Қазақстан • 12 Қазан, 2017

Түйе сүтін өндіруді ең жақсы меңгерген халық

2320 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақстандық шаруаларды кәсіпке оқыту және үйрету ісімен шұғылданатын «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Біліктілік орталығының шақыруымен келіп, елімізде жұмыс істеп жатқан БҰҰ Азық-түлік ұйымында қызмет ететін неміс сарапшысы Марио Юнанмен жолығып, әңгімелескен едік. Ол әлем елдеріндегі түйе шаруашылықтарының даму жағдайын зерттеп жүр екен. 

Түйе сүтін өндіруді ең жақсы меңгерген халық

– Марио Юнан мырза, әлем­де қанша ел түйе өсіру ісімен айна­лысады?
– Әлемде 48 мемлекет түйе өсіреді. Соның ішінде Африка­дағы бірқатар мемлекеттер мен араб елдері осы іспен көбірек шұғыл­данады.
– Олардағы түйе шаруашы­лықтарының жағдайы қалай? Біздің Қазақстанға қарағанда қандай артықшылықтары бар?
– Жалпы, бәлендей артықшы­лықтары бар деп айтуға келе қоймайды. Дегенмен түйені қай ел көп өсіреді десеңіз, ол ел – Сомали. Бүкіл әлемдегі түйелердің үштен бір бөлігі осы елде шоғырланған. Ал түйе етін өндіру көлемі жағы­нан алғанда, тағы осы Сомали мен Эфиопия алда келеді.
Ал Қазақстанға келетін болсақ, сіздің елде де мақтан тұтып айтуға болатын жайттар бар. Мәселен, мен түйе сүтін өндіру мен одан пайда алудан басқа елдерге қара­ғанда Қазақстан көш ілгері тұр деп есептеймін. Қазақтар түйе сүтінен шұбат өндіруді өте жақсы мең­герген. Шұбаттың адам денсау­лығына пайдасының мол екендігі қазір дәлелдену үстінде. Оның үсті­не қазақтар шұбат артылып қалса, одан құрт жасайды. Қысқасын айтқанда, түйе сүтін рәсуә етпей, толық пайдаланудың барлық амал-тәсілдерін жақсы меңгерген. 
Шынын айтайын, мен түйе өсіретін әлемнің бірқатар елдерінде болып, олардың шаруашылық жүргізу, өнім өндіру тәсілдері­мен танысқаныммен, түйе сүтін осы­лайша толық пайдаланып, түгел­дей кәдеге жарататын Қазақ­станнан басқа елді көрмедім.
– Ал енді түйе өсіру, оның өнімділігін арттыру жөнінен бізге қандай ақыл-кеңес берген болар едіңіз?
– Түйені өсіру және бағу тәсіл­дері жөнінен қазақтарға бірдеме үйрету қиын болар. Өйткені олар өздері орналасқан өңірдің табиғи жағдайымен менен гөрі жақсы таныс және осы ортада жүздеген, мы­ң­даған жылдардан бері түйе ша­руа­шы­лығымен шұғылданып келеді ғой.
Дегенмен заманның өзгерісі, бар­ған сайын алға кетіп бара жат­қан ғылым мен техника және жаңа технологиялық жаңалықтар түйе өсіру ісіне де жаңа қырынан қарау­ды қажет ететіндей. Сөз жоқ, түйе ең төзімді түлік түрі болып та­былады. Ыстық пен суыққа және шөлге өте шыдамды. Бірақ со­лай екен деп оның күтіміне бей-жай қарауға болмайды. Мәселен, сіз­дің елде түйені қосымша жем­деу ­мәселесіне оншама мән беріл­мейді екен. Түйені, әсіресе, қыс кезінде қосымша жемдесе, оның өнім­ділігі арта түскен болар еді.
Тағы бір байқағаным, түйе өсіре­тін шаруашылықтар бірігіп тірлік құру мәселесіне әлі күнге көңіл бөлмей келеді. Егер олар бірігіп, түйе өсіретін шаруашылықтардың бірлестігін немесе ассоциациясын құратын болса, бұл олардың проблемаларына Үкімет назарын аударуға, сондай-ақ өзіндік жақсы тәжірибелерді таратуға, өнімді өткізу мәселесін шешуге жақсы ықпал еткен болар еді.
Сондай-ақ Қазақстанда түйе сүті жөнінде ешқандай статис­тика­лық мәлімет жоқ. Елдің Ауыл шаруашылығы министрлігі ФАО-ға есеп жөнелткен кезде осы мәсе­леге мән берсе жөн болар еді.
– Қазақстандағы түйелердің тұқымы жөнінде не айтқан болар едіңіз?
– Қазақстанда өсірілетін түйе­лердің басым көпшілігін екі өркешті бактриан тұқымы құрайды. «Қазақ бактрианы» деген тұқым бар. Бұл негізінен ет пен жүн бағытында өсіріледі. Сүті өте майлы болып келеді. Жал­пы, Қазақстанда Кеңес Ода­­ғы кезі­нен бастап бактриан тұқы­­мы­­ның селекциясы жақсы жолға қо­йылған. Оған үш бағытта селекция жүргізілген. Соның нәтижесінде етті-жүнді және етті-сүтті бағытта тұқымдық қасиеті жоға­ры жақсы түйелер алуға қол жеткізілген. Осы жағдайды ескере отырып «қазақ бактрианын» шетелдерге сол елдердің түйелері­мен будан­дастыру арқылы сүттің май­лылығын арттыру үшін ұсыну­ға болар еді.
Сондай-ақ Қазақстанда сүт бағытындағы аруана тұқымының түйелері өсіріледі. Мұндай түйе­лер­ді негізінен Қазақстанмен қатар Түрікменстан, Пәкістан, Сауд Ара­биясы елдері өсіреді. Мұндағы Қазақстанның бір ерекшелігі жер­гілікті тұқымды «түрікмен аруа­насымен» будандастыру арқылы «қазақ аруанасы» жаңа тұқымның алынуы. Бұл – түйелер арасындағы элиталық тұқым болып есептеледі.
Жалпы, Кеңес өкіметі кезінде Қазақстанда түйе тұқымының селекциясына, оны асылдандыруға үлкен мән берілген екен. Соның нәтижесінде сіздердің елдеріңіз­де тұқымдық қасиеті жоғары, өнімдері сапалы жақсы түйелер өсіп шыққан. Ал әлемнің көпте­ген елдерінде түйе тұқымының селек­циясына әлі күнге дейін дұ­рыс көңіл бөлінбей келеді. Осы тұрғы­­дан алғанда, әлемнің басқа елдеріне қарағанда Қазақстанда түйе шаруа­шылығы ғылыми негізде жақсы дамыған деп айтуға болады. Ендігі бір үлкен міндет осы үр­дісті әлсіретпей сақтап қалу бо­лып табылады. Өйткені жерінің үлкен бөлігін шөл және шөлейтті өңірлер құрайтын Қазақстан үшін түйе өсіру, оның өнімділігін арт­тыру бірден-бір тиімді бағыт екендігі анық. 
Менің Қазақстаннан тағы бір байқағаным, мұнда бір өркешті түйе­лер мен екі өркешті түйелерге буда­ндастыру жұмыстары жүр­гізіл­ген екен. Мұндай қызықты тәжі­рибені мен басқа елдерден байқамадым.
– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен 
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар