Үкімет • 18 Қазан, 2017

Үкіметте әлеуметтік-экономикалық даму мен бюджеттің атқарылуы қаралды

315 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы және республикалық бюджеттің атқарылуының 9 айдағы қорытындысы, сондай-ақ білім беру мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуы және жекешелендіруді жүргізу жайы қаралды.

 

Үкіметте әлеуметтік-экономикалық даму мен бюджеттің атқарылуы қаралды

Көмір мен бензин жайы қатаң бақылауда

Жиынның күн тәртібіне көшпес бұрын Үкімет басшысы бұған дейінгі отырыста да қызу талқыланған жа­нар-жағармай және көмір тапшы­лы­ғына қатысты мәселені тағы бір пысықтап алды. Өткен жиында берілген тапсырмаларға қатыс­ты қолға алынған шаралар жөнін­де Энергетика министрі Қанат Бо­зымбаев, Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин, «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Қанат Алпысбаев, Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов және Астана әкімі Әсет Исекешев баяндады. 

Б.Сағынтаев ішкі нарықты мұ­най өнімдерімен және көмірмен қам­­тамасыз ету мәселелері Мем­­лекет басшысының жеке бақы­лау­ында екенін атап өтті. Жауапты мем­лекеттік органдарға отын тап­шы­лығына жол бермеу бойынша тағы да тапсырмалар берілді және оларға тұрақты мониторинг жүргізілетіні айтылды. Сондай-ақ табиғи монополиялар саласындағы бақылаушы органдарға баға келісімдерін анықтау бойынша жұмысты жалғастыру тапсырылды. Ішкі нарықта ЖЖМ мен көмірдің тапшылығын тудырмау бойынша мәселелерді үйлестіру Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Маминге жүктелді.

Өсім жақсы болғалы тұр

Отырыста биылғы жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы Қа­зақстанның әлеуметтік-эко­но­микалық дамуының қорытындысы жайында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов баяндады. Министрдің мәлімдеуінше, Қазақстан экономикасы қаңтар-тамыз айларында жинақталған өсім қарқынын 4,3 пайыз деңгейінде сақтаған. Бұған макроэкономикалық тұрақтылық пен инвестициялық белсенділік, сондай-ақ сыртқы нарықтардағы қолайлы жағдайлар ықпал етуде. Мемлекеттік және салалық бағдарламалар аясында қабылданған шаралардың арқасында экономиканың барлық салаларында оң үрдіс байқалған. Өсімнің негізгі күші өнеркәсіп, құрылыс, сауда, көлік және байланыс болды.

«Өнеркәсіпте жыл басынан бері тұрақты өсім байқалуда, қаңтар-қыркүйекте 8,3 пайызды құрады. Кен өнеркәсібінде өндіріс көлемі 11,3 пайызға ұлғайды. Өңдеу өнер­кәсібінің өсімі 5,7 пайызды құра­ды. Ішкі нарыққа бағдарланған салаларда елеулі өсім байқалуда, соның ішінде фармацевтикалық өнімдер шығару, жеңіл өнеркәсіп, азық-түлік өнімдері мен сусындар, сондай-ақ мұнай өнімдері өндірісі», деді министр.

Экспортқа бағдарланған салаларда да өсімнің тұрақты қарқыны байқалуда, мәселен, қара металлур­гия өндірісі 7,8 пайызға, түсті метал­дар өндірісі 6,6 пайызға өскен. Ауыл шаруашылығында өсім 1,9 пайыз деңгейінде сақталған, сондай-ақ құрылыс қаңтар-тамыз айларындағы 0,1 пайыздан осы жылдың 9 айында 3,5 пайызға дейін артқан.

Министрдің айтуынша, тоғыз айдың қорытындылары әлеуметтік-экономикалық өсімнің барлық салаларында оң қарқын көрсеткен. Осыны ескере отырып, жыл қорытындысы бойынша кем дегенде 3,4 пайыз деңгейінде экономика өсімі орын алады деп болжануда. 

Даму болжамы мақұлданды

Алқалы жиында қаралған тағы бір мәселе – еліміздің 2017-2021 жылдарға арналған әлеуметтік-эко­номикалық даму болжамы және 2017-2019 жылдарға арналған рес­пуб­ликалық бюджет пара­метр­лері. Бұл ретте Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов елі­міздің әлеуметтік-экономикалық даму болжамы 2016 жылғы ІЖӨ бо­йынша есептік деректер мен осы жылдың көрсеткіштері негізінде анықталғанын мәлімдеді. 

Жылдың басынан бері елде экономикалық белсенділіктің жақ­сар­ғаны байқалады. 2017 жылы ІЖӨ 51 855,3 млрд теңге көлемінде бол­жанған, бұл ақпанда мақұлданған көр­сеткіштен 2 114,7 млрд теңгеге жо­ғары. Халықтың жан басына шақ­қанда ІЖӨ 8,7 мың долларға дейін ұлғаймақ. 

Өнеркәсіп өсімі кен өндірісі са­ла­сының 8,2 пайызға дейінгі болжамды өсімі мен өңдеу өнеркәсібінің 4,5 пайызға дейінгі күтілетін өсі­мі есебінен 6,2 пайызға дейін ұл­­ғай­­тылады деп қайта қаралған. Ал мұнай өндіру көлемі ірі кен орын­дарында (Қашаған, ТШО, Қара­шы­ғанақ) өндіру жоспарын асыра орындау есебінен 81-ден 84,5 млн тоннаға дейін ұлғайтылыпты. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемінің өсімі 2,5 пайыз деңгейінде сақталған.
«Түзетілген макроэкономикалық болжам негізінде 2017 жылға ар­налған республикалық бюджет пара­метр­лерінің болжамы да нақ­тыланды. Республикалық бюджет­тің 2017 жылғы кірістері (транс­ферттерді есепке алмағанда) 4 952,8 млрд теңге көлемінде бағаланады, бұл бекітілген жоспардан 60,8 млрд теңгеге жоғары көрсеткіш», деді министр. 

Жер қойнауын пайдаланушылардан түсетін корпоративтік табыс салығы бойынша, сонымен қатар мемлекеттік кәсіпорындар кірісінің бір бөлігі мен дивидендтердің жоспарланбаған түсімдері есебінен салықтық емес түсімдер бойынша негізгі асыра орындау орын алады деп күтілуде. 

Сонымен қатар үкіметтік қарыз өсімін шектеу және еліміздің тәуелсіз рейтингін сақтау мақсатында бюджет тапшылығын 47,9 млрд теңгеге немесе ІЖӨ-ні 3,1 пайыздан 2,9 па­йызға дейін қысқарту ұсынылған.

Ұлттық қордың кепілді және мақсатты трансферттері бұған дейін бекітілген көлемде сақталған. 

300-ге жуық нысан жекешелендірілді 

Үкімет отырысында жеке­ше­лен­діру бойынша жүргізіліп жат­қан жұмыстар жайы да кеңінен талқы­ланды. Айталық, жекеше­лен­дірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарына барлығы 877 нысан енгізілген. 1 қазандағы жағдай бойынша 441 нысан сатылымға қойылса, оның 291 нысаны 112,7 млрд теңге сомаға сатылған. 

Сатылған нысандар – сату бағасы 8,3 млрд теңге болатын рес­пуб­ликалық меншіктегі 23 нысан, сату бағасы 33,1 млрд теңгені құраған ком­муналдық меншіктегі 162 нысан және сату бағасы 71,3 млрд теңге болатын квазимемлекеттік сек­тор­дың 106 нысаны. Бұдан өзге 211 ны­сан қайта ұйымдастыру және тарату кезеңінде. Осылайша қай­та ұйымдастырылатын және таратылатын нысандарды есепке алғанда кешенді жоспарды орындау ағымдағы мерзімде 74,3 пайызды құраған. 

«Жалпы, 2017 жылға 473 нысанды өткізу жоспарланған, оның ішінде бүгінгі таңда 251 нысан са­тылымға қойылды, 55,6 млрд теңге сомаға 112 нысан сатылды. 115 ны­сан қайта ұйымдастыру және тарату кезеңінде. Осылайша, жыл соңына дейін 107 нысанды өткізу қажет», деді Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.

Білім жүйесін жандандырған бағдарлама

Жиында қаралған үшінші мәселе – білім беру мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мем­лекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы. 

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің айтуынша, жалпы 2017 жылда білім беру мен ғы­­лымды дамытудың 2016-2019 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағдар­ламасының 8 индикаторын, 51 көр­сет­кішін, 168 шарасын орындау жоспарланған. Бұл жылдағы шараларды іске асыруға 418 562,9 млн теңге бөлінген. 

«Жалпы, бағдарлама бастал­ғаннан бері елімізде 1309 мектепке дейінгі мекеме ашылып, 155 мектеп салынды. Мектепке де­йінгі ұйымдардың арнайы білімі бар пед­қызметкерлерінің сапалы құра­мы 1500 педагогқа артты. Жоға­ры және бірінші санатты педқыз­меткерлердің саны 145 мың адамды құрайды. Мектепке дейінгі жә­не мектепте білім беру мазмұны ЭЫДҰ стандарттарына сәйкес жаңар­тылды, колледждер мен ЖОО-ларда халықаралық сарапшылар мен жұмыс берушілердің қатысуымен әзірленген 92 жаңа бағдарлама енгізілуде», деді министр.

Е.Сағадиев, сонымен қатар балаларды балабақшаға бөлу үдерісі қанатқақты режімде автоматтандырылып жатқанын, 2018 жылы жүйені тұтастай енгізу көзделіп отырғанын, ал балабақша ашу рәсімін жеңілдету мақсатында жаңа санитарлық нормалар мен ережелер қабылданғанын атап өтті.

Министрдің мәліметіне сүйен­сек, жыл соңына дейін үш ауысымды және апатты мектептердің орнына 76 мектепті пайдалануға беру жоспарда бар. 1 қыркүйекте 52 мек­теп пайдалануға берілген. 318 колледжде «Баршаға арналған тегін кәсіп­тік-техникалық білім беру» жо­басы іске асырылып жатыр. 421 кол­леджде 80 мамандықтың 160 білік­тілігі бойынша 27 193 студентті қамту арқылы 2 433 кәсіпорынның қа­тысуымен қосарлы білім беру жүйесі енгізілуде.

ЖОО-ларда бақылау кеңестері арқылы ректорды таңдау тетігі енгізілген, корпоративтік хатшылар мен ішкі аудит қызметтері құрылуда. Қазақстанның сегіз ЖОО-сы 2017 жылы QS WUR әлемнің үздік уни­вер­ситеттерінің рейтингісінде аталып өткен.

Динара БІТІК, 
«Егемен Қазақстан»