Руханият • 19 Қазан, 2017

Бердібек Бияров: Ономастика отарлық зардаптан арыла алмай келеді

1498 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. 

Бердібек Бияров: Ономастика отарлық зардаптан арыла алмай келеді

Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деп еліміздің барша азаматтарын туған жерді қастерлеуге, Отанды сүюге, тамырлы тарихымызды, тағылымды дәстүрлерімізді дәріптеуге шақырған еді. Осы ретте өңіріміздегі жер-су, елдімекен атауларының тарихымен қатар облыстың ономастика саласындағы түйткілді мәселелерді де жетік білетін тілші-ғалым, Өскемендегі Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті Бердібек Бияровпен әңгімелескен едік.  
 

Глубокоены Ақтас, Зырянды Алтай деп атауға болады

– Ұлт ұстазы Ахмет Байтұр­сыновтың «Қазақ – жоқ іздеген халық» деген сөзі бар. Алаш ардақ­тысының бұл сөзі еліміздің ономас­тика саласына да қарата ай­тыл­ғандай. Президенттің құн­ды­лық­тарымызды құрмет­теуге шақырған бағдарламалық мақа­ласы осы саладағы «жоғы­мыз­ды» түгендеуге, барымызды түлетуге мүмкіндік беретін секілді. 

– Елбасы өзінің мақаласында «Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар» деп бекерге айт­қан жоқ. «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы ономастика саласына тіке­лей қатысты әрі осы сала­дағы көп уақыттан бері шешімін таппа­ған түйткілдердің тарқауына септігін тигізеді деп ойлаймын. Қазір ұлттық топожүйемізде тыңнан топоним жасауға деген зәрулік бар және бола береді де. Оны ғылы­ми тұрғыдан жүйелеп, бір жолға қою қажеттілігі уақыт өткен сайын айқындалып келеді. Әсіресе Шығыс Қазақстан облысында бұл мәселе шешімін тапқан жоқ. Негізгі себептер мыналар: біріншіден, кірме атаулардың орнын басатын тарихи топонимдердің табылмауы. Мәселен, қазіргі кезде Шығыс Қазақстан облысында ресми тіркелген 20 000 атау­дың 3000-ы славян тілдерінен ен­гені анықталып отыр. Ол 3000 атау­дың бұрынғы түркілік немесе моңғолдық түпнұсқалары еш­қай­да сақталмаған. Өйткені славян тілді атаулардың оларды ығыс­тырып шығарғанына 300 жылдай уақыт өтіп кеткен. Бұл мезгілде гео­графиялық нысанның тарихи аты ел жадынан шығып кетуі – заң­ды құбылыс. Енді оларды қа­лай­ша жаңғырту керек? Тек жаңа атаулар жасау арқылы ғана. Тың атаулар жасаудың жолын біл­мегендіктен, атаусыз қалған ныса­на­ларға Ақмарал, Береке, Бейбіт­шілік, Махаббат тауы, Өркениет, Ынталы, Бақыт, Шаттық тәрізді жер бедеріне қатысы жоқ атаулар беріле бастады. Бейілсіз байлар мен белгісіз батырлардың есім­дері­нен жасалған антротопоним­дер қаптап кетті. Бұны жақсы үрдіс деп атау қиын. Жер мен су – атымен, затымен қоса – сол жерді мекендеген халықтың байлығы екенін ескерсек, ондай бей-берекеттікке жол беруге болмайды. 

Геосаяси орнымызға, өзге ұлт өкілдерінің санының басымдығына байланысты Шығыс Қазақстанда жер-су атауларын ауыстыру, қайта жаңғырту мәселесі «жабулы қазан» күйінде қалып, тежеліп келгені белгілі. Бұл мәселеге батыл түрде кі­рі­­­­сетін мезет жеткен секілді. Біз­­­­­дің облыстың солтүстік аудан­да­­рын­да ономастика мәселесі кі­реу­­ке мұздай сіресіп шешімін тап­пай тұр. 

– Глубокое ауданының Ақтас, Зырянның Көктас деген тари­хи атаулары бар деген қан­ша­лықты шындыққа саяды?

