Қазақстан • 12 Қазан, 2017

Болашақта kazlatyn.kz порталын ашу жоспарлануда

438 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында «Мемлекеттік тілдің бірыңғай стандартты әліпбиінің жаңа нұсқасы» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті.

Болашақта kazlatyn.kz порталын ашу жоспарлануда

Конференция жұмысына Ш. Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешов, А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері Әлімхан Жүнісбек қатысты.

Жиын барысында Ербол Тілешов қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасын жасауға жетекші ұйым А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты екенін атап өтті.

«Одан бөлек әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетте, Абай атындағы Қазақ Педагогикалық университетте, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде осы саланың мамандары бар. Сонымен қатар Мәдениет және спорт министрлігінің басшылығымен ашылған www.emle.kz сайты бар. Осы сайтта біздің жазуымызға, орфографиямызға қатысты ғылыми қор бар. Және де қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасы бекітілгеннен кейін kazlatyn.kz деген портал немесе сайт ашу жоспарланып отыр. Сол арқылы сіздер әліпбиге байланысты барлық сұрақтарға жауап таба аласыздар», деді Ербол Тілешов.

Айта кететін тағы бір жайт, үстіміздегі жылдың 9 қазан күні  Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа «Мемлекеттік тілдің бірыңғай стандартты әліпбиінің» жаңа нұсқасы таныстырылған болатын.