Әдебиет • 20 Қазан, 2017

Түн жанарындағы жас

921 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Кемпірдің көршісіне айтқаны

Марқұм ұлымды бала кезінен-ақ беті­нен қақпай өсірдім. Бес жасында­ ағасынан қалмай әріп таныды. Директордың бірінші сыныпты оқымай-ақ, екіншіден бас­тасын дегеніне көнбедім емес пе? Құр­дас­та­рым­мен бірге оқығым келеді деп өзі де өтінді. Сол­ құрдастары түбіне жететінін кім біл­ген?! Әттең, екінші сыныпқа секірте беру ке­рек еді... Қатарының алды боп өсті. Мек­тебін алтын белгіге аяқтап, университетке түс­кенде кішігірім той жасап едік, иә-иә, өзің де келдің емес пе?

Түн жанарындағы жас

Адам өлетінін сезеді ғой. Демалысқа кел­генде сол тойда түскен суреттерді шы­­­ға­рып әкеп, төргі бөлмедегі шкафтың үстіңгі сөресіне әдемілеп жинап қойыпты. Сосын мені шақырып алып: «Жиырма жа­сы­ма тым көп естелік, ә?» – деп еді. Ке­те­­тінін сезген ғой, құлыным, қайдан білейін... Енді ойласам өзегім өртенеді.

Сол түні қорқынышты түс көрдім. Қап­таған қара қарғалар аппақ арғымақты тірідей жеп жатыр екен. Құстарды үркі­тейін деп тас лақтырып едім, өзіме қарай құжынап келе бастады. Үйге тығылып үлгерген екенмін деймін. Есік, терезені тарсылдатқан қарғалардың даусынан құлағым тұнып, селк етіп оянып кеттім. Түнгі екі-үштің кезі екен. Енді ұйқым келсейші...

Өз еркімен куәгерлікке келген жігіттің сот тергеушісіне айтқаны

Ол өзіміздің жиналатын жерге уақы­тында келді. Ол қай жер дейсіз бе? Қыр­манға баратын жолдағы көпір бар емес пе? Соның дәл жанында. Жастар арасында ол көпір – «Махаббат көпірі» деп аталады. Ауыл көшесін аралап, дүкен жаққа бардық, қарызға сыра алдық. Неге? Қазіргі жастарға сыра ішу үшін ешқандай себептің керегі жоқ, тергеуші ағай.

Айдар мен Ерсін бізден бөлініп, Айман­ның үй жағына кетті. Олар түріктің телехикаяларын көргенді жақсы көреді. Әсіресе, бейуақ мезгілде басталатынын жібермейді. Әлгі мұртты түрік жайлы. Әңгімелері де сол телехикая айналасында.

Кешіріңіз... Өзіңіз ғой барлығын айтып бер деген... Сыра ма? Иә. Сыра ұрттап, көпір жаққа қайта бардық, карта ойнадық.

Жоқ, ол сыра ішпейді. Жалпы ішкенін көрген жоқпын. Айтпақшы, мектепте оқығанда бір рет ішкенбіз. Ол оқиға туралы айтпай-ақ қояйын.

Бір кезде Ерсін жүгіріп кеп, Айманның Айдар­­ға ғашық екендігін жеткізді. Бар­лы­ғы­мыз аң-таңбыз. Қаза болған жігіт­ сенбеймін деді. Ерсін таңдайын тақыл­датып, телехикаядағы бір кейіпкердің дауысын салып:

– Ендеше, Айманның жаңа ғана Айдар­ды бетінен сүйгенін қалай түсін­діресің, өз көзім­мен көрдім. Бақыттан басы айналып,­ қуанышы қойнына симай келе жатыр! – деді. Мұны естіген ол ашуланып, картасын шашып жіберді. Екеуі қол алысып, бәстесіп жатқан. Неге сенбеді екен? Құр­дас­тар ойын ретінде қабылдадық. Мек­тепте оқып жүргенде Айман мен марқұм болған жігіт екеуі бір партада отырған. Соң­ғы қоңырауда жарасымды жұп боп, вальс биледі.

Содан кейін бе? Әрине, Айдардың Айманды ертіп келгенін көріп, ол тіпті ашулана бастады. «Ерегіскенде, не айтсаңдар да жасаймын! Айтқандарыңды орындай алмасам өлтірсеңдер де, мейлі, сертімді бердім! Жігіт болмай кетейін! Ал айтыңдар! Кәне!..»  деп жын ұрғандай айқалап шыға келді. Біреулер әзіл деп қабылдады, біреулер «ішпей мас болу деген осы...» деп көңілге алған жоқ. Ерсін карта ойнап отырғандардың қатарын толықтырып жатып:

– Мықты болсаң өткен айда қайтыс болған Кемел марқұмның қабіріне барып, тура басы жатқан тұсқа қазық қаға аласың ба? – деп күлді. Оның ашуланып: «Қағамын!» дегеніне тағы бір-екі жігіт қолдарын сермеп:

– Қой енді, қолыңнан келмейтін істі айтып, аузыңды былғама, қаға алмасаң үстіңдегі судай жаңа пальтоңды бізге бересің. Әй, бірақ, бәрібір қаға алмайсың ғой..., –  деген сөздермен қайрап, отқа май құйғандай болды. Ол болса көзі жыпы­лықтап, түкке түсінбей тұрған Айманға ыза­­дан булығып бір қарап алды да:

– Айдар, жүр менімен! Сенің үйің жақын ғой, қазық пен зілбалға алып шықшы... – деп қараңғыға сіңіп кетті.

Оның тістеніп сөйлегенін бәрі естіді. Біршама уақыттан кейін Айдар жанұшыра жетіп келмесі бар ма, көздері шарасынан шығып кетердей алақтайды. Бәрі бейіт жаққа жүгіріп кетті де, Айман жалғыз қалып қойды. Оны үйіне апарып тастау керек. Қыз баланы қараңғыда жалғыз тастап кетпеймін ғой. Айманды үйіне шығарып салып, жігіттердің келуін күтемін деп ойладым. Жол бойы үнсіз келдік. Мойнымызды созып, бірнәрсе көрінетіндей бейіт жаққа қарап қоямыз. Үйінің алдына келгенде «сау бол» дегендей басын изеді де, жасыл қақпаға еніп кетті. Мен үйіме қайттым. Жігіттерді күткім келген, бірақ шаршап тұрғандықтан... Күні бойы ауыр жұмыс істедім... Ұйқым келіп... Үйге қайттым... Апам алаңдайды.

Жоқ-жоқ, ешқайсысын көрген жоқпын, жастыққа басым тиген бетте көзім ілініп кетіпті. Ертеңінде естідім. Жақсы бала еді...

Айдардың сот тергеушісіне айтқаны

Айман екеуміз бұрыннан жақсы доспыз. Мектеп тәмәмдағаннан бері арамыздағы достығымыз тіпті артты. Қайтыс болған жігіттің оқуға түскенін естігенде Айман қатты қиналды, себебі оның қалаға кет­кенін қаламайтын. Оның демалысқа келгенін естіген Айман кездестірші деп өтінді. Сол түні «Махаббат көпірі» жаққа ертіп келген ем. «Ол балалармен сонда отыр, қазір оңаша қаласыңдар!» – дегенде қуанып, бетімнен сүйіп алды...

Көпір жаққа барып ек, бірі «қаға алмайсың!», бірі «жоқ, қаға аламын!» деп дауласып жатыр. Ол менен қазық пен зілбалға сұрағанда, ойымда ештеңе жоқ, үйден алып шықтым. Иә, қолымнан жұлып алды да, бейіт жақты бетке алды. Тоқтайтын түрі жоқ, еріксіз балаларға айттым.

Шалынып-сүрініп барлығымыз жетіп келдік. Ол өлгендер ауылына кейіннен қосылған Кемел марқұмның қабірі жанында тұр екен. Бізді көрген бетте жалма-жан қабірдің үстіне тізерлеп отыра қалып, қазықты әлі шөгіп үлгермеген топырақтың құбыла жағына қолымен қадап, екі тізесімен қысып алды да, зілбалғамен ұра бастады. Аруақтар сарайының есігін қаққандай тұншығып шыққан зілбалға дауы­сы барлығымызды есеңгіретіп, орнымыздан қозғала алмай қалдық. Әрі қарай көп нәрсе есімде жоқ, көз алдым тұманданып, ауылға қарай жүгірдім. Үйге жете сала білетін дұғаларымды жүз қайтара оқып, кірпік айқастыра алмадым. Сол күні таң да атпай қойды.

Қаза болған жігіттің көріпкел құлағына сыбырлағаны

Мен қабір басына Айманды жақсы көргендіктен бардым... Мен жігіттердің алдында есіріп артық сөйлегенім үшін бардым... Мен өзіме-өзім ерегісіп бардым... Барды-ы-ым...

Қабір басына келгенде қазықты қақ­пай-­ақ қояйын деп өзімді тоқтатқан едім. Бірақ достарым келіп қалғанда намысым жібермеді. Одан да өлгенім артық! Бірақ, мен өлмедім, қазір сенімен тілдесіп отырмын емес пе?! О, құдірет, менің тәнім ғана өлді. Мен оны бар болғаны киім шешкендей тастай салдым! Бірақ жаным әлі қиналуда. Мәңгілікке маталдым мен, көріпкел...

Бір сәтте аруақтар мекенін жаңғыртқан дауыстан селк етіп есімді жидым. Санамды торлап алған ыза-кек, ашу, қызғаныш тұманы әп-сәтте сейілді. Бірақ қазықты қағып жатқан қолым өзіме бағынар емес. Бойымды билеп алған әлдебір күш мен үшін қимылдап жатқандай. Сосын тіземе қысып ұстап тұрған қазықтың адам бассүйегін тесіп өтіп, былжырап кеткен мидың қабір ішіне ағып жатқанын көзіммен көрдім, теріммен сездім, құлағыммен естідім. Мазарлардың көлеңкесінде тығылып, сыртымнан бақылап тұрған аруақтар бір көрініп, бір көрінбей жан-жағымнан табалай бас­тады. Кемел марқұмның көрі мені ішіне қарай жұтып, тұңғиыққа тартып әкетіп бара жатқандай. Зілбалғаны тастай салып, тұра сала қашпақ болдым. Бірақ пальтомның етегінен әлдебір күшті қол ұстап қалды. Қайта тұрайын деп ем жібермеді.

Мен аруақтардың қаһарына ұшыраған елеспін! Тыңда мені,  көріпкел!

Құлағым тұнып, көз алдымда мың-миллион жарықтар жарқырап жатты. Тағы ұмтылдым, аруақтар пальтомның етегінен ұстап алған, өзіне қарай тартатын сынды. Дауыстап жылап жібердім, өз дауысым өзіме бөтен естілді, мен емес бұл жылап жатқан, мен емес! Қатты жұлқынып қалып ем, түнек тырнағына ілінген пальтомның етегі «Һ-һыыырррқққ» етіп жыртылды, олар мені жібере салды. Сүрініп-жығылып ауылды бетке алдым. Артыма қарауға қорықтым. Кемел марқұмның аруағы біресе оң, біресе сол жағымнан шығып, қыр соңымнан еріп келе жатқандай болды. Көзімді тарс жауып, жүгіре бердім, жүгіре бердім. Көзімді ашсам алдымнан шығатындай... Төтесінен үйге тарттым, кіре сала пальтомды шешіп, бұрышқа лақтыра салдым да төсекке құладым. Есіме ешбір дұға түспей қойды. Көз алдым қарауытып, үйдің көлеңкелеріне тығылып тұрған елестер кеудеме мініп, жүрегіме қазық қағып жатты. Мен тұншығып, мәңгілік мекеніме айналған осынау түнекке сіңіп кете бардым...

Алмаз МЫРЗАХМЕТ