Қазақстан • 13 Қазан, 2017

Робот көрсең көзін аш

474 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақтөбе қаласында халықаралық роботты техника фестивалі өткізілді. Бұл – елімізде енді ғана дамып келе жатқан инновациялық сала. Негізінен бұл салаға өскелең ұрпақтың қызығушылығы мол. Қазір қазақстандық балалар өндіріске және тұрмысқа қажетті роботтарды өздері-ақ жасап жүр. Мұны Ақтөбеде өткізілген халықаралық роботты техника фестивалінде жұртшылық назарына ұсынылған балалардың қолымен жасалған әртүрлі техникалардан-ақ байқауға болады. 

 

Робот көрсең көзін аш

– Біз кезекті роботты техника фестивалінің Ақтөбе жерінде өтіп жатқанына қуаныштымыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа Жолдауында адами капиталды дамыту қажеттігін баса айтқан еді. Соған байланысты облыста роботты техниканы дамыту – басым бағыттардың бірі. Біз балалар шығармашылығын ынталандыруды және сол арқылы дарындыларды анықтауға тырысамыз. Ақтөбеде салынған жаңа ғимараттардың бірінде роботтытехника және кеме модельдеу үйірмесі жұмыс жасай бастады. Біз мұны «бұлақ көрсе көзін ашудың» бір жолы деп түсінеміз. Фестиваль қызметі сәтті болсын,–деді халықаралық жиынның ашылу рәсімінде Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.

Бұдан соң «KazRoboSport-2017» республикалық ғылыми-техни­калық жобалар конкурсының финал­дық туры мәреге жетті. Оған аймақтық іріктеу турнирлерінің жеңімпаздары, яғни еліміздегі жалпы білім беретін мектептерден барлығы 141 бала қатысты. Финалдық кездесуде робоспорттың бес түрі – футбол, сумо, сызықпен жүру, кегельринг және биатлоннан бақ сынасты. Жекпе-жек сарайының кең залында аталған спорт түрлеріне шығарылған робот­тардың іс-қимылына көпшілік қызығушылықпен қарады. Ақылды техниканың бұл түрін мектеп оқушылары ойлап тауып, сол үшін арнайы бағдарлама енгізген. Роботтардың қимыл-қозғалысы ұялы телефон қосымшасы арқылы басқарылады.

Салтанатты шара кезінде фестиваль қонақтары – Ресейдегі роботты техникадан білім беру қауым­дастығының президенті Максим Васильев, ТМД елдерінен және шетелден келген роботты техника саласының сарапшы­лары ел аймақтарындағы роботты техникадан білім беретін оқытушылар заманауи роботты техника өнімдерінің көрмесін тамашалады. Онда Lego жиынтығы, 3D-принтерлер, квадрокоптерлер мен басқа да көптеген өнімдер бар.

Ал Астана қаласындағы гимна­зиялардың бірінде оқитын Данил Кружевников робототехника жасаумен бір жылдан бері айналысады. Ол үй жинау жұмыстарын бір өзі атқаратын робот жасауды алдына мақсат етіп қойыпты. Ел чемпионатының ақтық кезеңінде ол 40 минутта берілген жолды аса жоғары жылдамдықпен өтіп, шыныларды құлататын машина жасап шығарды.

«KazRobotics» білім беру және спорттық роботты техника фе­дерациясының президенті Айжан Жекееваның мәліметінше, «KazRobotics-2017» халықаралық роботты техника фестивалі аясында өткен ғылыми-техникалық жо­балар конкурсының финалдық ту­рында жалпыкомандалық есепте Қара­ғанды облысы бірінші орынды еншіледі. Екінші орын – Ақтөбе облысына тисе, үшінші орынға Батыс Қазақстан облысынан келген өрен­дердің жұмысы лайық деп танылды.

 

 

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

 

АҚТӨБЕ