Қазақстан • 20 Қазан, 2017

Қазпоштада ашық есік күні өтті

416 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазпоштаның Астанадағы филиалы Халықаралық байланыс күніне орай ашық есік күнін өткізді. Шараға бұқаралық ақпарат құралдары мен медиа-холдинг өкілдері қатысып, баспа өнімдерін таныстырды. 

Қазпоштада ашық есік күні өтті

Ашық есік күніне «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Айқын», «Литер», «Қазақ спорты» газеттері, «Қазақ газеттері» ЖШС қатысты. Ашылу салтанатында сөз алған «Қазпошта» АҚ-тың Астана қаласындағы филиалының директоры Гүлмира Айтбекқызы жиналған қауымды халықаралық байланыс күнімен құттықтады. «Біздің ашық есік күнін өткізу туралы ұсынысымызды қабыл алған барша баспагерлерге алғыс білдіремін. Бұл шара оқырман мен газеттерді жақындастыруға сеп болады деген ойдамын», деді ол.

Ал директордың орынбасары Бағдат Оразбайұлы баспасөз «халықтың құлағы, көзі һәм тілі» екенін еске алды. «Біздің басты мақсатымыз – баспасөзді оқырмандарымен тез арада қауыштыру. Бүгін шыққан газетті оқырманына сол күні қауыштыру оңай емес. Бірақ Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі ауылдар мен кез-келген өңірдегі жазылушылар баспасөз өнімін дер кезінде қолына алуы үшін біздің тарапымыздан қажетті жұмыстар атқарылуда», дейді Бағдат Оразбайұлы. 

«Егемен Қазақстан» газетінің атынан сөз алған Руханият бөлімінің басшысы Талған Батырхан Қазпошта қызметкерлерін айтулы мерекемен құттықтап, газетті оқырмандарға дер кезінде жеткізетіндері үшін алғыс айтты. Ал ақын, руханият бөлімінің шолушысы Қорғанбек Аманжол «Егемен» туралы өлең оқып, жұршылық ықыласына бөленді.

Ашық есік күні барысында оқырмандарға газетке жеңілдікпен жазылу мүмкіндігі ұсынылды. Алғашқылардың бірі болып «Егемен Қазақстанға» жазылған Амантай Кәкен 1964 жылдан бері елдің бас басылымына үзбей жазылып келе жатқанын, ара-тұра сүйікті газетіне автор ретінде де атсалысатынын қуана жеткізді.