Әлем • 20 Қазан, 2017

Жапон жазушысы Кадзуо Иси­гуро жайлы не білеміз?

602 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биылғы жылдың Нобель сый­­лығы тегі жапондық, Бри­та­ния жазушысы Кадзуо Иси­гуроға «романдарындағы алапат сезім қуаты әлем мен адам арасындағы тылсым байланыстың тұңғиығына жол ашқаны үшін» берілді. Британия басылымдары Исигуроның лау­реат атануын жарыса жазып, қазіргі заманның ең беделді жазушыларының санатына қосып отыр. 

Жапон жазушысы Кадзуо Иси­гуро жайлы не білеміз?

«Financial Times» газетіне берген сұхбатында Кад­зуо өзіне ықпал еткен жазушылар деп: Джейн Остин, апалы-сіңілілі Бронте, Толстой, Чехов, Хемингуэй, Керуак пен Мейларды атаған. «Guardian» басылымы­ әдебиет сыншысы Стивен Пейдж­­дің «сезім қуаты мен интеллектуалды қызығушылығы оның прозасының ең басты қа­сие­ті» деген пікірін келтіріпті. «Independent» газеті болса, Иси­гуро Нобель сыйлығын алған кез­де құттықтаған хабарламасында оны Британияның ең ірі романистерінің қатарына кір­гізген.

Кадзуо Исигуро туралы орыс жазушысы, әдебиет сыншысы Александр Генис былай депті:

– Бір жазушыны түсіну үшін оған дейінгі қаламгерлермен салыстырсақ жетеді. Өйткені бұрынғыларды талдап, таразылап үлгердік. Әдебиет сыншы­ларының бұл «әдісінде» тұрған ештеңе жоқ. Тек шектен тыс салыс­тырумен әуестеніп, сы­ңаржақ пікірді қызықтап кетпесе болғаны. Шкловский айт­қандай, жазушы жегенімен емес, қорытқанымен қоректенеді. Сон­дықтан аннологияға әдебиет­те әрқашан орын бар. Швед ака­демиясының тұрақты хатшысы Сара Даниус та: «Джейн Остин мен Франц Кафканы араластырып, оған аздап Прусты қоссаңыз, Кадзуо Исигуро шығады» деп айтып үлгеріпті. Мен оған жапон классигі Танидзакиді қосар едім. Әйтпесе шебер жазылған «Майда қар» романы соншалықты сәтті шықпас еді. Меніңше, оның шығармаларында тұрақты ингредиенттер жоқ. Исигуро бас­қаларды айтпағанда, өзіне де ұқсай бермейді. Қайталау – Исигуроның фобиясы болса, әр түрлі болу – оның кредосы.­ «Баянсыз әлем суретшісі» ро­ма­­нында жазушының осы ұста­нымын аңғартатын мойындау бар. Оның бір кейіпкері: «Такэда шеберханасында алған тәжірибем көптің артынан соқыр сеніммен ілеспей, мені жетелеп келе жат­қан жол дұрыс па деп салқын ақылмен ойлауды үйретті. Егер мен сіздерді бір нәрсеге сендіргім келсе, ол таптаурын жолмен жүр­меу» дейтін.

Исигуроның өзгеше болуына оның биографиясы да әсер етті. Нагасакиде туған жазушы жеті жасында әке-шешесімен бірге Британияның бір провинциясына қоныс аударады. Ол аймақта Исигуроның отбасынан басқа Қиыр Шығыстың адамдары жоқ болатын. Оның тұңғыш кіта­бының туыстары мен өзіне бел­гісіз аймақ туралы болуы заң­ды еді. «Баянсыз әлемнің суретшісі» романы жиырмасыншы ғасырдағы ең үздік жапон романдарының үлгісінде жазылған. Босаң, нәзік сюжетті, импрессионистік деталь­дары түйсік арқылы дөп тиіп отырады. Романның өне бойындағы дүниеге көзқарасы аясында­ жайы­­лып жатқан автор образы мен өзіндік әңгіме айту стилі ерекше. Солай бола тұра, барлық шығармаларында нақты уақыт бар. Соғысқа дейінгі және соғыстан кейінгі Жапония. Оның романдары ағылшын тілінде жазылды дегенге сену қиын. Тіпті, жапон сыншылары: «Исигуро жапон тілінде сұхбат бермеуінде бір қулық бар» деген болатын. Британ аралына жараспайтын тегімен оны ағылшын жазушысы деуге тағы болмайтындай. Оның жапон болуы, әрқашан жағдайдан сырт, дербес ойлауға зор мүмкіндік береді. Сол артықшылығы ең даңқты «Қалған күн» романын жазуға сеп болды. Бұл романы үшін Букер сыйлығын алған кезде, ағылшын сыншылары: «Бір ұрпаққа жүк болатын нағыз ағылшын романы жазылды. Авторы – Кадзуо Исигуро» деп жазған.

Өзін қайталауды мүлде ұнат­пай­­тын Исигуро бұдан кейінгі ро­ман­дарын психологиялық трил­лер­ һәм ғылыми фантастика­мен­­ ұштастырып жазды. Жанры­­ның сан алуандығы, ылғи­ қыр­нап-жонып отырса­ да­ қуа­ты­нан айырылмаған, есесіне бірден көзге ұрмайтын алапат­ сезімі Швед академиясын Но­бель­ге лайықты қаламгер еке­ніне сендірді. Осыған дейін әде­биеттің ең басты сыйлығына ие болған әріптестеріне қарағанда лау­реаттығы ешқандай дау тудырмайтын нағыз жазушы.

Дайындаған

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»