Қазақстан • 19 Қазан, 2017

Қазақ ұлттық өнер университетінде латын әліпбиі талқыланды

629 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы маңызды бағыттардың бірі – қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру. Қазіргі уақытта бұл жастар арасында да қызу талқыланып жатыр. Бүгін Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде (ҚҰӨУ) латын әліпбиіне арналған дөңгелек үстел өтті.

Қазақ ұлттық өнер университетінде латын әліпбиі талқыланды

Іс-шараға Қазақстанның халық әртісі Қайрат Байбосынов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, профессор Тұрар Әліпбаев, филология ғылымдарының кандидаты Гүлжан Жұмашева, тарих ғылымдарының кандидаты Айнұр Қасабекова, сондай-ақ, аталған оқу орнының студенттері қатысты.

Алқалы жиынды жүргізген Айнұр Қасабекова «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы бастамалар арқылы Қазақстан дамыған елдердің қатарына қосылатынын айтты.

«Қазақстан бүгінде дамыған 50 елдің қатарына енді. Енді 30 мемлекеттің тізіміне енуді мақсат етіп отырмыз. Ол қолымыздан келетініне сенімдімін. Бұл тұста Елбасының бағдарламалық мақаласының орны зор. Әсіресе, латын әліпбиіне көшу туралы бастамасы бүгінде кең қолдауға ие болды. Әлемдік сарапшылар да бұл идеяны құптап отыр», – деді Айнұр Қасабекова.

Өз кезегінде оқу орнының тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Тұрар Әліпбаев студенттер арасында мұндай басқосулар жиі болып тұратынын айтты.

«Латын әліпбиінің болашағы зор екеніне сенімдімін. Бұл алфавит бізге шет тілдерін үйренуімізге септігін тигізеді. Өзім тәрбие ісіне жауапты болғаннан кейін студенттермен тығыз байланыстамын. Қазір білімді жастар көп. Олардың арасында кітапқұмар жандардың көп екенін байқаймын. Міне, осындай өскелең ұрпақтың ізімізден келе жатқанына қарап қуанамын. Оларға дұрыс бағыт-бағдар беру біздің мойнымызда», – деді Тұрар Әліпбаев.

Ал дәстүрлі өнерді дәріптеуші Қайрат Байбосынов ең алдымен қазақ тілі мәселесіне тоқталды. Жиналған қауымға бірнеше жыл бұрын Дәнеш Рақышев атындағы конкурста бас жүлдені иеленген жапон әншісі Такашахи Наоки жайлы әңгімелеп берді. Оның қазақ тілінде таза сөйлейтіндігіне, домбырамен ән шырқағанына таңданысын жасыра алмағанын айтты. Сондай-ақ, жиналған жұртқа ертеректе Сәкен Сейфуллиннің Ресейде латын әрпінде шыққан жинағын көрсетті.

«Жұмыс бабымен әлемнің түкпір-түкпіріне бардым. Сол кезде байқағаным, жергілікті тілде сөйлемесең ешқашан саған құрметпен қарамайды. Біз де сол күнге жетуіміз керек. Бұл ретте латын әліпбиінің орны ерекше», – деді Қайрат Байбосынов.

Ал филология ғылымдарының кандидаты Гүлжан Жұмашева қазақ тілі латын әліпбиіне көшу арқылы жаңа бір деңгейге көтерілетінін жеткізді.

«Бүгінде қазақ тілі әлі де болсын кенжелеп жатқаны жасырын емес. Латын қарпіне көшу арқылы бұл қиындығымызды шеше аламыз. Себебі, латын әліпбиімен қазақ тілін үйренудің жолы өзгешелеу. Біз кириллица арқылы екі тілде жазамыз. Ал бұл тұста олай емес.  Елбасымыз «Болашақ – білімді жастардың қолында» деп ерекше айтқан еді. Бізге елін, ұлтын ойлайтын білімді жастар қажет», – деді Гүлжан Жұмашева.

Осыдан кейін студенттер латын әліпбиі жайлы ойларын ортаға салды.

«Латын графикасына көшу туралы мәселе егемендік алған жылдан бері көтеріліп келеді. Шынын айтқанда әліпби ауыстырудың саясатқа да, өзге ешнәрсеге де қатысы жоқ. Ең бастысы – заман талабы. Бұл бастама арқылы қазақ тілі жаңа бір деңгейге көтерілетініне сенімдімін», деді мәдениеттану саласының студенті Айболат Оспанов.

Ал арт-менеджмент саласының студенті Карина Юсупова жаңа әліпби жастардың қазақ тілін тез үйренуіне мүмкіндік беретінін айтты.

«Солтүстік өңірден келгендіктен қазақ тілінде еркін сөйлей алмаймын. Бұл олқылығым үшін қысыламын. Латын графикасы арқылы қазақ тілін мейлінше тереңірек үйрену маған ерекше бір стимул болары анық», – деді Карина Юсупова.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық. 2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз. Ал 2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек», – деді.

Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»