Әлем • 18 Қазан, 2017

ББС Моңғолиядағы қазақ бүркітшілері туралы жазды

771 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыс Моңғолияның тауларында жыл сайын күзде бүркітшілер, яғни қазақ бүркітшілері арасында фестиваль өтеді. Бүгінде әлемде мыңдаған құсбегі бар. Алайда, фестивальдағы аңшылық пен тұрмыстық мақсаттағы аңшылық арасында айырмашылық бар. Тек бір ерекшелігі, бұл жарысты өз көзімен көру үшін әлемнің түкпір-түкпірінен туристер ағылып жатады. Шетелдіктер үшін бұл фестиваль тегін емес. Осы фестиваль туралы ББС басылымы жазады.

ББС Моңғолиядағы қазақ бүркітшілері туралы жазды

Моңғолиялық құсбегілер бүркітті асыраудың оңай еместігін және сол себепті оны кез келген үй асырай бермейтінін айтады. Қыран құсты асырау үшін күніне кем дегенде жарты келі ет қажет.

Моңғолияда бүгінде жүздеген бүркітші бар. Алайда, санаулысы ғана қыран құсты тек аңшылық мақсатта пайдаланады.

«Бүркіттің көзі өткір екені белгілі. Ол тіпті, екі шақырым қашықтықтағы қоянды ды анық көреді. Ересек құсты қолға үйрету мүмкін емес. Сондықтан оны балапан күнінде ұядан алып асырайды. Ал аңшылыққа тек ұрғашысын пайдаланады. Себебі, еркек құс әлсіздеу келеді.

Қолға үйрету үшін бірнеше жыл уақыт кетеді. Осы уақыт аралығында құс өсіп, иесіне толықтай үйренеді. Ал иесі қыранға қандай көлемде тамақ беруі керектігін жақсы білуі тиіс. Себебі, құс тоқ болса, аң аулауға қызығушылығы болмайды. Ал қарны аш жағдайда ұстаған жемтігін иесіне бермеуі мүмкін.

Иесі оны аттың жүрісіне, тұяғының дүрсіліне және шақырған кезде кері қайтуына үйретуі тиіс. Ұзақ дайындықтан кейін жыртқыш құс аң аулауға дайын болады. Әрі осы уақыт аралығында құс пен бүркітшінің арасында ерекше бір байланыс пайда болады. Тіпті, иесінен ұзап ешқайда ұшпайтын болады.

Көзіндегі томаға оған ешқайда алаңдамауын, аяқбауы оның уақытынан бұрын ұшып шықпауын қамтамасыз етеді. Аңшы бүркіт жемтігіне алдымен тырнағымен жабысып, жүрегін шоқып тастайды. Ал жүгіріп жеткен иесі оны сипап, астындағы аңды алады. Бұл тұста иесі оған міндетті түрде бір түйір ет беруі тиіс», – деп жазады ББС.

Моңғолиядағы қазақтар жылда өтетін күзгі фестивальге жақсылап дайындалады. Конкурсқа Моңғолияның түкпір-түкпірінен ондаған қазақтар жиналады. Бұл жолы да фестиваль кең көлемде, жүздеген туристердің көз алдында өтті.

Жарыстың алғашқы кезеңінде иесі ұшып шыққан бүркітін шақыруы тиіс. Алдымен қыран құсты биік жотаның басынан ұшырады. Ал төменде тұрған аңшы оны айқайлап шақырады. Бүркіт осы тұста иесінің қолына барып қонуы қажет. Міне, осы тұста нашар дайындалған құс мүлдем басқа жаққа қарай ұшып кетіп, иесін ұятқа қалдырады. Бұл сыннан сүрінгеннен кейін тиісінше келесі айналымға өте алмайды.

Келесі кезеңде қыранның аң аулау шеберлігі сыналады. Яғни, бүркіт атқа байланған қоянды ұстауы керек.

Мұндай фестиваль атадан балаға мирас болып келе жатқан аңшылық дәстүрдің үзіліп қалмауына септігін тигізеді. Ал осы байқауды өз көзімен көруге келген шетелдіктердің арқасында мемлекеттің де туристік әлеуеті артады.

Дайындаған Аян ӘБДУӘЛИ, «Егемен Қазақстан»