Қазақстан • 19 Қазан, 2017

Қазақстанның тәжірибесі қызықтырады

539 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Астанадағы Назарбаев орталығында «Этностық топтардың бейбіт қатар өмір сүруін қалыптастыру стратегиялары» тақырыбындағы халықаралық конференция өтті.  

Қазақстанның тәжірибесі қызықтырады

Іс-шарада кіріспе сөз сөйлеген Конрад Аденауэр атындағы қордың Қазақстандағы өкілдігінің директоры Томас Хельм Қазақстанда өтіп жатқан этностық топтардың бейбіт қатар өмір сүруін қалыптастыруға арналған жиынға қатысуды зор мәртебе санайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, Германия мен Қазақстан арасындағы өзара қарым-қатынас барысында елімізде тұратын этностық немістердің тарихи отанына оралуы өз маңызын жоғалтқан жоқ.

«Аз ұлттар төңірегінде сөз қозғағанда өте мұқият болуымыз қажет. Өйткені бұл – өте маңызды мәселе. Бір елде бірнеше ұлт өкілдерінің қатар өмір сүруі сондағы қоғамға орасан зор әсерін тигізеді. Қазіргі таңда Германия осындай күй кешіп отыр. Бір мемлекеттегі аз ұлттар өзара тіл табыспаса, қоғамдық жүйе бұзылатыны белгілі. Осы орайда Қазақстанда көптеген этностар өзара тату-тәтті өмір сүріп жатқанының куәсі болып отырмыз. Мұның бәрі Қазақстан халқы Ассамблеясын құрып, сындарлы саясат жүргізудің арқасы», деді Т.Хельм. 

Жиынға қатысқан Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Дархан Мыңбай конференцияда көтерілген мәселе қазіргі таңда күн тәртібінде өткір тұрғанын атап көрсетті. Оның сөзіне сүйенсек, Қазақстан тарапы этностардың бейбітшілік пен келісімде өмір сүруін әрдайым насихаттап отырады.

«Биыл Сочиде Германияның іскер азаматтарымен кездескен Президент Н.Назарбаев екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынастан бөлек, этносаралық бірегейлікті, келісім мен бейбіт өмір сүруді нығайтуға арналған саяси шешімдерді атап көрсетті. Кеше өткен жиында неміс қауымдастығының 2021 жылға дейінгі даму бағыты айқындалды», деді Д.Мыңбай. 

ҚХА Төрағасының орынбасары қазіргі таңда әлемде ұлттардың тату­лығы маңызды мәселе екеніне тоқтал­ды. Д.Мыңбай жер жаһандағы күр­делі жағдайлар этностардың түсініс­пеу­шілігінен туындайтынын атап өтті. «Қазақстанда этностық топтардың бейбіт өмір сүруі қалыптасқан дәстүр. Тәуелсіздік алғаннан бастап Елбасының қолдауымен бұл бағытта үлкен жұмыстар атқарылды. Осы игі үрдіс әлі де жалғасып келеді. Германия тарапы Қазақстанның тәжірибесінен үлгі алуға құлшыныстарын жеткізді. Бүгінде біз біреуден ғана үйреніп қоймай, басқаларға да үйрететін елге айналдық», деді Д.Мыңбай.

Германияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Рольф Мафаэль де бірқатар мәселелердің басын қайырды. Оның айтуынша, көп ұлттың өзара тату өмір сүруі қазіргі таңда Германиядағы маңызды мәселеге айналып отыр. Осы орайда, Р.Мафаэль немістердің «тоғызыншы территориядан» үйренетіні көп екенін сөз етті.

«Бүгінде Германия халқының 20 пайы­зын иммигранттар құрайды. Мен туып, өскен жерде мектеп оқушы­ла­ры­ның 40 пайызы – шеттен келген ұлт өкілдері. Бізді үлкен сынақ күтіп тұр. Германия түрлі этностардың өзара түсінісуіне жағдай жасауы керек. Эт­ностық топтардың бейбітшілік пен ке­лі­сімде өмір сүруін қаласақ, Қазақстаннан үлгі алғанымыз жөн», деді Р. Мафаэль. 

Сонымен қатар елші Қазақстанда өзі байқаған ерекшеліктермен де бөлісті. «Қазақстанда тұратын этностық немістермен келешек туралы әңгіме қозғалғанда «Қазақ тілін білесіз бе?», деп сұраймын. Егер Қазақстанның мемлекеттік тіліне жылы қабақ танытса, болашағын тұрып жатқан елімен байланыстыратыны айтпаса да түсінікті», деді Р. Мафаэль. 

Конференция шеңберінде этностық топтардың бейбіт қатар өмір сүру стратегияларын қалыптастыру және дамыту мәселелері, қазақ тілінің латын графикасына көшуі, этностық топтардың өзара қарым-қатынас процесіндегі әлеуметтік медианың рөлі, ұлтаралық қатынастардың дамуына бұқаралық ақпарат құралдарының ықпалы секілді бірқатар мәселелер талқыланды. 

Сонымен қатар конференцияға қатысқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының атқарушы директорының орынбасары Сұлтан Айтжанов, Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, Германия Федеративтік Республикасының қоныс аударушылар мен аз ұлттар жөніндегі өкілі Хартмут Кошик этностық топтардың бейбіт өмір сүруін қалыптастыру төңірегінде пікір бөлісті. 

Іс-шарада Конрад Аденауэр атын­дағы қор өкілдігі мен ҚХА арасында ынты­мақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Жиынды Конрад Аденауэр атын­дағы қор өкілдігі, Қазақстан халқы Ассамблеясы, Қазақстан Респуб­ли­касының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры ұйымдастырды. 

 

 Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

 Суретті түсірген 
 Ерлан ОМАР,
«Егемен Қазақстан»