Қазақстан • 13 Қазан, 2017

Жан жадыратар жаңалық

275 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік алғалы елімізде өткенімізге үңілу, өзімізді тану, қажетті құндылықтарды тарих тозаңынан тазалап, жандандыра кәдеге жарату бағытында қыруар істер жасалды. Бұл жан жадыратар жақсы істерге Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында берілген тапсырмалар тағы бір қозғау салды. 

 

Жан жадыратар жаңалық

Елімізде мемлекеттік тілді латын әрпіне көшіру әңгімесі айтылғанына аз болған жоқ. Осы уақыттың ішінде мәселені талқылап-таразылауға бүкіл ел атсалысып, үн қосты. Барлығының пікірі «латын әрпіне көшу – уақыттың өзі туындатқан қажеттілік, заман талабы» деген бір арнаға тоғысып жатты. Бұл дұрыс пікір, себебі латын әліпбиі әлемде кең қолданылады. Технологияның жоғары дамып, ақпараттық тасқын легінде өмір сүріп жатқан кезеңде заман лебінен кеш қалмай, керісінше алдын ала қам жасап, оза шауып алдын ораған жөн. Латын әліпбиіне көшу – біздің және ұрпақтарымыздың ақпараттық қолжетімділігін арттырып, ізденіс-таным көкжиегін кеңейте түседі. Өйткені латын әліпбиі XIV ғасырдан бері қолданыстағы, тілдік және рухани қоры мол, бүгінде ақпараттық кеңістікке қанат жайған. Оған көшу біздің елімізге мол ақпараттық кеңістікте еркін қанат қағуға, заманға сай лайықты рухани қарулануға мүмкіндік береді.

Кеше ғана Елбасының мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіру жөніндегі жобаны іске асыру үшін құрылған жұмыс тобының мүшелерімен кездесуі бұл бағытта жасалып жатқан жұмыстардың көңіл толтырарлық дәрежеде екенін тағы бір дәлелдеп берді. Тақырыпқа орай ел арасынан 300-ден астам өтініштердің түсуі бұл мәселеге халқымыздың бейжай қарамай, белсенді атсалысқандығын аңғартады.

Нәтижесінде барлық бағыттарды екшей, әлемдік тәжірибені ескере келе жасалған бірыңғай стандарт Елбасы назарына ұсынылды. Атсалысқан бірлестіктерге, жастарға үн қосып, қолдау білдіргендерге, сондай-ақ комиссия мүшелеріне алғыс айтқан Мемлекет басшысы ел арасында түсіндіру-насихаттау жұмыстарын жүргізуге, білім беру жүйесіне кезең-кезеңімен енгізуге тапсырма берді. Бұл біздің алдымызда зор, әрі маңызды, жауапты жұмыстардың тұрғандығын білдіреді. Еліміздің болашағына қызмет ететін игі жұмыстар үшін халқымыздың ұйыса түсетіні сөзсіз.

 

Пәния САРМУРЗИНА,

Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы