Аймақтар • 18 Қазан, 2017

Өскемен мектептерінде жаңа пән оқытыла бастады

425 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алаш ардақтысы Шәкәрім ата­мыздың осыдан жүз жыл бұ­рын шамасындағы «Ұшқаны бі­лінбейтін ұшқыр заман» деген сө­зі сіз бен біз тіршілік кешіп жат­­­қан бүгінгі заманымызға қа­ра­та айтылған секілді көрінеді де тұрады.

Өскемен мектептерінде жаңа пән оқытыла бастады

Бұған ешкім дау айта қой­мас деп ойлаймыз. Содан да болар, Елбасы «Болашаққа бағдар: ру­хани жаңғыру» мақаласында келешекте ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабі­летімен айқындалатынын атап өтіп, «Сондықтан әрбір қа­зақ­стандық, сол арқылы тұ­тас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қа­сиеттерге ие болуы керек.­ Мы­­са­лы, компьютерлік сауат­тылық, шет тілдерін білу, мә­дени ашықтық сияқты фактор­лар әркімнің алға басуына сөз­сіз қажетті алғышарттардың сана­тында. Сол себепті «Цифр­лы Қа­зақстан», «Үш тілде білім бе­ру», «Мәдени және конфес­сия­ара­лық келісім» сияқты бағдар­ламалар ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы», деп жазған еді. Мемлекет басшысы меңзеген маңызды бағыттар бойынша Шығыс Қазақстанда да жүйелі жұмыстар қолға алынуда. Бұл ретте білім ордаларына артылар жауапкершілік жү­гі салмақты екені айтпаса да тү­сінікті шығар. Дегенмен де «Цифр­лы Қазақстан», «Үш тілде білім беру» секілді ауқымды бағ­дарламаларға алғаш үн қо­сып, оқушыларды ерте бас­тан ком­пьютерді жете меңгеруге бау­лып жатқан мектептер де бар. Мә­селен, ашылғанына 3 жыл ғана бол­ған Өскемендегі № 46 қазақ ор­та мектебі информатика пәнін әдеттегідей 5-сыныптан емес, биылғы оқу жылынан 4-сыныптан бастап оқытуды жөн көріпті. Ап­тасына бір сағат жүргізілетін қо­сымша сабақ «ақпараттық тех­но­логиялар негіздерімен та­нысу» деп аталады. Осы мақ­сатта 20 ноутбук алдық. Қазір­гідей ақпарат заманында оқушы­ларымыз компьютерді балғын ша­ғынан бас-тап меңгерсе, ұтыл­­майтынымыз анық, дейді мек­теп директоры Гүлфарида Ауғанбаева. Тағы бір ерекше атап өтер дүние, білім ордасы биыл мектеп бағдарламасына алғаш рет «Мен – инженермін» деген қо­сымша сабақ енгізген. Бес сағаттан тұратын сабақ 5-сынып оқушыларына ғана жүргізіледі. «Жақсыны көрмекке» дегендей, жаңа пәннің қалай жүргізілетініне біз де қызығушылық танытып, бір сабағына арнайы қатысып көрдік. Қы­рық бес минут мұғдарында аңғар­ғанымыз, бұл қосымша са­бақ оқушыларды өздігінен жазу-сызуға, компьютер көмегімен әр­түрлі дүниелердің эскизін жасауға үйретеді екен. Әр оқушының ал­дында бір-бір компьютер. Оқу­шылардың бұл пәнге деген қызығушылығын бір сағатқа жуық уақыт бойы бас көтермей тапсырма орындауларынан-ақ байқағандай болдық. «Қосымша сабақты жүргізіп жатқанымызға көп уақыт болған жоқ. Бірақ шәкірттеріміздің ықыласын, ын­та-жігерін өзіңіз де аңғарған боларсыз. Бүгін оқушылар «3D Builder» деген бағдарламамен жұмыс істеп, жазық денеден үш өл­шемді денені құрастырды. Оларға қазір геометриялық фигураларды компьютерлік үлгіде жасауды үйретіп жатырмын. Бұл пән оқушылардың жылдам шешім қабылдауына, сыни тұрғыдан ойлауына үлкен септігін тигізеді», дейді информатика пәнінің мұғалімі Шынар Бабатаева. Со­ны­мен қатар ол алдағы уақытта оқу­шылардың компьютер ар­қы­лы жасаған жұмыстарын қа­ла­­дағы А.Пушкин атындағы об­лыстық кітапханағы 3D прин­тер­ден шығаруды жоспарлап отыр­ғандығын да жеткізді. Са­бақ соңында екі-үш оқушыны сөзге тартқанымызда «Сабақ өте қызықты. Компьютермен жұмыс істеуді үйренеміз, өзіміз қалаған дүниені жасаймыз»,  деді барлығы бірауыздан. 

Мыңнан астам оқушысы бар­ мектепте ағылшын тілін үйре­ну­ге де ерекше ден қойылып жа­тыр екен. Қазіргі уақытта бі­лім ордасының химия, физи­ка, биология және информатика пәндерінің 6 мұғалімі әлем­де салтанат құрған тілді мең­геру үшін әртүрлі курстарға қа­тысып, таным көкжиектерін ке­ңейтуде. Бұдан бөлек мектептің қазақ, орыс және ағылшын тілі пәндерінің мұғалімдері об­лыс­та қолға алынған арнайы бағдарлама аясында білік­ті­ліктерін арттырды. Бір айта ке­тер­лігі, өңірдің ағылшын тілі ұстаздарына Лондоннан кел­ген тіл жеткізушілер, яғни ағыл­шындардың өздері сабақ берген бола­тын. «Өз ішімізде қайнап жүре берген жарамайды екен. Біз қанша дегенмен қалада тұрамыз ғой. Көп дүние қолжетімді. Шет­­­елден арнайы шақырылған мамандардан дәріс алу әсіресе шал­ғай ауылдардан келген әріп­тестерімізге пайдалы болды деп ойлаймын. Байқағаным, олар ауыз екі сөйлеуге көп мән береді. Осындай тәжірибе алмасулар біз үшін аса қажет», дейді №46 мектептің 25 жылдық еңбек өтілі бар ұстазы, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Айгүл Мусинова.

Азамат ҚАСЫМ, 
«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН

Суретті түсірген автор