Футбол • 18 Қазан, 2017

Жорди Кройфф: «Астанаға» қарсы ойын алдында алты-жеті ойыншымыз жарақат алып қалды

206 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Маккаби» командасының бас бапкері Жорди Кройфф Еуропа лигасының топтық кезеңінде «Астанаға» қарсы ойын алдында пікір білдірді.

Жорди Кройфф: «Астанаға» қарсы ойын алдында алты-жеті ойыншымыз жарақат алып қалды

- «Маккабидің» жеңіске жету мүмкіншілігі қаншалықты жоғары?

- Қиын екені белгілі. «Астана» өз алаңында әсіресе еуропалық ойындарда ешкімге есе жібермейді. Оның үстіне алаң да жасанды. Бұл қарсыластарымызға септігін тигізері анық.

- Сіз ойыншы ретінде ғұмырыңызды аяқтағаннан кейін футболға қатысты барлық салада жұмыс істедіңіз. Өзіңізге ыңғайлы нақты бір салаға тоқталдыңыз ба?

- Мен ең бастысы футболды жақсы көремін. Болашақта не боларын білмейін. Бәрін уақыт көрсетеді.

- Сіз жайлы Станимир Стойлов жылы лебіздерін білдірді. Ал сіз әріптесіңіз туралы қандай пікірде білдіресіз?

- Мен онымен сыйласпын. Осыдан бес-алты жыл бұрын екеуіміз Кипрде таныстық. Мен оны адам ретінде де, маман ретінде де қатты сыйлаймын. Алдағы уақытта әріптесіме тек сәттілік тілеймін бірақ ертеңгі ойында емес.

- Сіздің командаңыз өткен жылы «Қайратпен» ойнады. Енді «Астана». Қай клуб мықты деп ойлайсыз?

- Егер Қазақстан чемпионатын алар болсақ, «Астана» чемпион. Бұл өз кезегінде кімнің мықты екенін айтып тұр. Ал «Қайратқа» қарсы ойында өз бабымызда емес едік. Жеңіске жетіп, ары қарай өткенімізге қуанамын. Ал «Астанаға» келер болсақ, бұл жерде жағдай мүлдем басқаша.

- Сіз әйгілі Йохан Кройффтың ұлысыз. Әкеңіздің философиясын өзіңізге сіңіре алдыңыз ба?

- Әкем бапкер ретінде де, ойыншы ретінде де үлкен жетістіктерге жеткен. Аты аңызға айналған тұлға. Бірақ мені ол кісімен салыстырмаған жөн.

- «Астанада» бірнеше ойыншы жарақат алып қалды. Бұл өз кезегінде «Маккабиге» септігін тигізе ме?

- Бізде де жарақат алған ойыншылар бар. Сондықтан жағдайымыз бірдей деп ойлаймын.

- Қанша ойыншы жарақат алып қалды?

- Тель Авивте алты-жеті маңызды ойыншымызды қалдырып кеттік.

- Топтағы командалардың ішінде қай ұжымның плей-оффқа шығу мүмкіндігі жоғары?

- Топтағы төрт команда да жеңіске жету үшін барын салады. Әрине арамызда «Вильярреалдың» фаворит екені түсінікті. Ал қалған үш команда өзара мықтыны анықтап, ұпай бөліседі. Бәрі топтан шығу үшін аянып қалмайды.

Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»