Үкімет • 23 Қазан, 2017

Сағынтаев: Пәтерге сұраныс көп өңірлерде «Нұрлы жер» бойынша үйлер салынып жатқан жоқ

175 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Үкімет отырысында ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша өңірлерде тұрғын үйлерді халықтың сұранысы бойынша салу қажеттігін айтып, облыс басшыларына ескерту жасады.

Сағынтаев: Пәтерге сұраныс көп өңірлерде «Нұрлы жер» бойынша үйлер салынып жатқан жоқ

«Аталмыш бағдарламаның статистикасына жүгінсек, өңірлердің арасында анти пропорция бар екенін байқаймыз. Яғни жоспарлау дұрыс жүргізіліп жатқан жоқ. Өткен аптаның сәрсенбісі күні (ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында – автор) депуттар халық тығыз қоныстанған өңірлерге мектепті аз саламыз да, ал халық аз өңірге керісінше істейміз деп ескерткен еді», - деді Үкімет басшысы.

Осы орайда Бақытжан Сағынтаев аталған жағдайдың «Нұрлы жер» бағдарламасын орындау барысында да қайталанып отырғанына реніш білдірді.

«Не болды? Алматы облысында пәтер алуға 37 мыңға жуық адам кезекте тұр. Өңірде жылдық жоспар бойынша 82 пәтер салу қарастырылған. Ал Қарағанды облысында пәтер алуға 35 мың адам кезекте күтуде. Онда жылдық жоспар бойыша 387 пәтер салыну қарастырылыпты. Маңғыстау облысында жағдай керісінше. Пәтер алуға 17 мың адам кезекте тұр, жылдық жоспар бойынша 1132 пәтер салу жоспарлаған. Ақтөбе облысында 26 мың адам кезек күтуде. Жылдық жоспар бойынша 2 600 пәтер салу қарастырылған. Осы жағдайды шешу керек. Әрине, өңірлерде тұрғын үйлердің көп салынғаны жақсы. Бірақ пәтерге сұраныс көп өңірлерде мүлдем құрылыс жүріп жатқан жоқ. Бұлай болмауы керек. Асқар Ұзақбайұлы (Асқар Мамин, ҚР премьер-министірінің орынбасары – автор) мәселені бақылауға алыңыз», - деді Үкімет басшысы.