Қазақстан • 23 Қазан, 2017

100 жаңа оқулық: келелі жоба шешімін табуда

420 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіретінін» атап көрсетті. Бүгінгі таңда халқымызды өркениеттің өріне бастайтын өзіндік бағытты айқындап берген бағдарламалық мақалада көрсетілген міндеттер кезең-кезеңімен іске асырылуда.  Солардың қатарында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы жас ұрпақтың бойына жаһандық ой-сана құндылықтарын сіңіруге ерекше екпін бермек. 

100 жаңа оқулық: келелі жоба шешімін табуда

Мемлекет басшысы өзінің тарихи мақаласында «біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз. 2018-2019 оқу жылының өзінде студенттерді осы оқулықтармен оқыта бастауға тиіспіз. Ол үшін қазіргі аудармамен айналысатын құрылымдар негізінде мемлекеттік емес Ұлттық аударма бюросын құру керек» деген нақты байламын ұсынды.

Қазіргі уақытта Елбасы тапсырма­сы­ның негізінде «Ұлттық аударма бюросы» құрылып, жауапты жобаны іске асыруға бел шешіп кірісіп кетті. Жаңа құрылымы бүгінге дейін жоғары оқу орындарымен бірлесе отырып, алғашқы 18 кітапты аударып үлгерді.

«Көп тілегі – көл» демекші, көшелі істің ілгері басуына елімізге белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері, сарапшылар да тиісінше үлес қосуда. Олар әлемдік деңгейдегі 100 жаңа оқулықты қазақ тілінде сөйлету – игі іс екенін, сапалы аударылған оқулықтарға қазақ қоғамы сусап отырғанын алға тартуда. Сонымен бірге олар елімізде бүгінге дейін жарық көрген қазақ тіліндегі оқулықтардың көбіне жұртшылық наразы, сапасы да көңіл көншітпейтінін де жасырмайды. Сондықтан дүниежүзі халықтарының интеграциясы күшейген қазіргі заманда әлемнің беделді оқу орындарының руханият саласындағы таңдаулы оқулықтарын қазақша сөйлету – өте игілікті қадам. Рухани қазынамызға өлшеусіз үлес қосар мұндай кітаптар өскелең ұрпақтың білімін толықтыра түсетіні сөзсіз. Ең бастысы, жаңа оқу­лық­тар қазақ ұғымына сіңісті болуы тиіс деген пікірлерін білдіруде.

Сонымен алдында айтып өткені­міз­дей қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық­тың 18-і аударылып бітіп, редакторлар қолынан өтіп, беттеле бастады. Жақын арада оқулықтардың электрон­ды нұсқасы 100kitap.kz сайтында жария­ла­нып, көпшілік талқысына ұсыны­ла­тын болады. Мамандардың айтуын­ша, оқулықтарды аударған кезде оның атауынан тартып, қазақы ұғымға сай келуіне аса мән берілуде екен. Тіпті кейбір кітаптың аудармасын қазақшалағанда біраз тер төгуге тура келуде. Өйткені әрбір оқулықтың атауы жұп-жұмыр, қазақы ұғымымызға сай болуы керек.

Мысалы, Карен Армстронгтың «A History of God: The 4000-year quest of judaism, christianity and islam» атты туындысын тура мағынасында тәржімаласақ, «Құдайлар тарихы» болуы керек. Ендігі жерде аудармашылар мұны ұлттық ұғымға сай келетін ұтымдырақ атауын ойластыруы тиіс. Сол сияқты Эллиот Аронсонның «The Social Animal» атты кітабын «Әлеуметтік хайуан» немесе «Қо­ғам­­дық жануар» деп тікелей аударуға кел­мейтіні де ақиқат. Сондықтан аудар­ма­ның атауынан бастап сапалы болуына айрықша ден қойылмақ.

Жалпы, мамандар гуманитарлық бағыттағы 100 оқулық Қазақстанда аудармашылар мен редакторлар мектебін нығайтып, осы салаға жаңаша серпін әкелетінін болжауда. Бұған қоса аударма процесін жеңілдететін бағдарлама мәсе­лесі де күн тәртібіне шығарылуда. Айта­лық, Ұлттық аударма бюросы  қол­даныс­қа енгізіп отырған SmartCAT бағ­дар­ла­масы аударманы жылдамдатып, оның са­пасын арттыруға көмектеседі. Атал­ған бағ­дарламаның ерекшелігі сол, аудар­ма­шының жазған мәтінін де, оның үстінен түзеткен редактордың да түзетулерін есіне сақтап, әрі қарайғы мәтінде кездес­кен кезде сол сөздерді автоматты түрде өзі қойып отырады екен. Сондай-ақ, SmartCAT арқылы аудармашылар мен редак­торлардың жұмысын қадағалап оты­ру­ға да мүмкіндік бар.

Енді «100 оқу­лық» жобасына қатысушы аудармашы мен редактордың әр қимылы мен әре­кеті «бір терезе» бойынша бақыланып, мәтін­­ді біреуге аудартып, редакциялатып алу қаупі де мүлде жойылмақ. Әлбетте, мұн­­дай қадам жаңа оқулықтардың сапалы ауда­ры­луына деген жанашырлықтан туғаны анық.

Сонымен, «Рухани жаңғыру» бағдар­лама­сы аясында қазақ тіліне аударылып жат­қан оқулықтар – латын әліпбиімен басы­­лып шығатын алғашқы басы­лым­­дар болмақ. Жаңа кітаптар жаңа төл әліп­биіміздің Елбасы қол қой­ған нұсқасы бекітілісімен баспаға жол тартпақ.

Жаңа оқулықтар төңірегіндегі осы және өзге де өзекті мәселелер Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда жан-жақты талқыланды.

 

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,

«Егемен Қазақстан»