Қазақстан • 13 Қазан, 2017

Қос өзенді тел емген

510 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысындағы Қазталов ауданы тұрғындары өздерін кейде «Қос өзен еліненбіз» деп атайды. Шынында да аудан аумағын көктей өтіп жарыса аққан Сарыөзен мен Қараөзен – мал мен жанның көл-көсір берекесі. «Месопотамия» – әрқашан өркениет ошағы, дамудың алғы шебі, үлгілі үрдіс өркен жаяр өлке ғой. 

 

Қос өзенді тел емген

Ауыл – елдің арқауы

Орал қаласынан 300 шақырым қа­шық­тықта жатқан Қазталов – аграрлы өңір. Аудан тұрғындарының негізгі кәсі­бі – мал шаруашылығы. Бүгінде ауыл шаруа­­шылығы саласында 26 заңды тұлға, 590 шаруа қожалығы тіркелген. Бар­­лық санаттағы ірі қара малы 81939 бас­­ты құраса, қой мен ешкі – 294305 бас, жыл­қы – 23817 бас, түйе 188 басқа жетіп­ті. Есеп­теп қарасақ, былтырмен салыс­ты­рған­да ауылшаруашылық өнімдерінің бар­лық түрін өндіруде өсім бар екен. Яғни ет – 101,9%, сүт – 101,7%, жүн – 107,4%, жұмыртқа 101,8%-ға артық өндірілген.

Әрине, ауылдағы ағайынның бақуаты артуына тынымсыз еңбек қана емес, мем­лекеттің қолдауы да ерекше әсер етті. «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары бойынша 12 шаруа­шы­лық 129 млн 630 мың теңге несие алып­ты, осы қаржыға 16 бас асыл тұқымды бұқа, 492 бас сиыр, 400 бас қой саулық, 3 бас айғыр, 80 бас байтал сатып алынған.

«Береке» несиелік бағдарламасы аясында ірі қара бордақылаумен айналы­сатын 3 ауылшаруашылық өндіріс­тік кооперативі (АӨК) жаңадан құрылды. Бүгінде аудандағы 21 кооператив құра­мына 1468 тұрғын мүшелікке енген, онда 7236 бас ірі мүйізді қара, соның ішінде 6712 аналық мал тіркелген. Жыл басынан бері «Береке» бағдарламасы шеңберінде 50 жеке тұлғаға 176 млн 300 мың теңге несие берілді.

Сонымен қатар «Ынтымақ» несиелік бағдарламасы бойынша «Жалпақтал» АӨК (төрағасы Д.Догоров) Жалпақ­тал ауылында, «Шығанақ» АӨК (төр­ағасы Ж.Аксалов) Қазталов ауы­лын­да қуаттылығы тәулігіне 10-15 бас мал соятын, тоңазытқыш көлігімен қамтыл­ған мал сою пунктін салып жатыр.

Ал «Игілік» бағдарламасы бойынша 22 жеке тұлға 92 млн 200 мың теңге несие алуға қол жеткізді.

Ауданның ауылшаруашылық тауарын өндірушілері өткен жылы бағ­дар­ламаның 11 бағыты бойынша 607,1 млн теңге мөлшеріндегі мемлекеттік қол­дау қаражатқа ие болған еді. Биыл да аудан бойынша 353 шаруашылық 630,5 млн теңге көлемінде мемлекет тара­пы­нан субсидияланады деп күтілуде.

Ауылдағы ағайынның ахуалын көрсететін тағы бір дерек, жыл басынан бері ауданда жаңадан 30 трактор, 14 түрлі ауылшаруашылық техникасы сатып алынған. Шаруа қожалықтары 11 трактор мен 10 техниканы лизинг арқылы алып отыр.

Көктемде тасқын,

күзде шөл...

Ел тұрғындары 1994 жылы Қазталов ауылын басып, талай жанды бас­па­насыз қалдырған су тасқынын біле­тін шығар. Сол кезде табиғат тәлкегіне түскен қазталовтықтарды бүкіл халық болып қолдаған. Бастауын Ресей Феде­ра­ци­я­сынан алатын Сарыөзен мен Қараөзен кейде осындай қатер де көр­сетеді. Осының өзі елімізде су ре­сурс­тарын реттеу мәселесінде қолға алар істің көп екендігін байқатып тұр.

Бір қуанарлығы, соңғы жылдары Батыс Қазақстан облысында су көздерін тиімді пайдалану, бұрынғы арналар­ды қалпына келтіру, жаңа жобалар жасау бағытында біраз жұмыс жасал­ды. Міне, соның нәтижесінде қазір Қаз­талов ауданында жүйелі суармалы жер көлемі 68411 га құрайды. Мұның 22157 гектары суреттегіш имараттар арқылы жүргізіледі. Мысалы, «Сакрыл» суландыру жүйесі бойынша 14901 га, «Мамай» суландыру жүйесі бойынша 1967 га жер суландырылады. Қазіргі уақытта «Мамай» және «Сакрыл» сулан­дыру жүйелерін республикалық мен­шікке, яғни «ҚазСуШар» АҚ филиа­лы­ның теңгеріміне алу бағытын­дағы жұмыс жүріп жатыр екен.

Елімізде бір парадокс бар: көктемде су басып кетеді, қалған уақытта су жетпейді. Міне, Батыс Қазақстан облысын­да суды сақтау, тасқын судың алдын алу мақсатында 2017-2021 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары жасалды. Нақты Қазталов ауданы туралы айтар болсақ, Жұлдыз ауылы тұсындағы Кіші өзенде орналасқан «Жұлдыз плотина» құрылысына қайта құру-техникалық эконо­микалық негіздемеге немесе олар­ды қалпына келтіруге жобалық-смета­лық құжаттама дайындау үшін 2018 жылға облыстық бюджеттен 6, 550 млн теңге қаражат бөлу жоспарланып отыр.

Ресей Федерациясынан келетін суды ұстау және тасқын суды қауіпсіз өткізу үшін Қазталов ауылдық округіне қарасты Сексенбай ауылы тұсынан Кіші өзен су қоймасынан құрылыс салу жұмыстары жоспарлануда. Қазіргі уақытта техникалық-экономикалық негіздемеге немесе оларды қалпына келтіруге «ҚазСуШар» АҚ арқылы жобалау-сметалық құжаттар дайын­дау үшін 4,800 млн теңге қаражатты 2018 жылдың бюджетінде қарастыру көзделуде.

Республикалық бюджеттен қар­жы­лан­дырылып, аудан аумағы арқы­лы өтетін «Киров-Шежін» су арна­сы бойынша ІІІ кезеңдегі жаңа құры­лыс және қайта құру жұмыстарына 1 млрд 100 млн теңге бөлініп, жұмыстар жүр­гізі­луде. Осы жұмыстарды аяқтау үшін қосымша 500 млн теңге қаражат бөлінді.

Қазталов –

патриоттар мекені

Қазталов ауданы дегенде алдымен ауызға оралатын бір құбылыс бар. Қазталов – патриоттар мекені. Мұнда туған жерін жан-тәнімен сүйетін жандар тұрады. Тіпті кең-байтақ Қазақстанның әр шетіне тарап кеткен, тағдырдың жазуы­мен басқа өңірде тұратын қаз­талов­тық­тар да өскен елін, туған жерін ұмыт­пай, сол үшін бауыр етін кесіп беруге әзір тұрады. Оған куә – ауданның әр ауы­лында ауыл түлектерінің ғана күші­мен тұрғызылған ғимараттар, ел игілі­гіне жарайтын істер.

Қараңыз, Қазталов ауданында «Туған жерге тағзым» акциясы аясында 2009-2017 жылдар аралығында жалпы құны 141 миллион 760 мың теңге болатын 53 жоба жүзеге асыпты.

Олардың кейбірін ғана айта кетейік: Ақпәтер ауылында Кәрім Өтеғұлов жалпы құны 7 млн 620 мың теңге тұратын өлкетану мұражайын ашты, сондай-ақ 3 млн 500 мың теңгеге «Ана мен бала» монументін орнатты. Мектеп жатақханасының жанына Бей­біт Өтеғұлов, Жасұлан Дүйсенғалиев, Самат Хасанов, Бауыржан Мұқанға­лиев бастаған мектеп ұжымы 2,5 млн теңгеге монша салып берді. Бірік ауылында Абзал Насиолла 680 мың теңгеге бала­лар­дың ойын алаңын орнатып берсе, ауыл тұрғындары 1 млн 650 мың теңге қаржы жинап, Ағашүй, Қызыл­ту зираттарын қоршады. Болашақ ауылында «Жаңатұрмыс» өндірістік коопе­ративінің жетекшісі Исатай Әбіл­хатин 620 мың теңгеге «Мәңгілік алау» кешенін орнатты. Бос­тандық ауы­лын­да ауыл тұрғындары бірігіп 900 мың теңгеге ескерткіш тақта ор­на­тып, 240 мың теңгеге күрес залы жаб­дық­тарын сатып алған. Жалпақтал ауы­лын­да атқарылған істерге тіпті жан сүйі­неді. Әр жылғы мектеп түлектері бала­лар ойын алаңын (1,5 млн), шағын футбол алаңын (8 млн), жаяу жүргін­ші­лер алаңы мен субұрқақ (3,6 млн), т.б. ғима­раттарды орнатып, туған ауылы­ның сән-салтанатын асырған. Жеке кәсіп­кер А.Сәрсенғалиев 25 млн теңге қар­жысына мешітке мұнара салып беріпті. Жаңа­жол ауылында да мұн­дай игі істер өте көп. Мұнда 2 тұ­р­ғын үй асар әдісімен салынса, Көмек­ші ауылында ауылдық клуб тұрғы­зыл­ған. Қазталовтың өзінде «Достық», «Нұрлы бақ» саябақтары салынып, еске алу алаңы, ойын алаңы пайда бол­ған. Көктеректе Сатыбалды ауыл­дық клубы ауыл тұрғындары мен жеке кәсіпкерлердің күшімен жаңа­дан көтерілген. Қайыңдыда мектеп түлек­тері 450 мың теңге қаржы жинап, ауыл балаларына ойын алаңын салып берген. Қараобада да 2,5 млн теңге қаржыға ауыл бейіттері қорша­лып, ойын алаңы салынған, ауылға кіре­беріс жолға әдемі қақпа – арка орна­­тыл­ған. Қараөзендіктер мектеп жаны­нан мұражай ашуға белсене кірі­сіпті. Қарасуда ауылдық мешіт салы­нып, көне бейіттер қоршалған. Қошан­көлде белгілі қоғам қайраткері Аман­гелді Таспихов 700 мың теңге­ге спорт­тық құрал-жабдық алып берген. Талды­апанда жергілікті шебер Самат Сейіт­кереев ауыл кәсіпкерлерінің қолдауы­мен «Тәуелсіздік монументі» атты кешен жасап шыққан. Талды­құдық­та Өте­ген Көшенов мешіт тұрғыз­са, Манар­бек Идресов ауылдағы қоғам­­дық ғима­раттардың алдына өрнек­тас төсе­тіпті. Тереңкөлде де көне қорым­­дар қоршалып, ауыл мектебінің спорт­залына жабдықтар алынған.

Жақында ауданда «Жерлестер фору­мы» өтіп, еліміздің әр шетінен 300-дей қо­нақ кел­ген. Бұл «Қос өзен елінен» шық­қан ұл-қыз­дардың ынтымағын одан әрі кү­шейт­­кен шара болды. «Ал­дағы жыл­дары «Ру­хани жаңғыру» бағдар­ламасы ая­сында жерлестердің күшімен ауданда тағы да 75 жобаны жүзеге асыру­ды көздеп отырмыз, дейді аудан басшысы Абат Абайұлы.

 

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»