Әдебиет • 19 Қазан, 2017

Латынға көшу – елеулі бетбұрыс болмақ

1222 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақа­ласы еліміздің рухани әлеміне жаңа леп әкелді. 

Латынға көшу – елеулі бетбұрыс болмақ

Мемлекет басшысы мұнда елдің мәде­ни-өр­ке­ниеттік дамуына өз көзқарасын білдір­ді. Бағ­дарламалық мақаладағы негізгі тезис­тер­­д­ің бірі – 2025 жылға қарай қазіргі қазақ­ әліп­биін латын әліпбиіне көшіру қажет­тілігі туралы. Бұл ауқымды іс-шара Қазақ­стан­ның бәсекеге қабілеттілігін күшейту және ұлттық бірегейлікті сақтау қажеттілігі мен компьютер­лік сауаттылықты жоғарылату, шет тілдерін меңгеру және мәдени ашықтықты арттырумен тікелей байланысты болуына негізделіп отырғанын нақтылап атап өтуіміз қажет.

Елбасы өзінің еңбегінде латын графикасына көшу­дің қалай жүргізілетіндігі жөнінде нақты мерзім­дерін бел­гілеп, 2017 жылдың соңына дейін латын әліп­биінің жаңа нұсқасы әзірленетіндігі жөнінде баяндаған.

Менің ойымша, Мемлекет басшысы алдымызға нақты жобалар қойып отырғанда, жергілікті атқару­шы органдар осы кезден бастап тиісті дайын­дық жұмыс­тарына кіріскені абзал. Қазіргі күнде барлық аудан, қалаларда тілдерді оқыту орталықтары жұмыс істейді. Солардың мүмкіндігін толыққанды пайда­ланып, 2018 жылдан бастап, мамандарды әзір­леу және орта мектептер үшін оқулықтар дайын­дауы­мыз және бар­лық ұйымдастырушылық және әдістемелік жұмыс­тар­ды таяудағы екі жыл ішінде жүргізуіміз қажет деп есеп­­теймін.

Сауатты жастар­ды қоспағанда, ауыл­дық жер­лер­дегі халықтың басым көпшілігі латын әліп­биі­нен көп хабары болмаған­дығын ескерсек, айнал­дыр­ған 4-5 жылдың ішінде атқа­рар жұмыс аз бол­май­тын­ға ұқсайды. Оның ар жағында 2025 жыл да қылаң бе­ріп қалады. Ал Прези­дентіміз «2025 жылға қарай іс қағаз­дарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз», деген болатын. 

Осы жерде біз Елбасы өзінің идеяларын жүйелі түр­де іске асыра білетініне тағы бір көзімізді жеткізіп отыр­мыз. Естеріңізде болса, 2012 жылдың желтоқ­са­нын­да Президент Қазақ­стан халқына арналған Жолдауында латындандыру идея­­сын айта келе, 2025 жылдан бастап жазуды ла­тын графикасына ауыстыру бойынша жұмысқа кірісе беру­ді тапсырып, «Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлем­мен бір­лесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен Интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады», деген болатын. 

Қазіргі күнде бірқатар азаматтар тарапынан латын әліпбиіне өту «өзге ұлт өкілдеріне қиын соғады», «олар оны қиын қабылдайды» деген орынсыз пікірлер айтылатынын естіп жатамыз. Менің ойымша, бұл дұрыс түсінік емес. Өйткені, латын әріптері – негізінен әлемнің көптеген елдері таңдаған әліпбиі. 

Қорытындылай келе айтарым, латын әліпбиіне оралу – елдің экономикалық өсуі мен мәдени дамуы үшін орасан зор әлеуеті бар тәуелсіз Қазақстан тарихындағы елеулі бетбұрыс болмақ!

 

Бастар ЕСҚАРАЕВ,
Оңтүстік Қазақстан облыстық 
тілдерді дамыту, архивтер мен 
құжаттама басқармасының басшысы