Медицина • 19 Қазан, 2017

Қылықтары тәтті алматылық төртем

982 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Осыдан екі жыл бұрын Алматыда екі сүйінші қатар келіп, алдымен үшем туылып, одан кейін іле-шала өмірге төртем келген еді. 

Қылықтары тәтті алматылық төртем

Осылайша қалалық перинаталдық орталықта 2015 жылдың 21 шілдесінде төртінші рет үшем дүниеге келсе, 5 тамызда төртем дүниеге келген болатын. Оған дейінгі төртемдер Алматыда 2010 жылы туған-ды.

Тіл-көзіміз тасқа! Қазір бұл балақайлардың барлығы да аман-есен, қылықтары тәп-тәтті болып өсіп келеді. 

Табиғи жолмен төртем тауып, отбасының төбесін көкке жеткізген Баян Абдуллинаның бұған дейін де үш ұлы бар болатын. Сөйтіп екі бірдей дипломы бар Баян бір күнде «Алтын алқалы» ана болып шыға келген-ді. 

Жеті баланы жеткізуге күйеуі кәсіпкер Қанаттың шамасы жете­тініне шүкіршілік айтқан құрсағы құтты келіншектің аяғы ауыр ке­зінде қиналғаны да рас. Бірақ бү­гінде оның барлығы көрген түстей. 

Егіз баланы да екінің бірі тауы­п жатқан жоқ, бастапқыда Баян­ға дәрігерлер құрсағындағы бала­ның үшем екенін айтқанда, аздап есеңгіреп қалса, Қалқамандағы ауруханаға түсік тастап қою қаупі туындап, қайта қаралғанда үшем емес, іштегі балалар төртем болып шыққанда, тіпті таң қалады. Сол шараналардың барлығы да аман-есен шырылдап дүниеге келді. 

Осы перинаталдық орталықта 25 жастағы Толғанай Сламхан атты сүйкімді келіншек Інжу, Ақнұр және Іңкәр атты сәбилерді аман-есен босанды. Сол кезде жұмаққа баратын үш қыздың әке-шешесі Жаркенттің тумалары екендігі, қалада жалдамалы пәтерде тұра­тын­дығы айтылған. Үшемнен бө­лек бұл жұптың екі жасар Айша есімді қыздары болатын.

Қуанышы ұзағынан болғыр балалардың әкесі Бауыржан Сатыбалдиев құ­рылысшы. Қалалық әкімдіктің өкілдері бір күнде көп балалы болып шыға келген жұпқа тезірек баспаналы болуларына ықпал ететіндіктерін мәлімдегені де есте.

Сол кезде дәрігерлер бұл балалардың барлығы да шыныдан шықпағанын, табиғи жолмен жарық дүние есігін ашқанын айтқан еді. 

Бүгінгі таңда тәуелсіз Қазақстан тарихында небәрі бес отбасында ғана төртем бар деседі. Солардың ішінде 2015 жылдың 5 тамызында өмірге келген бір құрсақтағы егіздер қазақ тарихында қалады. Себебі, олар – ешқандай дәрігердің араласуынсыз, табиғи жолмен дүниеге келген алғашқы төртемдер болғанын жоғарыда атап өттік.

Кеше ғана дүние есігін бар болғаны бір келінің ар жақ-бер­жағындағы салмақпен ашқан шақа­лақтар бүгін балабақша табал­дырығын аттапты. Бұл отбасы соңғы кезде ғана сәбилерінің суреттерін елге көр­сете бастады. 

«Төрт бірдей сәбиді өмірге әкеліп, өсіру оңай емес. Шар­шайсың, бірақ төртем туғаныма еш­қашан өкінген емеспін», депті жеті баланы өмірге әкелген батыр ана Баян Абдуллина «Күн­делікті өмір» порталына берген сұхбатында.

Қазақ тарихындағы ең алғаш­қы бір құрсақтан шыққан төрт егіз болғандықтан перзентті болу­ды көптен көксеп жүрген ерлі-зайып­тылар Ерсейітовтер отба­сын­дағы сәбилердің киімін ырымдап, «жұғысты болса екен» деп алады екен.

Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар