Аймақтар • 20 Қазан, 2017

Қызылжарда 30 мыңға жуық шағын бизнес орындары жұмыс істейді

321 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінде Қызылжар өңіріндегі белсенді жұмыс істейтін 30 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектілерінде 100 мыңнан астам адам тұрақты түрде еңбек етеді. Десек те, бұл салада бюрократтық бұра тартулар мен заңсыздықтар да аз кездеспейді. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі омбудсмен Болат Палымбетовтің қатысуымен өткен жергілікті кәсіпкерлер палатасының кеңесінде түйткілді мәселелер қозғалып, тығырықтан шығу жолдары талқыланды.

Қызылжарда 30 мыңға жуық шағын бизнес орындары жұмыс істейді

 

Жыл басынан бері Ұлттық кәсіпкерлер палатасына солтүстік­қазақ­стандықтар тарапынан 234 арыз-шағым түсіп, 72 пайызы шешімін тапқан. Талдау барысы кәсіпкерліктер санының бір пайызға азайғанын көрсетіп берді. Жер бөлудегі қиындықтар да жетіп артылады, оның себептеріне нақты мысалдар келтірілді. 2013-2016 жылдар аралығында Петропавл қаласында жер телімдеріне қатысты бірде-бір конкурс өткізілмепті. Ал облыс бойынша екі аукцион ғана ұйымдастырылған. Бір түсініксіздігі, жалға берілген телімдердің аумағы тым үлкен. Кімдер алып жатқанына, қандай мақсатқа пайдаланылғанына қатысты ашықтық, мөлдірлік жетіспейді.

Кездесуде кәсіпкерлер құқықтық-нормативтік акті­лердің осал тұстарын атап көрсетіп, түзетулер енгізу­ді өтінді. «Казанцев А.В.» ЖК жетекшісі Александр Казан­цев жеке кәсіпкерлер тұтыну көлеміне қатысты тариф қолда­ны­латын жеке тұлғаларға теңестірілгенін айта келіп, кәсіпкер­дің өз өндірісі, жұмыс күші мен құрал-жабдықтары бола тұра есепке алынбайтынына қынжылыс білдірді. «Есептеу ең жоғары мөл­шерде жүргізіледі. Меніңше, өндіріспен айналысатын барлық жеке кәсіпкерлерді заңды тұлғаға теңестірген жөн», деді ол.

Облыстық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің құқы­ғын қорғау жөніндегі кеңестің төрайымы Инесса Қуанова Азамат­тық код­ексте жеке кәсіпкерді заңды тұл­ғаға теңестіретін баптың бар еке­нін, сондықтан энерге­тиктердің әрекетіне заң норма­лары шең­берінде жауап қату керектігін алға тартты. Б.Палым­бетов болса, бұл мәселенің республикалық деңгейде қаралатынына сендірді.

«Сүт одағы» серіктестігінің директоры Александр Кузля­кин монополистердің электр энергиясы үшін сараланған тарифты алып тастауын қолдамады. Бір ғана тариф бойынша төлеу­дің қисынсыздығына келіскен уәкіл мәселенің назарға алы­н­атынын айтты. «Жақсы тұз Петропавл» ЖШС-нің дирек­торы Жасұлан Азенов омбудсменнің қабылдауында болып, индустриялық-инновациялық даму басқармасының заңсыз әрекеттеріне шағымданды. Сөйтсе, басқарма басшылығы жер қойнауын пайдалану мақсатымен ас тұзын өндіру және барлау шарттарының күшін жою туралы бұйрық шығарыпты. Сот арқылы бір бұйрықтың күші жойылғанымен, қалған екеуіне соттан тыс тәртіппен қалпына келтіру тапсырмасы берілгенімен, ол әлі күнге дейін орындалмаған.

Былтыр кәсіпкерлердің құқығын қорғауға қатысты 305 өтініштің түсуі кедергілердің көбеймесе азай­май отырғанын аңғартса керек. Биылғы жағдай да көңіл көншітпейді.

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы