Әдебиет • 19 Қазан, 2017

Әділетсіздік (әңгіме)

1051 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ол кезде мен алты жастамын. Ал қарындасым төртте еді. Бір күні әкем екеумізді бақшаға ертіп апарды. Қыза­нақ пен қиярдың енді ғана пісе бастаған шағы. Әкем арықтың бойымен ары-бері жүріп, екеумізге бір-бірден қып-қызыл қызанақ үзіп әкелді. Сол кезде мені қандай сайтан түрткенін білмеймін, қауақтай басыма бір қулық­тың сап ете қалғаны.

Әділетсіздік (әңгіме)

– Кәне, кім бұрын жеп тауысады екен?! Жары­сайық! – дедім қарын­дасы­ма қарап.

Әдетте, неден де болса, менен қалмауға тырысатын ол бірден басын изеп, келісе кетті де, қолындағы топ-том­пақ қызанақты апыл-ғұ­пыл жеуге кірісті. Қып-қызыл суы пырс-с етіп шашы­рап, әп-әдемі көйлегінің омырауын бүлдірсе де, қара­мады. Ал мен болсам, оған көзімнің астымен қулана қарап қойып, уысымдағы қызанақты өп-өтірік мал­жаңдап жеген боламын.

– Ме... мен жеп болдым, – деді ол бір кезде аса маңызды шаруа бітіргендей аузын алақанымен сүртіп қойып.

Манадан бері осы сәтті ғана күтіп тұрған мен:

– Міне, қара! – деп уы­сымдағы бүп-бүтін қыза­нақты жылт еткізіп шығара қойдым.

Оның көзі бағжаң ете қалды. Менде бір өші кеткендей қатты бақырып жы­лап жіберді. Содан соң қанша жұбатсақ та өкпесі ба­сылмай, өксіп-өксіп, қай­та-қайта көз жасын төге бер­ді. 

Әкем тағы да бір қы­занақ үзіп әкеліп еді, басын шай­қап, алмаймын деп, одан сайын даусын үдете түсті. 

«Неге?», деймін-ау!..

Сөйтсе-ем, ол өмірінде бірін­ші рет әділетсіздік кө­ріп тұр екен ғой!..

 

Нұрғали ОРАЗ,
«Егемен Қазақстан»