Қазақстан • 23 Қазан, 2017

Ыстанбұлда БҰҰ Даму бағдарламасының ұйымдастыруымен конференция басталды

548 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Түркияның Ыстанбұл қаласында БҰҰ Даму бағдарламасының ұйым­дастыруымен ұйымның «Орнықты даму мақсаты» жос­пары­ның шеңберінде ғаламдық «Бағалау саласының ұлттық әлеуеті» атты 115 мемлекеттің өкілдері қатысқан конференция басталды. 

Ыстанбұлда БҰҰ Даму бағдарламасының ұйымдастыруымен конференция басталды

Осы конференцияның шең­берін­де Мемлекеттік қызмет сала­­сын­дағы Астана өңірлік хабы Қазақстанның мысалында мем­ле­кеттік басқару мен қызмет көр­се­ту­лерді бағалауға арнал­ған семинар өткізгенін бұдан бұ­рын жазған болатынбыз. Бұдан екі жыл бұрын БҰҰ қабылдаған «Орнықты даму мақсаттары» атты жоспарды орындаудың негізгі салаларының бірі – халыққа мемлекеттік қызмет көрсетудің тиімділігін арттыру деп белгіленген. Ал оның тиімділігін арттыру үшін мем­­лекеттік қызмет көрсет­кіш­­терін бағалау жұмысы да жоға­ры деңгейде болуы керек. Бұл қа­тарда қазақстандық тәжірибе көп­теген елдерге үлгі бола алатын­дығы семинарда айқын көрінді. 

Конференция жұмысын ұйым­­дастыруға Еуропаның адам эволюциясының дамуын зерт­теу қоғамы да атсалысқан. Бұл қоғам адамның биоло­гиялық дамуымен қатар мәдени дамуын да зерттейтін жан-жақ­ты ғылыми орталық. 

Конференцияның ашылуында БҰҰ Даму бағдарламасының Еуропа мен ТМД бойынша Бас бюросының директоры Джейxан Сұлтаноғлы сөйлеп, орнықты дамудың мақсаттары ғаламдық жаппай дамуды көздейтінін айтты. «Бұл ешкімнің де артта қалмауын қамтамасыз етуді білдіреді. Соның ішінде кедей­шілікті жою, мемлекеттік басқару­дың тиімділігін арттыру және тағы басқа маңызды мақсаттар бар. Ең бастысы біз жалпыға ор­тақ прогрес­ке жол ашуымыз қажет.

Біз мемлекеттер арасын­дағы дамудың әртүрлілі­гін азайтып, дамудың алуан түрлі кедергілерін кемітіп, осы мақсатқа жетуіміз керек. Ол үшін озық, үлгілі тәжірибе­лер­дің жетістігін үйреніп, оны бәріне ортақ етуіміз керек. Қаты­су­шы мемлекеттердің бәрі озық үлгі­лерді өзіне енгізуі шарт. Сон­да орнықты дамуды жаппай қам­тамасыз ететін боламыз. Бар­лық елдердің үкіметтері соған ың­ғай­л­анып, өз бағдарламаларын соған үйлестіргені дұрыс. Ал мем­­ле­кеттік басқару мен қыз­мет көр­сетудің тиімділігін баға­лау ар­қылы біз нақты қандай мақ­сат­тарға жеткенімізге көз жет­кізетін боламыз. Оны тіпті әр­бір мемлекеттің xалық ал­дын­да­ғы есебі деп түсінуге де бола­ды», деді ол. Сонымен қатар Бюро басшысы осы сала­дағы үз­­дік қыз­меттері үшін Нор­вегия мен Ас­тана өңірлік хабтары­ның жұ­­­мы­­сы­на жоғары баға береті­нін атап өтті. «Ал Астана хабы­ның ке­шегі семинары біз­дің жұмыс­ымыз­­ды қолдау бағытын­дағы озық мы­сал­дардың бірі болды», деді ол. 

Конференцияның ашылу салтанатында Түркия Сырт­қы істер министрінің орынбасары Ахмет Йылдыз да құт­тықтау сөз сөйлеп, ұйымның көтеріп отырған мәселесінің маңыздылығын сөз етті. Мен Африка елдеріне жасаған сапарымда бір елдердің судан тарығып, шөл қысып отырға­нын көремін, ал кейбір елдерде керісінше, су басып, тасқын жүріп жатады. Соларды реттеу халықаралық ұйымның шаруасы ғой. Экологиялық апаттар­ды болдырмау жөніндегі Париж келісімі де соған үндейді, ал кейбір елдер басшылары­ның соны ұқпайтынына таң қала­сың. Біз «Үлкен жиырмалыққа» төраға­лық ететінімізді пайдаланып, осы мәселені әлемдік қоғам­дастықтың талқылауына ұсыну ниетіміз бар, деді ол өзінің сөзінде.

Қорыта айтқанда, БҰҰ-ның орнықты даму мақсатын көздейтін жоспарының орындалуы жолында мемлекет­тік басқару мен мемлекеттік қыз­метті жетілдіру ісі жөніндегі талқылаулар мен ұсыныстар мамандардың назарын аударды. Олардың қорытындысы тұжырымдалып, барлық мемлекеттер басшыларының қарауына ұсынылады.

 

Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан» – 
Ыстанбұлдан