Қазақстан • 12 Қазан, 2017

«Өмір-өзен» кітабының таныстырылымы өтті

947 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Жақында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Президент, «Алтын Жұлдыз» және Жастар одағы сыйлықтарының лауреаты Бейбіт Құсанбектің «Келешек» баспасынан жарық көрген «Өмір-өзен» кітабының таныстырылымы өтті.

«Өмір-өзен» кітабының таныстырылымы өтті

Қайран, уақыт! Аспан­нан ағып түскен жұлдызға бара-бар марқұм курстасымыз Бейбіт Құсанбекті жоғалтып алғалы бері көзді ашып-жұм­ғанша ойпаңды он жыл қалайша уысымыздан құмша сырғып өте шыққан десеңші. Көзі тірі болғанда биыл 55-ке толып, қос бестіні күймеге жеккен дүлдүлдей найқалып, қолындағы үкілі домбырасын бебеулетіп, шіркін-ай, өзінің сүйіп орындайтын «Бір мысқалын» қызыл шырайлы жүзі алабұрта шырқап отырар еді-ау арамызда дейсің. «Қане, енді жұп болсын!» деп жан-жақтан есі кете қау­малаған достарына жадырап: «Ал енді бәріңіз сүйіп тың­дай­тын «Көзің қайда!» әнін айтып берейін» деп думанды ортаның шөліркеген көк­жиегіне әсем әннің бұлақ­тай нәрін қанаттанып бүркіп-бүркіп жіберер еді-ау.

«Көзің қайда,
Сондағы көзің қайда?
Көзіңдегі кіреуке сезім
қайда?!
А-а-а-ай, а-а-ай,
Кіреуке сезім қайда?»... О заманда, бұ заман көзді іздеген жанды көрген бе едіңіз?! Адал жар іздедім, сүйгенімді іздедім демейді. Кісінің көзінде алуан-ал­уан сыр тұнып тұратынын, тұңғиықтағы тылсымды небәрі он сегіз жастағы өрен осы өлеңіне қалай әде­мі тауып, арқау еткен-ай дей­сің. Одан әрі қарай оның күлкісін, назын іздейді.

«Назың қайда?..
Сен емдесең,
Жүрегім жазылмай ма?..»,
«...Күлкің қайда,
Мені ойласаң жүрегің бұл­қынбай ма?...» Мәтіні қан­дай мәйін! Ұлпадай үл­бірейді, ауадай жеңіл. Осы ретте ақын Есенқұл Жақыпбектің «Өмір өтті зырғып ағып...» атты әні тіл ұшына еріксіз орала ке­теді. «Көк шыққанға бiр қуа­нып, Шөп шыққанға бiр қуанып, Өмір өтті-ау зырғып ағып, зырғып ағып. Қызғалдаққа бiр қуанып, Сарғалдаққа бiр қуанып, Өмір өтті-ау сырғып ағып, сырғып ағып...». Мұны мысалға келтіріп отырған себебіміз, әндердің мәтіні негізі осылай тез жатталатындай қарапайым, ішкі өрімі өріктей уылжып, тез жұтылып, санаға жылдам сіңіп кетуі керек қой. Ал біздің қазіргі эстраданың ең басты түйткілі, сұмдық кемшілігі мәтіннің шылбырсыз кетіп қалғандығында болып отыр. Өкініштісі, ондай дүбәра дүниелер эфир арқылы емін-еркін насихатталып, кең далиып тарауда. Сөйткен экра­ныңыз телевидениенің на­ғыз саңлағы – Бейбіт Құ­сан­бектей дара тұлғаның әл­гіндей сөзі мен әні әсем әсер­лі әндерін, өлеңдерін, өнерін ұдайы насихаттап отырса, нелері кетеді?!

Ал оның орындаушылық шеберлігі өз алдына бір бөлек әңгіме, әрине. Шір­кін­-ай, дегізер жағымды қо­ңыр үні құлағымыздың тү­бінде әлі шымырлап сайрап тұр. Әдетте марқұмды еске алған сәтте әуелі кісі­нің жарқын бейнесі көз ал­дыңызға көлбей келе қала­тыны рас-ау. Ал біздер үшін Бейбіттің жайдарман­ бейнесі, қазақ тілінің мүд­десіне орай ой толғаған телеви­дениедегі байсалды қалыбы, тамылжыған таң­ғы шықтай таза үні мен қа­лықтата шырқаған әсем әні уақыттың желмегі мен кер­мегіне мұқалмай, сырлы сымбатын дауылдар мен жа­уындар шайып әкетпей, сол бастапқы көркем беде­рінде мәңгі сақталып қала бер­мек. Өмірдің мәнінен түй­ген бір өнегеміз әнді сүй­ген адамның жан дү­ниесі сыр-сандықтай сың­ғырлап, ішінен алуан түрлі шұ­райлы нақыш шуағын төгіп тұрады екен-ау. Со­сын тағы бір жайт, ән әле­мі­нің құзы мен ылдиын,­ өрі мен еңісін шарлай білген, жемісін барлай ілген жан­ның дөрекіліктен ада, мінезі жібектей нәзік болып келетіндігі. Ал енді ән­ге деген құрметі ерекше әл­гі тұлғаңыз бұған қоса жә­не өзі соны кең даланы кезе жортқан желмая­ша желдірте орындап, ха­лықтың мерейін дариядай­ тасытып тұрар болса, мұ­ның жөні тіпті алабөтен ғой.­