– Зырянға өз басым Алтай деген атауды ұсынар едім. Өйткені Орыс Алтайында Горно-Алтайск, Моңғолияда бір Алтай, Қытайда бір Алтай атты қалалар бар. Ал Қазақ Алтайында ондай ірі ойконим жоқ. Алтайдың Қазақстанға тиесілі бөлігінде бір Алтай деген макротопоним тұрғаны жөн. Көктас атауы осы аудан аума­ғын­дағы цемент өндіретін Октябрск кентіне келетін секілді. Цемент­тің өзі көк тастан өндіріледі емес пе? Ал енді Глубокоеның бұрын­ғы атауы Ақтас екенін былтыр ғана дүниеден өткен белгілі жазушы, аудармашы, журналист Кеңес Юсупов ағамыз жазған болатын. Қаламгер бала кезінде әкесімен бірге осы маң­ды арала­ғанда «бұрын бұл жерді қазақ­тар Ақтас деп атаған» деп айт­қан екен. Бұл – тарихи атау. Дау-да­­май­сыз-ақ ауыстыруға болады. Шемо­наихаға жаңа атау табу керек секілді. Ол Шеманаев деген фамилиядан шыққан атау. Бір топ тілші ғалымдар Глубокое, Ше­мо­­наиха, Зырян аудандарының әкім­­діктеріне: «жаз мезгілінде сіз­­дер жаққа арнайы барайық, жер-су атауларын анықтап, белгі­лейік, тек көлік тауып беруге кө­мек­­­­тес­­сеңіздер болды» деп ұсы­­­ныс айт­қанбыз.

Сол аудандар­дың бірде-бірі көлік тауып бере алма­­ды. Құ­лық­сыздық танытты. Біз ғалым­дар атал­ған аудан­дар аума­­ғын­дағы тауларды, төбе­лерді, өзендерді, бұлақ­тарды кө­ріп, бәріне жаңадан қазақы ат қо­­йып беруге дайынбыз. Арнайы көлік бөлінсе, бір айда бір ауданды аралап шығуға бола­ды ғой. Қолы­мызда тиісті кітап­тар бар, атау­лардың сөздігі бар. Қар­ай­мыз да айтып береміз. Олар жер-су атауларын тізімдеп, жазып алса болғаны. Қазір болмай жатса, кейінгі ұрпаққа дайын тұра­ды. Осындай жоспарымыз бар. Бі­рақ оның қашан орындаларын бір Құдай біледі. Біздің тілегіміз – ономастика мәселесіне, жер-су атау­ларын өзгертуге қала, аудан, ауыл­дық округ әкімдері де мүд­делі­л­ік танытса дейміз. Олар бұл істе батылдық танытып, тілші ғалымдармен бірлесе жұмыс істесе құба-құп. Мұның бәрі не үшін керек? Әр ұлттың жер-су атаулары да мем­лекеттік рәміздер сияқты. Ұлт­тың бейнесін, болмыс-бітімін айқын­дап тұруы керек. Сондықтан бұл істі кейінге қалдырмай, орысша атау­лардың барлығын біртіндеп ауы­стыру қажет. Облысымыздың оңтүс­тік аудандарында жер-су атау­­лары біршама жүйеге келді деуге болады. Катонқарағайда бірен-саран орысша атаулар бар. Оған балама тауып та қойғанбыз. Кезін­де кержақтар тұрған таудағы Коро­биха ауылын Тұйық деп атау­ға бо­лады. Ар жағында жол жоқ, тұйық­қа тіреледі. Солдатова деген ауылды Күнгей деуге болады. Тау­дың күнгейінде тұр.

Оралхан Бөкей көшесінде бар-жоғы 4 үй бар 

– Білуімізше, сіз жер-су атау­ларына кісі есімдерін беруге қарсысыз. Неге?
– Жер-суға кісі атын беруге болмайды, өйткені ол кейін кар­таға түседі. Жазылуы да қиын. Атақ­ты адамдар дүниеге келе береді, бірақ жер енді өспейді ғой. Жер біреу-ақ. Күндердің күнінде, қаншама уақыттан кейін бәрі адам атына айналып кетеді. Сосын «Мараттан шығып, Қайратқа кел­дік, Қайраттан шығып, Талғат­қа кел­дік» деп отыратын боламыз. Са­йып келгенде, қандай атақ­ты адам болса да жерден артық емес. Қоғамға, елге еңбегi мен ерлi­гi сiңген адамдардың есiмiн тәр­бие­лiк мақсатта мәңгiлеу керек болса, ауыл, қала көшелерi, мектептер мен алаңдарға беруге болады. 

– Көшелер демекші, Өске­мен­нің шетіндегі Ахмер ауылын­да Күләш Байсейітова, Ілияс Омаров атындағы көшелердің бар екенін білеміз. Бірақ ұзын­дығы бар жоғы – 200-300 метр ғана. Сол жақтың тұрғын­дары­ның өзі мұндай көшелердің бар екенін дұрыс білмейтін сияқты.

– Қазіргі уақытта Өскеменде көшелерге қазақша атаулар беру мәселесі тоқтап тұр. Сіз айтып отыр­­­ған қаланың шет жағындағы кө­ше­лерге тұлғалардың есімі 2000 жыл­дары берілген. Өске­мен қала­лық мәслихаты үлкен көше­лерге қазақы атауларды бергізбес үшін, шеткі көшелерге аямай қоя берген ғой. Қулықты көрмейсіздер ме? Мәселен, шаһардың шет жағын­дағы Күленов шағын ауданында Оралхан Бөкей атындағы көше бар. Бар-жоғы 4-ақ үй. Ешкім білмейді. Өкінішке қарай, есімі елге белгілі тұлғаларымызға бұйырғаны осындай шолақ көшелер болып тұр. Өскеменде Паровозная, Рабочая деген секілді уақыты өткен көше атаулары аз емес. Кейбірін айтуға тілің де келмейді. Қаладағы осындай мәнсіз-мағынасыз көшелерге Күлтегін, Білге Қаған, Тоныкөк, Қозы Көрпеш-Баян сұлу немесе кезінде біздің өңірде қызмет ат­қарған Жүсіпбек Аймауытов, Сұл­танмахмұт Торайғыров, Мір­жақып Дулатов секілді тұлға­лардың есімдері берілсе ғибратты іс болар еді. 

– Бір сұхбатыңызда республи­ка­лық топографиялық карталарда өрескел қателіктер жібе­ріл­генін айтыпсыз.

– Қазақстан картасын қазақша сөйлетемiз деп жүрген азаматтар тiлдi жетiк бiлмегендiктен және тiл­шi-мамандармен ақылдас­па­ған­дықтан, көптеген өрескел қателiк­тер жiберген. Мәселен, бiр ғана Шы­ғыс Қазақстан облысының топо­картасында Үржар – Ұрыжар, Өрел – Өргiел, Берел – Бергiел, Шана­ғаты – Шанақатты болып заң­сыз өзгерiске ұшыраған. Ал Листвя­га тау жотасын Қоржынтау, Тар­бағатай сiлемiн Таутекелi деп өзгерту – аймақты жақсы бiлмеуден туған қателiктер. Орыс саяхатшылары Листвяга түрiнде картаға түсiрмес бұрын және қазiр де ол тау жотасы Қоңыржон деп аталады. Таутекелi болса, Тарбағатай тау сiлемiнiң бiр ғана саласы екенi жергiлiктi тұрғындардың бәрiне аян. Топонимика бiрнеше ғылым сала­­сымен тоғысатындықтан, гео­граф­тарға да мамандықтың тала­­бы­на байланысты топонимдер­­мен айна­лысуға тура келедi.

