Қазақстан • 13 Қазан, 2017

Шаманизм – табиғатпен тұтастық

3184 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Венгрия және Қазақстан Республикалары арасында дипломатиялық қатынастың орнағанына 25 жыл толған мерейлі меже қарсаңында, Венгрия елшілігі мен Түркі академиясы халықаралық ұйымы (TWESCO) бірлесе отырып, мажар ғалымы, танымал этнограф, профессор Михай Хоппалдың шаманизм-бақсылық жайлы ұзақ жыл зерттеген еңбегінің нәтижесінде түсірілген фотоларды жинақтап «Шамандар және жора-рәсімдер» атты көрме ұйымдастырды. 

Шаманизм – табиғатпен тұтастық

Шаман немесе шаманизм ұғымы бүгінгі таңда Алтай-Саян халықтарының ескі та­ным-дәстүрі мен наным-се­німіне негізделген ұғым ре­тінде белгілі. Бұл тақырыпты алғашқы болып ХІХ ғасырда зерттеген ғалымдардың бірі Шоқан Уәлиханов: «Шамандық дегеніміз – әлемдік дүниені сүю, табиғатқа деген шексіз махаббат және рухты қастерлеу» деген екен.

Ал өткен ғасырда еуро­па­лықтар тарапынан шамантануға зор үлес қосқан адам – мажар этнографы Диосеги Вилмош. Бұл оқымысты 1972 жылы 50 жа­сында дүниеден өткен соң, оның ісін шәкірті Михай Хоппал жалғастырған. М.Хоппал мырза күллі Еуразия даласын кезіп, көне шаманизмнің бүгінгі көзі тірі бақсыларымен кездесіп, олардың салт-жоралғыларды орындау барысын суретке түсіріп, деректі фильм жасаған. Ұзақ жылғы із­деністің арқасында 2015 жылы ғалымның «Шаманы – Культуры – Знаки» атты кітабы жарық көрді. Қазіргі таңда Венгрияда ағылшын тілінде «Шаман» атты журнал да шығады.

Сонымен жоғарыдағы мәдени шараны ашып, сөз сөйлеген Түркі академиясы халықаралық ұйымының басшысы Дархан Қыдырәлі, Алтайдан бас­тау алған дала өркениетінің бағ­зыдағы көрінісі шамандық пен бақсылықта біздің де ежелгі дәстүр-ғұрпымыз сіңірілгенін, сон­дықтан да жоғарыдағы көр­менің маңызы қазіргі Елба­сы­мыздың рухани жаңғыру кон­цепциясымен үндестік тауып тұрғанына тоқталып, Ұлы Дала өркениетінің Еуропадағы өкілі мажар бауырларымыз осындай келелі іске мұрындық болумен қатар, Түркі академия­сы сияқты халықаралық беделді құры­лымға бақылаушы мүше болып отырғанына үлкен риза­шылығын білдірді.

Көрменің тұсаукесер рәсімі үстінде жиналған көпшілікке өтіп жатқан шараның маңызы жайлы толымды ой айтқан филология ғылымдарының докторы, түркі һәм алтайтанушы ғалым Әділ Ахметов, Алтайдан басталып, Дунайда аяқталатын Ұлы Дала өркениетінің бір саласы шамандық-бақсылықтың фотокөрме ретінде баяндалуы түркілік жаңғыртудың бір тетігі десе, антрополог-академик Оразақ Смағұлов күллі түр­кі тектестердің бас қосу мақ­сатында тәуелсіз Қазақ елінің атқарып отырған игі ісіне, бүгінгі мажарлық бауырлардың үлес қосып отырғаны қуантады, дегенге тоқталды.

Сонымен қатар көрменің ашылу салтанатына Сыртқы істер министрлігі Жалпыазиялық ынтымақтастық департаментінің директоры Ә.Бақаев, Моңғо­лия­ның Қазақстандағы Төтен­ше және өкілетті елшісі Лувсан Баттулга, Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Исиро Кавабата бастаған басқа да елшілік өкілдері қатысты.

Маңызды жиынның со­ңында Венгрияның Қазақ­стандағы Төтенше жә­не өкілетті елшісі Андраш Ба­рани Түр­кі академия­сы халықаралық ұйы­­мының басшысы, «Егемен Қазақстан» респуб­ликалық газеті» акцио­нерлік қоғамы Бас­­­­қарма төрағасы Дархан Қы­дырәліге еларалық мәдени бай­ланысты нығайтып, түркі-мажар ұланы Иштван Қоңырдың мұрасын насихаттауға қосқан үлесі үшін Мажарстан прези­дентінің жарлығымен жоғары мемлекеттік марапат – «Ры­цар­лық крест» орденін салтанатты түрде табыс етті.

 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

 

Суреттерді түсірген

Ерлан ОМАР,

«Егемен Қазақстан»