12 Қазан, 2017

«Астана Опера» мерейтойлық маусымын «Ұйқыдағы ару» балетімен ашады

559 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

20 қазан күні хореграфиялық жауһар туынды – П.И. Чайковскийдің «Ұйқыдағы ару» балетімен «Астана Операның» V мерейтойлық театр маусымының шымылдығы түріледі. Театр жаңа шығармашылық жылы көрермен қауымға бірқатар опера және балет тұсаукесерлерін ұсынбақ.

«Астана Опера» мерейтойлық маусымын «Ұйқыдағы ару» балетімен  ашады

«Мерейтойлық маусымды қазіргі заманның аты аңызға айналған хореографы Ю.Н. Григоровичтың қойылымындағы «Ұйқыдағы ару» балетімен ашуды жөн көрдік. Бұл мэтрдің біздің сахнамызда қойған алғашқы спектаклі болатын, көрермен шынайы туындының жаңа редакциясын бірден жылы қабыл алды, себебі музыка мен хореография керемет үйлесім тапқан еді. 17 және 18 қараша күндері Ж.Бизенің «Кармен» операсының алғашқы көрсетілімі өтеді», деп бөлісті «Астана Опера» театрының директоры Ғалым Ахмедьяров.

2018 жылдың наурыз айында ұжым жаңа редакцияда, сценография мен костюмдерде М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» ұлттық операсының тұсаукесерін жоспарлауда. Сонымен қатар мерейтойлық маусымда А.Аданның «Корсар», Т.Қажығалиевтың «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» балеттерінің, Дж.Пуччинидің «Турандот», Дж. Россинидің «Севильдік шаштараз» операларының тұсаукесерлері күтілуде.

Қазіргі таңда театрда сүйікті көрерменмен қайта қауышудың керемет атмосферасы шарықтауда. Дайындық залдары балет спектакліне қызу әзірленіп жатқан әртістерге лық толы. «Астана Опера» сахнасындағы «Ұйқыдағы ару» қойылымын атақты балетмейстер Юрий Григорович өзге балетмейстерлер ұсынған балалар ертегісі не болмаса ойын-сауық көрінісі ретінде емес, Чайковскийдің музыкасына сәйкес келетін рухты поэма ретінде көрсетпек. 20 және 22 қазан күні басты партияларда жетекші солистер мен талантты әртістер өнер көрсетеді. Нәзік Аврора рөлін Мәдина Басбаева мен Әйгерім Бекетаева ұсынса, Дезире ханзада партиясында Еркін Рахматоллаев, Таир Гатауов көрермен алдына шықпақ. Балеттің керемет музыкалық бейнесі Жақсылық пен Жамандықтың қарама-қарсылығы саналатын екі әуен – Мамыргүл Перісі (Әсел Шайкенова, Әнел Рүстемова) мен Карабос Перісі (Ильдар Шакирзянов) арасындағы тақырыптардан өрбиді.