төрағалық жасауымен Сыртқы істер министрлерінің кеңесі, Бішкек қаласында қатысушы мемлекеттер басшыларының саммиті өтіп, 25 жыл ішінде атқарылған жұ­мыстар қорытындыланды, президент­тер осы пішімде одан әрі жұмысты жал­ғас­тыруға, өзара түсіністік пен бірлескен іс-қимылды нығайта түсуге, халықтың тұр­мысын жақсартуға және игі­­­ліктерін арттыруға, өзара қарым-қаты­насты одан әрі дамытуға әзір екен­діктерін жеткізген. 
2017 жылы төрағалық мәртебе Қыр­ғыз­станнан Ресей Федерациясына өтті. Ресейдің төрағалық тұжырымына сәйкес, бүгінгі таңда халықаралық ұйым тарапынан негізгі күш-жігер мына мақсаттарға бағытталуда: 

- Аймақтық мемлекетаралық ұйым ретінде ТМД-ны одан әрі нығайту және дамыту, оның әлемдік аренадағы абыройы мен ықпалын күшейту;
-ТМД қызметінің тиімділігін арттыру бойынша келісілген шараларды іске асыру, жұмысты бүгінгі ықпалдастық негізіндегі даму талаптарына бейімдеу;
- ТМД кеңістігінде ықпылдастық үдерістерін және өзара тиімді ынты­мақ­тастықты дамытуға саяси қолдау көрсету;
- Терроризмге, экстремизмге, есірткі заттары мен психотропты заттардың заңсыз айналымына, адам саудасына және заңсыз көші-қонға қарсы күрес саласындағы ынтымақтастықты дамыту. 

Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан» – 
Сочиден (Ресей)