Қазақстан • 19 Қазан, 2017

Қызығы мен шыжығы мол әлеуметтік қызметкер мамандығы

1022 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгінгі айлары асығыс, күндері қауырт өтіп жатқан қоғамда барлығымыздың мейірім мен қайырымға, аялы алақанға мұқтаж екеніміз жиі байқалады. Ал тағдыр жазуымен егде жаста жалғыз басты өмір сүруге мәжбүр қарттар мен дерттері жас талғамайтын мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де ыңғайлы, біртұтас ағзадай жүйелі жағдай жасау біздің қоғам алдында тұрған маңызды міндет болатын.

Қызығы мен шыжығы мол әлеуметтік қызметкер мамандығы

Əрбір дамыған, зайырлы мемлекеттің даму деңгейі халқының өмір сүру деңгейіне байланысты сараланатыны сөзсіз. Мемлекет бұл орайда жүргізілетін жұмыстарды міндеті айқындалған мақсат етіп қойып отыр. Мәселен, Астана қаласы әкімдігінің қаулысымен құрылған «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» МКҚК 2016 жылдың 1 сәуірінен бастап Астана қаласының Алматы, Сарыарқа, Есіл аудандарының əкімдіктерінен еншісін алып, өз алдына жеке мемлекеттік мекеме ретінде қызмет атқарып келеді.

Əлеуметтік қызмет көрсету орталығының құрамындағы 10 бөлімшенің 5-еуі өмірлік қиын жағдайға душар болған жандарға (жалғызбасты қарттар мен мүгедектерге) барынша жағдай жасау бағытында жұмыс жасайды. Бөлімшелер тіркеудегі 400 қызмет алушыға арқа сүйер демеуші болып, кейбірі отбасының бір мүшесіндей дәрежеге жетсе, енді бір қызмет алушылар қалауы бойынша Орталықтың оншақты мамандарының арқасында гидротерапия, физио ем-шаралары, массаж, емдік дене шынықтыру тағы сол сияқты көптеген оңалту шараларын қабылдап, дерттеріне шипа табуда.

Орталықтың əлеуметтік қызметкерлері қызмет алушылардың əрқайсысымен жекелей қарым-қатынас орнатып, олардың талап-тілектерін тыңдап, мейлінше толыққанды өмір сүру салтын жеңілдетуге күш салуда. Олардың ішінде жалғызбасты зейнеткерлер, соғыс ардагерлері, соғыс ардагерлерінің жесірлері, тыл еңбеккерлері мен өз уақытында тың және тыңайған жерлерді игеруге атсалысқан қарттар да бар. Осындай әр алуан тағдырлары тоғысқан қарттардың құлазыған көңіл күйін жадыратып, мағынаға толтыру мақсатында «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» мәдени шаралар ұйымдастыруға аса мән береді. Мысалы, қалалық саябақтар, мұражайлар және қаланың көрікті жерлеріне, қаладан тыс Бурабай демалыс аумағына саяхаттар, мерекелерге орай ұйымдастырылатын концерттер, цирк және тағы сол тәрізді шаралар Орталықтың салтына айналып отыр.

Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы атаулы мерекелер – Наурыз мейрамы, Астана күні, Жеңіс күні, Қарттар күні, Жаңа жыл қарсаңында және Экспо-2017 көрмесі аясында әр қызмет алушының мерекені сезінуі үшін ілтипатпен жеке сыйлықтар табыстады.

Ел болып еңсе түзегеннен бері елімізде қаншама рет әлемдік деңгейдегі шаралар өтті. Тұрақты тәуелсіздігіміздің арқасында әлем елдері Қазақстанды кең-байтақ ел ретінде тани бастады. Осы жылдардағы асқақтаған абырой-беделіміз арқылы бізге «EXPO-2017» сияқты халықаралық  көрме өткізуге қолымызды жеткізді. Аталған науқанға «көппен көрген ұлы той» демекші, Астана қаласы бойынша «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығының» қызмет алушылары да қатысып, қала төрінде өтіп жатқан таңғажайып көрменің көңілді көрермендерінің біріне айналды.

Сонымен қатар орталықта қызмет алушылардан құралған «Ностальгия» вокалдық тобы жұмыс атқаруда. Топтың көркемдік жетекшісі Тебереков Жекен. Өнерпаздарымыз қала деңгейінде өтіп жатқан мәдени іс-шараларға белсене ат салысады.

Әлеуметтік қызмет көрсету орталығының Қазақстан Республикасы бойынша сынамалы жоба ретінде ашылған алғашқы мекеме екенін ескерер болсақ, осындай жүгі ауыр көшті бастап жүрген Рысты Жағыпарқызының Орталықтың жұмысындағы үлесі - орасан зор, ал жалпы әлеуметтік салаға сіңірген еңбегі өз алдына жеке әңгіме.

Осы орайда, әлеуметтік қызметкер атағын абыроймен алып жүрген, өз жұмысына шын ықыласпен кірісетін әлеуметтік қызметкерлердің еңбегін де ерекше атап өтуге болады. Олар үшін өзге біреудің проблемасы деген түсінік жоқ, қиналған адам көрсе, қолұшын созып, көп саралап жатпай, қолынан келген көмегін еш аямайтын жандар. Әлеуметтік қызметкерлердің осы салада тұрақтап қалуы да осы қасиеттерінде. Жалақысы мардымсыз бола тұра, қызмет алушының бабын табу мақсатында қалтқысыз қызмет ету дене күшімен бірге психологиялық табандылықты аса қажет етеді. Бұл жерде адамның діні, нәсілі, ұлты, жасы, білім деңгейі немесе қоғамдағы мәртебесі маңызды емес. Тек қана кең жүректі, адами бейнесі айқын, өзінен гөрі өзгелерге болсын дейтін адамның ғана қолынан келері анық. Қызметте болсын, жеке өмірде, жалпы айналамызда осындай мейірімді адамдардың көп болғаны қандай ғанибет!

2017 жылғы қыркүйек айының 22 жұлдызында еліміздің əр түпкіріндегі қызығы мен шыжығы қатар жүретін мамандықты абыроймен атқарып келе жатқан  əлеуметтік қызметкерлердің алғашқы республикалық сьезі өтті. Əлеуметтік қызметкерлер күні қарсаңына орайласқан осындай айтулы іс - шараның өтуіне байланысты осы саланың мамандарын, яғни əріптестерімізді кәсіби мейрамдарымен шын жүректен құттықтаймыз!

Айнұр ДІЛДЕБАЕВА,

 І және ІІ топтағы мүгедектерге,

егде жасына байланысты

өзіне қызмет көрсетуге

мүмкіндігі жоқ адамдарға

әлеуметтік көмек көрсететін

№1 бөлімшенің меңгерушісі