Әдебиет • 23 Қазан, 2017

Тұрсынбек Кәкішев – қазақтың қара нары

1649 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Адамға ұлтты сүюден, ұлтқа қызмет етуден үлкен бақыт жоқ. Бұл – адамзат тарихынан қалған ең ұлы тағылым.

Тұрсынбек Кәкішев – қазақтың қара нары

Қай салада қызмет етсе де, қандай кәсіптің иесі болса да, түптеп келгенде, адам баласының тұлғалық санатын анықтар басты өлшем осы бір тағылым алдындағы ар мен жанның тазалығы екені күмәнсіз.    

Бұл өлшем туралы қазақ халқы қысқа қайырып, шебер айтқан. «Малым – жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деген. Тұлға табиғатын танып, тағылым жаратылысын бағалаудың нағыз планетарлық үлгісі! Ондаған ғасырлар бойы Еуропа мен Азия дейтін екі бірдей алып құрлықты еркін иемденіп, ойлау мен сөйлеудің ұлы биігіне көтерілген елдің ғана көкірегін жарып шығар ғажайып пәлсапалық түйін. Өмірлік танымы терең, ойлау қабілеті кең қазақ дейтін ұлттың тағдырын талқан еткізбей, жал-құйрығын күзеткізбей аман алып келе жатқан ұлт генофонын сақтаудың басты қағидасы да осы ұстанымға негізделгені даусыз.

Тұрсынбек Кәкішев осындай өлшемі кең, тамырын тереңнен тартар, «жанын арының садағасы» тұтып ғұмыр кешкен, бар саналы өмірін әдебиетке өлшеусіз арнап, шынайы ұлт биігіне көтерілген тұғырлы тұлға, ұлағатты ұстаз, шынайы ғалым еді. 

Тұрсынбек Кәкішев дегенде менің есіме ылғи 1968 жылдың сары күзі түседі.

Қарт КазГУ... Киров (осы күнгі Бөгенбай) - Масанчи көшелерінің қиылысындағы математика және филология факультеттерінің корпусы. Үшінші қабаттағы ак­ты залының алдындағы хол. Ығы-жығы студенттер... Келесі лек­­цияға асығып бара жатқан беті­міз, желке тұстан естілген «Нұр­лан!» деген дауыс мені тоқтатты. Бұ­рылдым.

Алдымда тұрған аққұба өңді әдемі кісі иығыма қолын салып:

– Сен Нұрлансың ғой? – деді қадала қарап.
– Сәлеметсіз бе, ағай...
– Сәлемет бол! Мен – Тұрсын­бек дейтін ағаң боламын, – деді қолымды қыса амандасып.
– Кәкішев... Ағайсыз ғой...
– Иә. Алла сәтін берсе, сендерге лекция оқып қалуым мүм­кін... Кешегі жыр кешінде оқыған өлеңің маған ұнады. Аты да қызық... 
– «Хали-Гали»...
– Ырғағы да әдеттегі қазақ өлеңдерінен бөлектеу екен. Сен былай жаса. Ана дәптеріңе мына теле­фон мен мына адресті жазып ал. Ертең күтемін. Үйге кел. Өзіңе ұнайтын он-он бес өле­ңіңді ала кел, – деді ағамыз сөзін нығарлап.

Сыртынан атына қанық, академиядан белгісіз себептермен «қуылып» келген қайсар мінезді, ойын, сөзін жасырып-бүкпей тура айтатын жаңа мұғалімімізбен алғашқы таныстығымыз осылай болды.

Ертесі... Уәделі кезде бір топ өлеңімді арқалап, Ботаника буль­варындағы Тұрсынбек ағайдың үйіне келдім. Ағай үйде жалғыз екен. Жылы шырай танытып, құшақ жая қарсы алды. Әдебиет туралы, арыстар мен алыптар жайлы (айтуға тыйым салынған) сөз қозғады. «Ерте ме, кеш пе, бәрі орнына келуі тиіс. Ақиқат дейтін шіркінді қырық жерден аузын құлыптап, қамағаныңмен, көнбейді», деді ағай маған барлай қарап.

Жиырмадан жаңа асқан, лапыл­дап тұрған бозбала кез. Ағайдың Сәкен мен Мағжан хақын­дағы тереңнен суырып, тебі­реніп айтқан әңгімесі, уақыт, заман хақындағы ойлары ма­ған ерекше әсер етті. Қанша отырғанымыз есімде жоқ. Есімде қалғаны Тұрсынбек ағайдың қысқа, нұсқа өрілген, ХХ ғасырдың ауызға іліге қой­маған ақиқаттары жайлы қанатты әңгімесі... «Сәкен өз ақиқатын халық тағдырымен қалай ұштастырса, Мағжан да өз ақиқатын сол халық тағды­рымен өзінше ұштастырды. Ұштас­тырып жүріп, қазақ дейтін маңдайының соры қалың ел үшін екеуі де ке­ңестік идеологияның қолынан кетті. Уақыттың оғы­на ілікті» деді жаңа мұғалім ауыр күрсініп. «Сенің әлгі, Гали-Га­лиіңнің ыр­ғағы сол ағаларыңның сарынын еске салады. Тентек өлең. Бірақ текті жыр...» деп, өлең­дерімді оқи бастады. Бес-алты өлеңімді іріктеп, таңдап, қалға­нын өзіме қайтарды.

Қайтқандардың арасына, әрі ойланып, бері ойланып отырып, «Хали-Галиды» да қосты. «Бұл өлеңді жуық арада ешкім баса қоймас. Бірақ реті келген жерде оқи бер. Атыңды шығарады...» деп жылы жымиды. Сөйтті де стол үстінде тұр­ған қара телефонның трубкасын алды. Әлдебір нөмірді терді.

– Нығмет, хал қалай? Дұрыс... Бас аман болса, реттеле­ді ғой... Мен өткен жолы өзіңе айт­қан бала туралы звандап отырмын. Газетіңнің бетінде жолын ашып жібер. Аты-жөні? Нұрлан... Ме­нің студентім. Өзіңе барады... – деп трубканы қойды.

Кейін алдына барғанда біл­дім. Тұрсекеңнің телефонда сөй­лесіп, «Нығмет» деп, өзім­сініп «тапсырма» берген адамы сол кездегі «Қазақ әдебиеті» газе­­тінің білдей бас редакторы, ардақ­ты ағаларымыздың бірі – Нығмет Ғабдуллин екен.

Шынында да осы бір әдебиет пен сөз дейтін киелі әлемге адал қызмет етіп, өмірден озған асыл ағаларымның арқасында «Қазақ әдебиеті» газетінің бетінде жа­рық көрген менің үш өлеңім сту­­денттер арасында, ұстаздар алдында біраз абыройымды биіктеткені рас.
Бәріне себепкер ардақты ұстазым – қайран Тұрсекең!..

Иә...

Тұрсекең пешенесіне Алла­дан бұйырған мол дарыны мен қайтпас қайсар мінезін, ақыл-парасаты мен білік-білімін Ұлт намысын қорғап, ұрпақ тәрбиелеуге арнаған, әрі осы жолда айтарын айтып, жазарын жазып өткен, Абай сөзімен айтқанда, адамның адамшылық болмысын танытар үш нәрсені: «Ыстық қайратты, нұрлы ақылды, жылы жүректі» ақ қағаз бен қаламның тезіне армансыз арқау еткен, елінің сенімі мен құрметіне бөлен­ген сирек­теріміздің бірі, біре­гейі болатын.

Тұрсекең табанды ғалым, тағылымды ұстаздықпен қоса, ұлт тұтастығы мен ұрпақ ойының қанаттанып бекуіне айрықша үлес қосқан жаны таза, жаратылысы бөлек, қарымы кең қайраткер, текті тұлға болатын. Ол жалған сөй­­леп, жағымпаздануды білмей­тін. Әсі­ресе ұлт тағдыры мен ұлт руханияты сөз болған тұста тартын­бай сөзге араласып, ойы мен пікірін ашық білдіретін. «Бетің бар, жүзің бар» демей тура айта­тын. «Аузын ашса, жүрегі көрінетін» осы бір адал, аңғал қалып, тегеурінді тұлғаларға тән батырлық мінез аяулы аға, ардақты ұстазды көзі тірісінде ел махаббатына қалай бөлеп, абырой биігіне қалай көтергені қаз-қалпы жадымызда.

Тұрсынбек Кәкішев ұлтының сондай үлкен ықыласына бөлен­ген жаратылысы кең, болмысы таза, жомарт мінезді дарын­дары­мыздың санатынан еді. Ол жаңа дәуір руханиятын жолға қойып, сорабын арыстарымыз салған, салмағын алыптарымыз көтерген ана дәуірде де, ата-бабаларымыздың арман-мұратын арқалап, киіз туырлықты қазақ­тың басына бақ болып қонған Тәуелсіздік дәуірінде де ел болу мен елдікті сақтау жайлы ойларын ашық айтқан ірілеріміздің бірі болатын.    

Зиялы қауым – қоғамға ықпал етер, пікір қалыптастырар қуатты күш десек, Тұрсекең осы ұлт зиялыларының ішіндегі шоқтығы биік өкілі болды. Ол өмірде де, әдебиетте де, ғылымда да Еңбек дейтін киелі ұғым мен Талант дейтін қасиетті дүниені айрықша бағалайтын. Ол ондаған ғасырдың бай тарихы бар қазақ көркем сөзінің сыни пікірінің дамуына ерекше ықпал еткен, осы жолда сандаған шәкірт тәрбие­леген үлкен жүректі ғұлама ұстаз болды. Ол адамдар мен адамдар арасын дәнекерлеп, ел мен ел арасына рухани байланыс орнатуға қажыр-қайратын сарқа жұмсаған алаштұлғалы қайраткер-ғалым, қайраткер-қаламгер еді...

* * * 
«Шәкірт», «рухани байланыс» деген сөздер тіл ұшына оралғанда өткен өмірдің мына бір «тайға басқан таңбадай» ақиқаттары еске түседі.
1985 жылдың жаз айларының бірі...

Қазіргі Сырбай Мәуленов (бұ­рынғы Интернационал) көше­сіндегі жазушылардың жаңа үйіне жаңа қоныс теуіп, енді-енді ес жиып жатқан кезіміз. Жаңа қоныстанушылар, арасында Сейтжан Омаров, Әзілхан Нұршайықов, Шона Смаханұлы, Есет Әукебаев, Жаппар Өмір­беков, Мұхтар Мағауин, Софы Сматаев, Тұтқабай Иманбеков, Кәдірбек Сегізбаев, Қайсар Жора­беков, Олег Квятковский, т.т.с. қаламгерлер бар, бірін-бірі ара­­латып ерулікке шақырысып жатады... Сондай күндердің бірінде біздің бірінші қабаттағы үш бөлмелі үйіміздің қоңырауы сың­ғырлап берсін. Есік ашсақ, ар жа­ғында ақсия күліп, жарқын жүзді ұстазымыз Тұрсынбек аға тұр.

– Ал... Қоныс құтты болсын!
– Рахмет! Төрлетіңіз, аға...
– «Құтты қонақ келсе...
– Қой егіз...»
– Менің қасымда бір қора адам бар... Сен «бастықсынып» тұрмай, сыртқа шығып, соларды қарсы ал әуелі... Арнайы Алатау асып, Шоң Өрікті мен Қарқараны басып, саған құтты болсын айту үшін бір топ бауырларың келіп тұр... – деді ағамыз баладай желпініп.
– Жәлел ағамыз ба?
– Өзі... Қасында ай мен күндей жары бар... – дегенше кіреберіс есіктен дабырласып, көрнекті қырғыз ақыны, атақты «Манас», «Семетей» пьесаларының авторы Жәлел Садықов пен жең­геміз Сәбира бастаған бір топ ақ қалпақты ағайындар кіріп келді. Абыр-дабыр, мәре-сәре құшақтасулардың жалғасы екі ел арасындағы әдебиет пен өнердің кішігірім тойына айналды. Тумаса да туған ағам­дай болып кеткен марқұм Жә­лел байекеміз бен Сәбира жең­геміздің құрметіне жайылған сол күнгі ақ дастарқанның төрі мен тізгінін қолына қатар ұстаған үлкен жүректі Тұрсекең «Біздің Нұрлан», «Біздің Фаузия», Менің шәкірттерім» деп көкірегі қарс айырыла қуанып, қонақтарға арнап жарыстырып тос көтергені, жарқылдап, сөз сөйлегені есімде.

Ақ жүрек, адал ағаның өзі бау­лып, өзі қанаттарын қатайт­қан шәкірттеріне жасаған қам­қорлығы туралы аңыздай болған әңгіме ұшан-теңіз.
Соның бірі бүгінде қазақ ғалы­мы мен әдебиетінің бір-бір жүйрігіне айналған беделді ға­лым, белгілі азаматтар – Жаң­ғара Дәдебаев, Құлбек Ергөбеков секілді бес-алты шәкір­тін «ғы­лымның болашағы осылар» деп жетектеп жүріп, бір жылда академияға қызметке ор­на­­лас­тыр­ғаны. Бұл – бір жыл­дың ғана оқиғасы. Мұндай оқиға, мұндай ел ауызын кезіп жүрген ұстаз қам­қорлығы туралы сөз көп-ақ. Оның бәрін бұл арада айтып тауысу мүмкін емес. 

Қуанса, ағынан жарылып, адал қуанатын, қайғырса, көзі­нің жасын сығып тұрып, адал қайғыратын дос, туыс, әке, ұстаз Тұрсекеңнің нар мінезін, қайсар қалыбын, өзгеге ұқсамайтын болмысын танытар сол қасиеттерінің сан мәрте куәсі болғаным бар. Сәбеңнің – Сәбит Мұқановтың жүз жылдығы тұсында баладай болып қуанғанын, досы Зекең – Зейнолла Қабдолов пен шәкірт-інісі – Сағат Әшімбаевтың қаза­сының тұсында көз жасын сығып тұрып, күңіреніп сөйлегенін қалай ұмытуға болады?!

* * * 
Міне...
«Алашым» деп аһ ұрып, «қаза­ғым» деп қабырғасы қайысып, бар саналы өмірін ұлт әдебиеті мен мәдениетінің өркендеуіне, ұлт ғылымы мен білімінің дамуына арнаған халқымыздың ардақты перзенті, ғұлама мінезді абыз ақсақалы Тұрсынбек Кәкішев өмірден озғалы – ағаның алып жүрегі соғысын тоқтатқалы үш жылдың жүзі болып барады.

Осынау мерзім ішінде қарт КазГУ-дің еңселі оқу залдары мен аудиториялары ұстаз-ғ­алым­ның саңқылдай шы­ғып, тыңдау­шысын елітіп, ұйы­­тып әкетер қоңыр дауысын қалай іздеп, сағынса, ол кісінің білік-білімі мол, парасаты мен мінезі жарасқан терең­нен тартар тебінгілі сөздерін, ха­лық­шыл болмыс-бітімін қалың жұртшылық та солай іздеп, сағынары анық. Өйткені Тұрсынбек Кәкішев ша­ғын аудиториялардың қоры­ғына қама­луды білмейтін, шапса, көсіле қолтық жазып, қай кезде де, қандай жағдайда да аламан­ның алдынан көрінетін тұлпар текті жүйрігіміз еді. Ол кісі зерттеу мен зерделеу дейтін ұлт өткені мен ұлт бүгінінің ара­­сына алтын көпір салған үл­кен жүректі ғалым, ұлт болмысын тану мен бағалауда, ұрпақ ойы мен санасын тағалауда өз мәнері, өз үлгісі бар кемел бітім­­ді ұстаз болатын. Тұрсекең айт­са, кесіп айтатын. Біреуге ұнап қалайын, біреудің қабағын жұмсартайынды білмейтін. Ол ой өру мен пікір айтудың өзгеше қалыбын, қоғам­шыл үлгісін өріс­теткен, Әз Төле бидің сөзімен айтқанда, «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дейтін қазақы наным-сенімді тұғыры берік тұлғалы ғылыми жүйеге не­­гіздеген, тереңдігі мен ерендігі бойына жарасқан, ғы­лымда да, қо­ғамдық пікір айдынында да өз орны, өз биігі бар ерекше тұлға-тұғын.

Менің жадымды жаңғыртып, күрескерлік пен табандылықтың үлгісіндей болған мына бір қызық жайт есіме түсіп отыр.

Өмірден қайтарынан бірер жыл бұрын-сексеннің сеңгірін сықырлата нық басқан Тұрсекең жары Күләш Ахметованы ертіп, Жазушылар одағына келді. Әл­де­бір аманат айтқысы келгендей сұраулы жүзі толқып отырды. Алдында ғана жүрегі мен көзін емдетіп шыққанын білемін. 
Жағдайын сұрадым.

– Кәкішевті кім айтты саған, нашар жігіт деп?! Көріп отыр­сың... Жағдайым жақсы. Жақ­сы болғандықтан, мына Күләш­ті ертіп, джип мініп, жолға шыққалы жатырмын – деді ағамыз қалжыңға жығып.
– Бағытыңыз? Қайда бар­мақсыз?
– Алла жазса, Алматы – Астана – Көкшетау...
– Дәрігерлер рұқсат берді ме?
– Берді... – 
Мырс етіп күлді: – Тәңір дейтін ұлы дәрігерден рұқ­сат сұрап, жолға шықпақпыз... Құдай бұйырса, екі-үш күннен соң... Көкшетау... Қызылжар... Омбы...
– Мынауыңыз....
– Алла нәсіп етсе, одан әрі Төмен, Сарытау, Орынбор, Орал бармақпын. Рулевойым – Күләш. Архивтерді қопару үшін барамын – деді.
Күлекеңе бұрылып едім:
– Ағаңыз барамын деп көн­бейді... Алған бетінен қайтпай­тынын өзіңіз де білесіз ғой ... – деді ол кісі.

* * * 
Айтқанынан қайтпай сол жаз Ұлы даланың сан тарау жолдарын артқа тастап, профессор Тұрсынбек Кәкішев ежелгі қазақ жұртының біраз белдеулерін аралап қайтты... Өзі айтқандай Орынбор, Омбы архивтерінің шаңын қақты... Одан кейін туған жері Ақкөл жұртының құрметіне бөленіп, 85 жылдық тойын өткізді. Көкшетау қаласында өткен халқымыздың ұлы перзенті – ат үстінен түспей азаттық пен бүтіндік жолында жортып өткен қазақтың ұлы ханы Абылайдың 350 жылдық торқалы тойында тыңдарман жұртты аузына қаратар атақты сөзін сөйледі...

Енді... ұлтын сүйген, ұлты­на есепсіз қызмет еткен сол қазақ­тың нағыз қара нары бол­ған. Тұрсекеңнің 90 жылды­ғын Алаштың ұлы қаласы Алма­ты жұртшылығы мен өзі жарты ғасырын еңбекпен, ұрпақ тәрбиесімен өткізген әл-Фараби атын­дағы ұлттық университеті, Қазақстан Жазушылар одағы атап өтуде. 

«Өлі риза болмай, тірі байымас» деген халық сөзі еріксіз еске түседі. Тұрсынбек ағаның елге, ел тұтастығы мен бірлігіне қызмет еткен ғибратты ғұмыры ақылды ұрпаққа қай кезде де үлгі боларына сенеміз.

Бұл – өмір ақиқаты.