Оның қаламгер, ақын аға­сы Қажытай Ілияс­­тың әнін тамылжыта­ шырқаған таспадағы үні сақталып қалыпты... Кейбір кілең құрғақ бос сөз бен мақтау-ма­дақтан құлақ сарситын қа­рабайыр, жаттанды тұ­сау­кесерлерден шынын айт­қанда, шаршайсың. Бей­біт Құсанбектің «Өмір-өзен» кітабының танысты­рылымы келушілерді жа­лық­тырған жоқ. Шараға қа­тысушылар экраннан автордың өмір-дерегінен көп мағлұматқа қанықты. Ән жылуына марқайған жан дүниеміз серпіліп, домбыра сазы сана-сезімді билеп-төстеп әкетті. Бей­не бір тап қазір ол жай­раңдап жанымыздан табы­лардай елеңдеген сәтте қа­сиетті қара домбыраның күм­бірлеген қоңыр үні мен Бейбіттің дауысы жұптаса өріліп, әріптестің әр алуан қырын айқын аңғартар айшуақ айдынға тап бол­дық. Құдай-ау, «Біл­ген­ге – маржан, біл­меске – ар­зан» деп Абай атамыз­ айтпақшы, қолдағы бар алтынды бағалай алмай жататынымыз қандай өкінішті еді. Біздің бір жаман әдетіміз, өнер адамы өмірден өтті ме, соңында іздеушісі, жоқ­таушысы бол­маса, сол күйі көп жағдайда санадан­ сызылып қа­лып жатады. Әншейінде «қа­зақтың эстрадалық ән­дері бұзылып кетті, сөздері мән­сіз, мағынасыз» деп, жат­сақ-тұрсақ сынап-міне­генде алдымызға жан салмаймыз. Сынау дұрыс-ақ, ал бірақ мұндайда өзіміз сол бардың бағасына жете алып жүрміз бе деген сауал өңешімізге көлденең кептеледі. Ал қолдағы алтынды қадірлесек, онда Бей­біттің «Көзің қайда», сон­дай-ақ қамшының сабындай қысқа ғұмырында жасындай жанып, жарып­ өткен тағы бір курстасы­мыз марқұм Нұрлан Бер­ғазиевтің «Шағала» атты әні­ осы күнде жұрттың бә­рі­нің аузында жүрмес пе еді? Ал Қажытай сазгер­ге қатысты айтайын дегеніміз, автор соңына 20-дан астам ән жазып қалдырған және соншама соқталы күй-мұрасы тағы бар.

Алайда «Көзің қайда?» әнінің сахнада шырқала бермейтіні сияқты Қажытай ақын әндері мен күйлері де отан­дық радио мен телеар­налар арқылы насихатталып жатқанын көрген де, естіген де емеспіз. Әттең-ай, бұл да болса келешек­те ойланатын оқшау жайт­тың бірі-ау. Шетелдің ми ашытатын көди-сөдиін дәрідей қабылдап, сананы улағанша, шіркін, өзіміздің тұма бұлақтарымызды неге қадірлемеске деген­ сөз осын­дайда еріксіз ой­ға­ оралады. Алда-жал­да Бей­біттің өз әндерін кей­бір жекелеген әнші­лердің шырқауында естіп қал­саңыз, аяулы да ыстық жас­тық шағыңыздың мекеніне табаныңыз тигендей тұла бойыңызды шоқ қариды. Бүгінде сахнаны, экранды ата-бабасынан қалған сарайға санап, небір шата-шалық, әумәсір әуендермен толтыруға әуестер пайда болды. Осыларды көргенде сол баяғы төл экранымызды бөтеннің жаулап алуына, тілді шұбарлауға жол бермеу үшін ашына күрескен ұлтжанды азамат – Бекеңнің бейнесі жарқырап алдыңғы орынға тағы шыға келеді...