Алай­­да атау­лар арасында белгi­лi бiр диа­­лек­тiден, көне, кiрме тiл­дер­ден жасал­ғандары кездесiп қалса, оны дұрыс транскрипциялау, мағы­на­сын түсiну географ-маман­дар­дың қолынан келе қоймауы мүмкiн. Қазақстан карталарында қаптап жүрген қателiктер дәл осыдан, яғни тiлшiлермен, тарихшылармен бiрлесiп жұмыс iстемеуден туындап отыр. Республикамыздың барлық аймақтарындағы топонимдер бiршама толық зерттелiп, қаншама ғылыми еңбектер жазылып жатса да, картограф-мамандар көз қырын да салмайтыны белгiлi болды. Мемлекеттiк карта – әлемге ұсынатын ұлттық маңызы бар құжат. Оны жасауды бiрер ғана адамға сенiп тапсыруға болмайды. Ономастикалық жұмыстарды үйлестiру, оны үнемi қадағалап отыру Қазақстан сияқты дамушы елдерге ғана емес, әлемдегi өркениеттi елдердiң барлығына тән болып келдi. Мәселен, АҚШ-та Географиялық атаулар бюросы, Канадада Географиялық атаулар­дың тұрақты комитетi, Герма­нияда Географиялық атаулардың ұлттық комитетi, Англияда Бри­ятания география қоғамының гео­графиялық атаулардың тұрақты комиссиясы, Ресейде Геоде­зия, Аэро­­фототүсiру, картография бас бас­­­­қар­малары жұмыс iстей­дi.

Олар­­­дың барлығына да гео­гра­­фия­­­лық атауларды дұрыс пай­­­да­­­­лану­ды бақылап, түзетiп, жү­­­йе­­­леп отыруға бағытталған түр­­лi құқық­тар берiлген. Соны­мен қа­тар әр мем­лекеттiң карто­­­гра­­фия­­лық жүйе­сiн БҰҰ, Бүкiл­­әлем­­­­дiк пош­та одағы, Халқы­ара­­­­лық гидро­гра­фия­лық бюро, Ха­­лық­­ара­лық азамат­тық авиа­ция ұйы­мы, Халық­ара­лық карто­гра­фиялық бiрлес­тiк, Ха­лықаралық стандарттау ұйы­мы т.б. iрi қауым­дас­тықтар ба­қы­лап отырады. Сон­дықтан рес­пуб­ликамыздың топо­кеңiстiгiн тәртiп­ке келтiру мемле­кет­шiлiк қана емес, халықаралық маңызы бар iс болып табылады.

Зайсан көлінің тарихи атауы – Бейнетеңіз

– Өрел, Берел деп қалдыңыз, осы атаулар қайдан шыққан?

– Өрел деген моңғолдың үріл деген сөзінен шыққан. Ешкім оны Өрел деп айтпайды. Бала кезден Үріл деп айтып өстік. Үріл деген моңғолша «екі ерін» деген мағы­наны білдіреді. Қазақша үрлеу деген сөзбен төркіндес. Бай­қаса­ңыз, Катонқарағайдағы бұл ауыл шатқалда, яғни жырықта жатыр. Бұрын қазақтар Жырық деп атаған. Мұзтаудан басталатын Берел деген өзен бар. Қазақ­тар Ақбұлқақ дейді. Айран секіл­ді әппақ болып ағады. Ағып келе­ді де Бұқтырмаға құяды, яғни бұлғайды. Содан Ақбұлғақ/Ақбұл­қақ аталған. Соны орыс­тар картаға Белая Берель деп түсір­ген. Берел деген сөздің мағынасы борел деген көне түркі сөзінен шығады. Бор/боз дегеніңіз ақ, ел/іл су деген мағынаны білдіреді. Яғни Ақсу.

Өзеннің түсіне байланысты айтылған. Кейінгі ықпалмен жіңішкеріп Бөрел/Берел боп кеткен. Қазақтар жер-су атауларын текке қоймаған. Бір ерекшелігіне қарай қойған. Өкінішке қарай, көптеген жер-су атаулары ұмыты­лып, қалталы азаматтар әкесінің немесе атасының атын қойып жатқан жағдайлар көбейіп барады. Талайымен күрестік те. Мәселен, Аягөз ауданындағы Таңсық деген ауылды біреулер атасының атына өзгертеміз деп біз қарсы шығып, әзер дегенде қалдырғанбыз. Ал Бей­не­теңізіңіз – Зайсан көлі. Зай­сан деген жоңғар атауы, бұл сөз қолданысымызға кейіннен енген. Орыстар картаға түсіріп жіберген. Қазақтар Бейнетеңіз деген. Яғни теңіз сияқты, теңізге ұқсайды деген мағынада.

