ЭКСПО-2017 • 16 Қазан, 2017

ЭКСПО-2017 көрмесінен іріктелген технологиялар қолданысқа енгізіледі

860 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстандағы компаниялар ЭКСПО-2017 халықаралық маман­дан­ды­рылған көрмесінен іріктелген техно­логияларды қолданысқа енгізу бойын­ша бағалау жұмыстарын жүргі­зіп жатыр. Энергетика министрлігі Жаң­ғырмалы энергия көздері департаментінің директоры Айнұр Соспанова бұл жайында Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында әңгімеледі.

ЭКСПО-2017 көрмесінен іріктелген технологиялар қолданысқа енгізіледі

«Энергетика министрлігі төрт бағыт бойынша халықаралық павильондарға мониторинг жүргізді. Қазіргі кезде әкімдіктермен және компаниялармен тиісті жұмыстарды жалғастырудамыз. 170-ке тарта компания бүгінде іріктелген технологияларға бағалау жүргізуде. Осы орайда нақты қандай технологияны, қай мерзімде әрі қаржыландырудың қанша сомасында енгізу мүмкіндігі де қаралуда. Бұл жұмысқа әкімдіктер белсенді жұмылдырылған», деді ол. 

Департамент басшысының сөзіне қарағанда, әкімдіктер үшін «ақылды қала» қағидатына негізделген технологиялар қызығушылық тудырып отыр. Әсіресе инфрақұрылым, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, энергия үнемдеуді жақсартуға мүмкіндік беретін ақпараттық-коммуникациялық технологиялар ескерілген. «Атап айтқанда, бұл бағыттағы жобалар бағалау рәсімдерінен өтуде. Қазан айының соңына дейін әкімдіктер мен компаниялардан технологиялардың нақты тізімі, сондай-ақ жол картасы әзірленуі тиіс. Осының нәтижесінде нақты бір әкімдік пен компания қай технологиямен жұмыс істейтініне жауап аламыз», деді Айнұр Соспанова.

Басқосуда «ҚазТрансОйл» ҰК» АҚ Экс­плуатация департаменті директорының орынбасары Сергей Костин халықаралық көрме кезінде Словакия павильонында таныстырылған экокапсула сынақтан өткізілетінін айтты. «Біз ЭКСПО-2017 көрмесі аясында Энергетика министрлігінің атынан сарапшылар тобының жұмысына қатысып, барлық павильондарды аралап шықтық. Осылайша павильондардан көрген технологияларды өзіміз үшін іріктеп алдық. Мәселен, Аустрия, Словакия сияқты елдер энергетика саласында жақсы технологияларын ұсынды», деді ол. Маманның айтуынша,  шетелдіктер бұл құрылғының қолданыстағы үлгілерін таныстырған. Оны тас жолдарда стационарлық коммуникация, яғни жылу мен электр жарығынсыз пайдалана беруге болады. Экокапсуланы енді «ҚазТрансОйл» АҚ нысандарында сынақтан өткізу жоспарланып отыр. Содан соң күзет бекеттері мен телекоммуникация желісі тартылатын жерлерде пайдаланылмақ. Бұл үйлер қандай да бір апаттың алдын алу жұмыстарын стационарлық электр энергиясы көздерінсіз жүргізуге мүмкіндік береді екен.

Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»

 

Соңғы жаңалықтар