Оны ерекше жақын тұ­туымыздың тағы бір се­бе­бі, Бекең мәдениет пен өнер­дің небір танымал өкіл­дерімен танымдық сұх­баттар өргізіп, ғалым Се­рік Негимов ағамыз айт­пақшы, осы салаға энци­клопедиялық кітап жазып бе­ріп кетті. Бір өзі сөйтіп бір­ институттың жабылып орындайтын жобасын жүзеге асырды. Еуразия ұлт­тық университетінде ҰҒА-ның академигі Ди­хан Қамзабекұлының жетек­­шілігімен өткен «Өмір­-өзен» кітабының таныстыры­лымына автор­дың хабарларына түскен кейіп­керлері мысалы, атап­ айт­сақ, белгілі режис­сер­ Талғат Теменов, Қыз Жі­бек­ті сомдаған халықтың сү­йік­ті актрисасы Меруерт Өтекешова, режиссер Сәу­­ле­бек Асылхан, таны­мал әнші Кенжеғали Мыр­жық­бай қатысып, осы бағыт­тағы өз ой-пікірлерін ортаға сал­ды. Белгілі ғалымдар Серік Негимов, Бауыржан Омар­ұлы, Қайрат Сақ, дра­матург-жазушы Роза Мұ­қанова, сондай-ақ Дархан Мыңбай, Еркін Қыдыр, Ғалым Омар­хан, т.б. курс­тас-достары қазақ журналистикасында­ есімі ерекше ілти­патқа ие Бей­біт Құ­санбектің өмі­рі мен шығар­ма­шы­­лығы жайында қа­дау-қадау ойлар айтты.

Енді неліктен автордың бұл кі­табы «Өмір-өзен» деп ата­лады дегенге келейік. Өйт­кені «Өмір-өзен» хабары қазақ телеви­дениесіндегі айтулы ұлттық жобалардың бірі болып саналады. Одан Бейбіттің 1995-1998 жылдарғы жанайғайы табылады. Бізге сонысымен құнды һәм қымбат. Ат­тары аңызға айналған Ақ­жан әл-Машани, Әмина Өмір­зақова, Қадыр Мырза Әлі, Фарида Шәріпова, Хадиша Бөкеева, Бикен Римова, Мәдина Ералиева, Ермек Серкебаев, Фариза Оңғарсынова, Ақселеу Сейдімбек... т.с.с. сандаған тұл­ғалар үнін келешек ұр­пақтың сана-сандығына сақ­тауымен тұшымды, тұғырлы. Өмірдің ағып бара жатқан өзен тәрізді сезілетінін бізден бұрын арамыздан Бейбіттің ертерек ұғынып қоюының өзі тегін емес екен-ау. Сол­ тұлғалар шоғырының со­ңы­нан көшке ілесіп кете бар­ған оның қып-қысқа ғұмырда осыншама мол дүниенің басын қайырып үлгергеніне таңданбасқа, қайран қалмасқа лажыңыз қалмайды. Жиынның со­ңында «Махаббат маусымы», «Өлең-өзім», «Ғұмыр-дария», «Ел ағалары» кітап­тарын мұрағат қорына ай­налдыруға өлшеусіз еңбек сіңірген және де осы кітап­ты басып шығаруға ат­салысқан сүйген жары Ға­зизаға сөз берілгенде, «Өмір-өзен» кітабының бірнеше данасын оқу орнына сыйға тартты. «Адамның өлгені – ұмытылған уақы­тында» деді ол. Шын-ау!­­ Ғалымдар тарапынан Б.Құсанбектің мына кітабы әсіресе студенттерге, журналистика саласы бойынша білім алып жатқан телевидениенің келешек мамандарына оқу құралы ретінде оқытылады деген пікір білдіріліп қалды. Артыңда өшпейтұғын із, өлмейтұғын іс қалсын деген сөз осы болса керек-ті.

Баяғы заман болса оның хабарына түскен танымал тұлғалардың жарқын бейнелері шаң басып тас­пада, тасада қалып қояр ма еді. Ниетімізге қарай, қа­зір заман өзгеруде, заманауи техникалар сәт сайын жаңғырып, дамуда. Соның осы кітап – айқын дәлелі. Жұрт телевидение хабарларының жазбаша нұсқаларын оқуға мүм­кіндік табуда. Бұл орайда жинақты құрастырып, көр­кемдігіне атсалысқан жары Ғазиза Исахан мен ұлдары Бейбарыс пен Бекарысқа көп рахмет! Мұнтаздай мұқабасы, бояуы, ұстағанда уысың толатын сыртқы түр-сымбаты жағынан әр қазақ кітап сөресіне ұялмай, мақтанышпен қоя алатындай қомақты дүние екен. Қол жеткізген жанға – рухани мол азық.

 

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»