– Өскеменнің Кеңгір тұра деген тарихи атауы болған дейді. Бұл жөнінде не айтасыз?

– Оны естімедім. Тарихшы Құрбан­ғали Халид «Тауарих хамса» атты еңбегінде Өскеменнің атауы Дом деп жазады. Дом орыс­тар­дың «үй» деген сөзі ғой. Бірақ бұл сөз орыстікі болмауы да мүмкін. Парсының да дом/дам деген сөзі бар. Тұзақ деген мағына береді. Ертіс пен Үлбі қосылатын жер табиғи тұзақ болған. Аңды қуып әкеліп осы жерде ұстаған. Екі жағы өзен. Аң қайда барады? Құр­банғали Халид соны меңзеп отыр ма деп ойлаймын. Бұл – бір. Екінші, жазушы Кеңес Юсуповты әкесі арбамен аралатқанда «бұл жер Тасқұйған» деп айтқан екен. Құйған деген екі өзеннің қиылысы. Осының бәрін ойлана келе мен Тасқорған деген нұсқа ұсынғам. Тас дегеніңіз тас, қорған дегеніңіз қала деген мағынада. Талдықорған деген секілді. Осы нұсқаны ұсын­ғанмын, бірақ Өскемен атауына құлақ үйреніп кетті ғой. Түбі осы атау қалатын шығар.

– Сіздің әріптесіңіз Айгүл Әлімхан халқымыздың кәсібі мен шаруа­шылығын бейнелейтін Арғы­мақ, Тайсойған, Құлын­кеткен, Сандықтас, Керегетас, Айранбұлақ, Майкөмген, Қай­мақ­шаты секілді атаулардың бүгінде мүлде қойылмай, бары­ның өзі ұмытылып бара жат­қанын жазады.

– Катон­қарағай­лық Мамырхан Серікбай деген ақын кезінде «халық жауы» атанып, Колымаға айдалған. Сол кісінің 24 ауыз өлеңі бар. Ол жырларда Бала­пансаз, Бала­паншілік, Ойшілік, Тасүйез, Қайың­­дыүйез, Самалжота, Сая­тал сияқты топоним­дер молдап кез­­­де­седі. Бие­сыймас деген жай­лау бар екен. Жылқы көбей­­ген­де сый­­май кетеді екен. Құлын­ем­­бес деген жер болыпты. Жайлау­лар­­дың бірін­де. Шөбі сондай шүй­гін бол­ған­дық­­тан, тойған құлын енесін ембей қоя­ды екен. Бүгін­де осы­­ның бәрі ұмы­ты­лып бара­ды. Қазір­­гі ұрпақ аса құн­ды архи­топо­­ним­дерді кез келген ба­с­қа атау­мен жөнсіз ауыстыруға кірі­сті. Мәселен, Катонқарағай ауда­нын­дағы Парк ойконимі Ұра деген тарихи атауы бола тұра Ақмарал деп атала бастады. Березовка ойконимін Ошағанды деген тарихи атауын ескермей, Қайыңды деп атады. Ал Ұра, Ошағанды атаулары сол жер­дің ерекше белгілерін айқын­д­ап бере­­тін еді. Ұра – тау ара­сын­дағы шұң­­қыр жерге беріл­ген то­поним бол­са, Ошағанды – «мал­ға жайсыз, оша­­ғаны көп» деген ескерту беріп тұра­­тын атау.

Бы­лай­ша қарағанда, қа­­йың мен оша­ға­нның түбі бір фито­ним ғой, айырма­шылығы шамалы деуге болады. Алайда көшпелі мал шаруа­шылығымен айналысқан қазақ ол жер үшін маңызды белгі оша­ған деп тапқан. Екі атау да оно­мас­тика­лық концептілерге бай. Осы ба­­ғыт­та кете беретін болсақ, жер беде­рін білдіруге қабілетсіз мың­дағ­ан атаулар қолданысқа еніп кетуі мүмкін. 

– Мазмұнды әңгімеңізге алғыс білдіреміз.

 

 

Әңгімелескен 
Азамат ҚАСЫМ, 
«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН