Қазақстан • 13 Қазан, 2017

Әліпби ауыстыру – тілді түлету

431 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Әліпби ауыстыру – тілді түлету

Негізі үндестік заңынан тұратын тіліміздің жағдайын қалпына келтіру ісі алдымен оның дыбыстық жүйесінен, оны белгілеп таңбалайтын әліпбиді таңдаудан басталғаны дұрыс болды. Өйткені қазіргі кирилл жазуындағы әліпбиіміздегі басы артық жат дыбыс­тар тіліміздің үндестік заңын бұзғаны былай тұрсын, лексикалық қоры мен грамматикасына да нұқсан келтіре бастады. Айтқанымыз жазғанымызға сәйкес келмей, қателіктерге бой алдыру әдетке айналды,  өзге тілден сөз ауысу тоқтады, аудармамен күн көруге тура келді, оның өзі орыс тіліндегі түпнұсқасы болмаса ұғына алмайтын мәтіндерге тап болдық. Қазіргі қазақ тілін дамытудың бір жолы – оның төл табиғатына сай келетін әліпби таңдау еді.

Тіліміздің заңдылықтарына сай әліпби таңдауымыз бұл қазақ елінің өзінің ішкі мәселесі, мемлекетіміздің өзіндік тіл саясатының бағыты болып табылады. Осы орайда ана тіліміздің дамуы мен өркендеуіне, өзге әлем тілдерімен терезесінің тең болуына байланысты Елбасының көрегендігі мен ұстанымының мықтылығына қоғамның риза екенін айтқым келеді.

Әліпби ауыстыру – өз тілімізді ұмытып, басқа тілге (латын тіліне) көшу емес, ана тілімізді түлетіп, қоғам сұранысына сай ету, қолданыс аясын арттырып, осы заманғы ғылыми-техникалық прогреске икемді тіл ету. Жаңа әліпбиді игеру бүгін басталып, ертең аяқталатын мәселе дей алмаймыз. Ол арнайы бекітілгеннен кейін өзіндік емле ережелері жасалып, кезең-кезеңмен жүзеге асатын кешенді үдеріс. Жаңа әліпбиді игере алмаймыз деп қорқудың,  дабыра қылудың еш қисыны жоқ. Қайта ана тілімізді әлемнің дамыған тілдерінің қатарына қосатын жақсы жаңалыққа үн қосып, қолдау білдірген жөн.

Енді латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің жобасына байланысты өз ойымды ортаға салайын. Елбасы назарына ұсынылған жаңа әліпби біздің графикалық санамызға сай «бір әріп – бір дыбыс» ыңғайында жасалған. Бұл үйренуге де, үйретуге де ыңғайлы. Тілдің заңдылығына да сай келіп тұр. Латын графикасындағы 26 таңба толық игерілген. Қазақ тілінің өзіне ғана тән «Ә», «Ө», «Ү», «Ғ», «Ң» дыбыстары апострофтармен берілген. Бұл бірнеше тілдерде (неміс, түрік, әзербайжан, өзбек, т.б.) бар үлгі. Одан қорқудың қажеті жоқ.

Жаңа әліпбиде кірме дыбыстар ретінде 4 дыбыстың таңбасы (Ф, Х, В, Ч) алынған. Бұл да қажет. Өйткені бұл дыбыстармен көптеген сөздер енген, оларды қайта таңбалап шатасушылық тудырудың қажеті жоқ. Тек «Ч» дыбысын түркі халықтарында және өзіміздің оңтүстіктегі ағайындардың тілдік мәдениетінде бар деп алудың қисыны жоқ сияқты. Бұл дыбысты «Ш» дыбысымен айтуға әбден болады.

Жазу – аса жауапты іс, өйткені жазу дұрыс қабылданбаса, ол тұтастай тілді өзгертіп жібереді. Бізде әуелі тілдік заңдылықты қолдан  жасап алып, сонан соң тілді сол заңдылыққа бейімдеуге тырысушылық кездеседі. Мұндайға жол беруге болмайды. Тіл мамандары бас қосып бір шешімге келгені жөн. Жалпы, жаңа әліпби ешқандай дау туғызбауы керек. Абайша айтсақ, тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін Һәм айналасы теп-тегіс жұмыр болғаны дұрыс. Жан-жақты ойланып жасалған осындай мүлтіксіз әліпби ғана қазақ тілін дамытып, қолданыс аясын кеңейтіп, әлем тілдерінің қатарына қосады.

 

Аман АБАСИЛОВ,

филология ғылымдарының кандидаты,  Қорқыт ата атындағы  Қызылорда мемлекеттік университетінің